«Қазақстанға бір сәттік, алдамшы жетістіктер керек емес»

«Қазақстанға бір сәттік, алдамшы жетістіктер керек емес»

Жалпы барлық мемлекет Олимпиадаға ең мықты спортшыларын жібереді. Шын мәнінде, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, әлемдік бәсекеде жеңіске жету оңай емес. Мұндай жаһандық додада ел қоржынына түскен әр медальдің орны айрықша. Сондықтан бүгін мен Олимпиада жүлдесіне ие болған барша спортшыларымызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Жеңіс жолында спортшы ғана емес, сол саланың көптеген мамандары да тер төгеді. Мен бапкерлерге, спортшыларды дайындауға үлес қосқан басқа да кәсіп иелеріне алғыс айтамын. Ұлттық Олимпиада комитетінің басшылары жұмысқа жаңа серпін беріп, халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін маңызды қадам жасады. Жауапты сәттерде спортшыларымыздың қасында болып, қолдау көрсетті. Ұлттық Олимпиада комитеті бастаған істі жалғастырып, алдағы уақытта нақты нәтижеге жетеді деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Париждегі бәсеке олимпиадалық спорт түрлерін одан әрі қолдау маңызды екенін көрсетті. Өйткені кейбір спортшыларымыз жеңіс тұғырына қол созым жерден тоқтады, үздік ондықтан көрінді. Бұл олардың шеберлігін әрі жеңіске деген ерік-жігерін байқатады. Әйтсе де, Мемлекет басшысының пікірінше, кәсіби спортта шешімін күткен түйткілді мәселелер де баршылық.

– Мемлекет ең жоғары деңгейдегі спортшыларды дайындауға жеткілікті мөлшерде қаржы бөледі. Сондықтан жұртшылықтың халықаралық жарыстарда кейбір спорт түрлерінен жүлде күтуі – заңдылық. Салалық ведомство спорттың олимпиадалық түрлерін дамыту ісінде кеткен жүйелі қателіктерді егжей-тегжейлі талдауға тиіс. Кешенді реформа жасайтын уақыт келді. Ал оны жүзеге асыру үшін құзыретті министрлік, Ұлттық олимпиада комитеті және спорт федерациялары үйлесімді әрекет етуі керек. Спортта әділ бәсекелестік рухы салтанат құруы қажет. Жемқорлықпен табанды түрде күресіп, жоғары нәтижеге қол жеткізуге кедергі келтіретін протекционизм секілді факторлардан іргені аулақ салған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы бұқаралық, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер спортына баса мән беру қажет екенін айтты.

– Бұл – өте маңызды міндет. Себебі бұқаралық спортты дамыту арқылы біз кәсіби спортқа жол ашамыз және ең бастысы, ұлт саулығын жақсартамыз. Сондықтан мемлекет спорт инфрақұрылымын дамыту үшін тиісті қаражат бөлуде, яғни балалардың жастайынан алаңсыз спортпен шұғылдануына қажетті жағдайды жасап жатыр. Еліміздің аймақтарында 20 мыңнан астам спорт алаңдары жұмыс істеп тұр, 16 мыңнан аса арнайы кешендер мен залдар бар. Осы нысандардың барлығы толыққанды қызмет етуге тиіс және спортпен айналысамын деген әрбір адамға қолжетімді болуы керек. Барлық облыс орталығында және аудандарда футбол, бокс, күрес, баскетбол, волейбол, садақ ату, үстел теннисі, шахмат және тағы да басқа танымал спорт түрлерінің секциясы болуға тиіс. Бұл – әкімдердің міндеті. Ал Үкімет спорт нысандарының жұмыс тиімділігіне сараптама жүргізіп, осы мәселе бойынша тиісті шаралар қабылдағаны дұрыс, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев спорт резервін әзірлеу ісінде Балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептері негізгі рөл атқаратынына назар аударып, олардың жұмысын жүйелеу жөнінде мәселе қозғады.

