ҚАЗАҚСТАН-ИРАН БИЗНЕС ФОРУМЫНДА 92,8 МЛН АҚШ ДОЛЛАРЫНА 10 КОММЕРЦИЯЛЫҚ КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Өткен демалыс күндері Иран Ислам Республикасының астанасы Тегеранда Қазақстан мен Иранның бизнес-форумы өтті. Оған 50-ден астам қазақстандық кәсіпкер мен 230 ирандық бизнес өкілі жиналды. Форум ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Иранның ауыл шаруашылығы министрі Голамрез Нури Гезельдженің төрағалығымен ұйымдастырылды. Тараптар өзара тиімді ынтымақтастық үшін елеулі әлеуетке ие екенін айтып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Форум аясында B2B кездесулер, сондай-ақ келісімдерге қол қою рәсімі өтті. Қазақстанның сауда-экономикалық миссиясы барысында жалпы сомасы 92,8 млн АҚШ долларына 10 коммерциялық құжатқа қол қойылды, бұл Иран мен Қазақстан арасындағы сауда қатынастарын нығайтудағы маңызды қадам. Өз кезегінде Қазақстан Иран нарығына 250 млн доллар сомасына 75 өнім түрін жеткізуге дайын екенін білдірді.
Жұмыс сапары аясында Арман Шаққалиев Иранның орталық мемлекеттік органдарының өкілдерімен, соның ішінде ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, шахталар және сауда министрлерімен, сондай-ақ жол және қала құрылысы министрімен келіссөздер жүргізді.
Қазақстан ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ Иранға ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді ұлғайтуға үлкен мән беруді жалғастыруда. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 340 млн долларды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,3%-ға артық. Екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі болып табылатын ауыл шаруашылығына ерекше назар аударылды. 2024 жылдың 12 айында Қазақстан мен Иран арасындағы ауыл шаруашылығы өнімінің тауар айналымы 219,8 млн долларды құрады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33,3%-ға артық. Қазақстан бидай, арпа, ұн және өсімдік майларын жеткізуді ұлғайтуға мүдделі. Иран дәстүрлі түрде Қазақстанның астық экспорты бойынша негізгі серіктестерінің бірі болып табылады және таяу жылдары Қазақстан астық экспортын ұлғайтуға ниетті.
Иранның ауыл шаруашылығы министрі Голамреза Нури Гезельджемен кездесуде «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы« АҚ Бас директоры Айтмұхамед Алдажаров Тегеранда Қазақстанның «QazTrade» тауарлар мен қызметтер экспортын ілгерілету жөніндегі ұлттық институтының серіктестік кеңсесін ашуды ұсынды. Бұл кеңсе қазақстандық кәсіпкерлерге жаңа серіктестер табуға және Иран нарығында өнімді тиімді жылжытуға мүмкіндік береді.
«QazTrade» екіжақты сауда қатынастарын дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде және қазірдің өзінде Иранда үш табысты сауда-экономикалық миссияны ұйымдастырды. Олар - 2021 жылы (11-12 қазан), 2022 жылы (21-22 ақпан) және 2023 жылы (24-26 сәуір) өткен сауда экономикалық миссиялар. Осы миссиялардың қорытындысы бойынша маңызды келісімшарттарға қол қойылды: 2021 жылы 16 қазақстандық тауар өндіруші 5 млн АҚШ долларынан астам сомаға келісімге қол қойды, 2022 жылы 14 млн АҚШ долларынан астам сомаға келісімге қол қойған 15 компания қатысты, 2023 жылы 20 компания 60,4 млн АҚШ доллары сомасына экспорттық келісімшарттарға қол қойды.
Сонымен қатар, сапар барысында Қазақстанның сауда министрі Иранның 100 ірі кәсіпкерін қамтитын «Корафарин» кәсіпкерлер кеңесімен кездесті. Кездесуде сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары, сондай - ақ химия өнеркәсібінен тоқыма және орман өнеркәсібіне дейінгі әртүрлі салалардағы тауарлар өндірісі мен сұранысына қатысты мәселелер талқыланды.
Арман Шаққалиевтің жұмыс сапары Каспий өңірі елдерінің сауда-өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы ынтымақтастығын дамытуға арналған үшінші Каспий экономикалық форумының пленарлық сессиясына қатысуымен жалғасуда. Министр өтпелі тарифтерді белгілеу, жүктерді декларациялау, бірыңғай IT-шешімдерді қолдану және транзиттік жүктерді шығару мәселелерін талқылай отырып, ТМТ дәлізі шеңберінде бірлескен жұмысты нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Арман Шаққалиев Қазақстанның транзиттік және экспорттық мүмкіндіктері көрші елдердің инфрақұрылымдық мүмкіндіктеріне де байланысты екенін айтты.
Túrkistan oblysynyń ákimdigi
18.02.2025
117
Ұқсас жаңалықтар
Бас прокуратураның баспасөз қызметі - 24.02.2025 1325