Қазақстан болашақта шөлге айналмасын десек...

Қазақстан болашақта  шөлге айналмасын десек...

Көптеген елдерде суға деген көзқарас түбегейлі өзгеруде. Ұлттық әкімшілік органдары кұрылып, оларға сумен қамтамасыз ету саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру және су қорларын пайдалануды реттеу жүктелген. Бүгінгі күні республикамызда орын алып отырған су қорларының тапшылығын және көптеген облыстардың өндірістік бағыты ауылшаруашылығы екенін ескеретін болсақ, тасқын суларды жинауға, көлтабандарды, тоғандарды, бөгеттерді тасқын сулармен толтыруға, көктем-жаз кезінде су    жинауға және оны үнемдеп жұмсауға бағытталған басқа да шараларды жүзеге асыру мәселесі өткір түрде қойылуы тиіс. Соңғы жылдарда жаңа тоспалар мен реттегіш бөгеттерді салу жұмыстарына мән берілмей келеді. Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында пайдаланылып жүрген инженерлік және гидротехникалық құрылымдар профилактикалық және күрделі жөндеуден өтпеген, сейсмикалық тұрғыда күшейтілмеген. Олардың көпшілігі 30 жылдан астам уақыт пайдаланылып келеді. Қазіргі кезде республикада 180-ге жуық су қоймалары, су тораптары, гидротехникалык құрылымдар бар. Көптеген елдердің тәжірибесі, су қорларының дағдарысы, ең алдымен басқару дағдарысынан болатынын айғақтайды, оның негізгі себептері су тұтыну жөнінде шешімдер қабылдау кезіндегі салалық тәсілдермен және су пайдалануды реттеудегі тиімсіз экономикалық әдістермен сабақтас. Сондықтан заңда барлық мүдделі тараптардың қатысуларын көздейтін тиімді басқарудың қағидаттары, шешімдер қабылдаудың ашықтығы, халықты сумен қамтамасыз ету мүмкіндігінің әділдігі, есеп берушілік пен жүйелілік кана емес, сонымен бірге демократиялық негізде су шаруашылығын жүргізу үшін жасалатын жағдайлар белгіленді, соған сәйкес мемлекеттік басқару органдары суларды ұтымды пайдалану мен корғау жөніндегі бағдарламаларды әзірлеу және іс-шараларды жүзеге асыру үшін тұрғын халық пен жұртшылықты іске тартулары қажет.

Су қорларын пайдалану тұрғысындағы әлемдік үрдіс экономикалық дамудың өсуіне байланысты ішкі континентальды сумен қамтамасыз ету жүйесіне түсетін салмақ ұлғаяды да, таяу онжылдықтар ішінде атап айтқанда тұщы су аса маңызды және өте тапшы табиғи ресурсқа айналатынын көрсетіп отыр.  Сондықтан әлем елдерінің алдында су қорларының үдемелі жетімсіздігін еңсеру міндеті түр. Су объектілерінің жақсы экологиялык күйін сақтауға және орнықты су пайдалануды қамтамасыз етуге мемлекеттердін қабілеттіліктері, әлеуметтік-экономикалық даму перспективалары мен елдердің қазіргі және келешек ұрпақтарға лайықты жағдайлар туғызу мүмкіндіктері белгілейді. Су шаруашылығының казіргі деңгейін жетілдіру үшін барлық гидротехникалық құрылымдарды күрделі жөндеуден өткізіп, жаңалап қайта құру қажет. Сонымен катар су шаруашылығының жаңа нысандарын жобалап, құрылысын жүргізуді де қолға алатын уакыт келді. «Ауыл жылдары» бағдарламасын жүзеге асыруға орай Президент өз жолдауында «...су қатынастарын ретке келтіру» және «гидротехникалық кұрылымдарды кайта құруды жүйелі түрде шешу» мәселелерін алға қойды. Мәселен, Президенттің Жарлығымен бекітілген мемлекеттік аграрлық  азық-түлік  бағдарламасында  ауылшаруашылығында суды пайдаланудың тиімді жүйесін қалыптастыру мәселесіне айрықша назар аударылған. Осыған байланысты, алдағы жылдары вегетация кезінде суармалы егіншіліктің суға деген қажеттілігін өтеу үшін қазіргі кезде жұмыс істеп тұрған ірі гидромелиоративтік кұрылымдарды және су шаруашылығының каналдарын қайта құру және қалпына келтіру, жаңа мелиоративтік жүйелерді салу сынды өзекті мәселелерді шешу арқылы ғана жүзеге асыруға болатынын ескеруіміз керек. Бұл мүмкіндіктерді пайдалана алмасақ, болашақ ұрпақ мұны ешқашан кешірмейді. Себебі, жоғарыда келтірілген су шаруашылығының казіргі кездегі және болашақтағы өте маңызды мәселелерін жолға қою, су шаруашылығының жоғары білікті мамандары жеткілікті болғанда ғана жүзеге асары кімге болса да аян болса керек. 