– Елімізде 500-ден астам Балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі бар. Бірақ олардың қызметінде түйткілді мәселелер аз емес. Осындай мектептердің бағдарламасына кірген 162 спорт түрінің тек 52-сі ғана олимпиадалық спорт түріне жатады. Сондықтан олимпиадалық спорт түрлерінің резервін толықтыратын қабілетті балалар жетіспейді, сайып келгенде спорттағы жоғары жетістіктердің нәтижесі нашарлайды. Қаржының дұрыс бөлінбеуінен бюджет ақшасының басым бөлігі «желге ұшады, – деді Президент.

Мемлекет басшысы ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше мән беріліп жатқанына назар аударып, елімізде өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының мән-маңызына тоқталды.

– Бұл сайыс арқылы біз, ең алдымен, төл өркениетіміздің тамыры терең тарихын жер-жаһанға паш етеміз. Сондай-ақ дүбірлі дода түрлі елдердің достығын нығайтатын маңызды қадам болмақ. Көшпенділер ойындары экологияны сақтау, Қазақстанды жасыл елге айналдыру және абаттандыру тақырыбын көтеруге жақсы мүмкіндік береді. Олимпиада кезінде түбі бір түркі жұрты өзара тілектестік пен жанашырлықтың шынайы үлгісін көрсетті. Спортшылар да, жанкүйерлер де көрші елдердің әрбір жеңісіне шын жүректен қуанды. Бір-біріне қолдау білдіріп, қажет болса көмектерін де аяған жоқ. Тіпті, балуандарымыз жеңіс тұғырына туған бауырлар сияқты бірге көтерілді. Халықтар арасындағы риясыз достық дегеніміз – осы! Шын мәнінде, бұл – баға жетпес байлық. Біз барлық салада бір-бірімізге тілектеспіз. Көшпенділер ойындары бауырлас елдердің осындай мызғымас бірлігін бекемдей түспек. Сондықтан оны жоғары деңгейде ұйымдастыруымыз керек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, біз үшін бұқаралық спортқа жүйелі қолдау көрсету, жан-жақты дамыған, салауатты ұлт қалыптастыру маңызды екенін еске салды.

– Біз осы мақсатта денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, білім, ғылым, мәдениет және спорт салаларында ауқымды реформалар жүргізіп жатырмыз. Сондықтан қалайда медаль алу – біздің жол емес. Бұған дейін жалған атақтың жетегіне еріп, түрлі қитұрқы әрекеттер жасалғаны бәрімізге мәлім. Соның нәтижесінде көптеген спортшы денсаулығынан айырылды. Олар спорттан біржолата кетті. Еліміздің абырой-беделіне нұқсан келді. Қазақстанға бір сәттік, алдамшы жетістіктер керек емес. Жұрттың біз туралы не ойлайтынына алаңдамай, төл болмыс-бітімімізді сақтауымыз керек. Жан-жағымызға жалтақтамай, алға қарай батыл әрі жүйелі қадам басуымыз қажет. Кез келген нәрсеге бола салымыз суға кетіп, күңірене бергеннен, күйзеліске түскеннен пайда жоқ. Бұл жөнінде мен бұған дейін де айтқан едім. Біздің мақсатымыз баршаға айқын. Бұл – озық ел болу. Сондықтан біз бір ел, бір халық болып, тек алға қарай жүруіміз керек. Олимпиаданың ең басты құндылығы – медаль ғана емес. Жаһандық бәсеке кезінде тұтас еліміз өзара тілектес, ниеттес болды. Ең басты құндылық – осы, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Паралимпиада ойындарына қатысатын спортшыларымызға сәттілік тілеп, Париж Олимпиадасында ел намысын қорғаған спортшылар мен бапкерлерді мемлекеттік наградамен марапаттады.

Сонымен қатар салтанатты жиында Олимпиада чемпионы, дзюдошы Елдос Сметов, байрақты бәсекенің қола жүлдегерлері, мерген Александра Ле мен боксшы Назым Қызайбай сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.

 

Ертай Айғалиұлы
28.08.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 195
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 189
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 698
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 821
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 734

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8889
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8284
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11512
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9268
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10496