Енді оны ел Үкіметі болып қолға алып, шара қабылдауға кірісті. Себебі елге шынымен қауіп төнді. Жалғыз біздің мемлекет емес, барлық елде суға зәрулік туындай бастады. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Республикамыздағы су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесін көтерген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне жеке тоқталып өткім келеді. Бұл күрделі болғанымен, шешімдері мемлекет экономикасы мен ұлт денсаулығына айқындаушы ретінде ықпал ететін күрделі әрі стратегиялық маңызды мәселе. Мәселемен экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі айналысады. Су ресурстары проблемасымен айналысатын өзге қандай да бір ведомство құрылмайды», – деді. Президент тапсырмасына сәйкес, аталмыш министрлік 10 негізгі басымдықтан тұратын даму бағдарламасының тұжырымдамасын әзірлеп, соған орай су үнемдейтін технологиялар енгізу, Қазақстанның бүкіл аумағында 28 су қоймасын салу сияқты бірқатар шараны қабылдады. 

Атам қазақ: «Судың да сұрауы бар», – деп өте дұрыс  айтқан. Судың шын сұрауы енді туғандай. Бүгінгі күнге дейін «Қазақстан болашақта су тапшылығына ұшырауы мүмкін» деген мәселені ғалымдар көтеріп келген-ді.  

Шынын айтсақ, Қазақстанның су тапшылығынан қауіптенетін жөні де бар. Себебі су көздеріне деген қажеттілік, тұтыну көрсеткіші енді 20 жыл ішінде 56 пайызға жетеді деп күтіліп отыр. Ең бірінші мәселе – трансшекаралық өзендер жағдайы. Еліміздегі суы мол, ұзын аққан өзен атаулының дені басын сырттан алады. Іле мен Ертіс Қытайдан келсе, Сырдарияның басында Өзбекстан мен Қырғыз Республикасы отыр. Жайықтың бастауы – Ресей жеріндегі Орал тауында. Сондай-ақ Шу өзені де Алатау асып жетеді. Бұлар – еліміздегі негізгі су көздері. Ертістің суы азайса, Зайсан көліне, Іленің суы азайса, Қапшағай мен Балқашқа, Жайықтың суы тартылса, Каспий теңізінің ертеңіне зиян келеді. Сырдың суы дария бойын жайлаған тұтас аймақ пен беті бері қарай бастаған Аралға қауіп төндіреді. Алайда келешектің тізгіні «тіршілік көзінде» тұрғанын жақсы білетін мемлекеттер су аяғындағы елді есіркеп, тегін дүние ұстатпасы анық. Осыған байланысты Қазақстан «Су ресурстарын басқарудың 2020-2030 жылдарға арналған бағдарламасы» жобасын дайындауға кірісті. Бұл әрине, ең маңызды бағыттың бірі. Себебі трансшекаралық өзендердің тағдыры дегеніміз – өзеннің аяғындағы мемлекеттің тағдырын шешетін жағдай. Сондықтан біздің үкіметке су қорларын корғаудың және тиімді пайдаланудың нормативтік-құқықтық негіздерін жетілдіру мәселелерін трансшекаралық өзендерді пайдаланатын мемлекеттермен бірлесіп шешіп, олармен арадағы қарым-қатынастарды реттеуді келісімшарт жолымен шешуге тура келеді.

 

Ермек Сахариев
03.02.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 70
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 592
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 708
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 621
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 631

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8767
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8166
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11395
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9149
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10380