– Дәулетбек Байтұрсынұлы, Асқаралы алпыс жасыңыз құтты болсын! Елге келіп, атажұрттағы ағайынның рухани әлеміне қызмет етіп жүргеніңізге де отыз жыл болған екен. Әңгімені Қазақстанға атбасын бұрған ұлы сапардан бастасақ...
– Ілтипатыңызға рақмет! Мен ҚХР-дағы Іле Қазақ автономиялы облысы, Мұңғұлкүре ауджанында (Өртекесте) 1964 жылы 8 наурызда өмірге келгемін. 1988 жылы Үрімжі қаласындағы Оқу-ағарту институтының физика факултетін бітірдім. Мектепте мұғалім болып жұмыс бастадым. Мен туған өлке ежелгі Үйсін мемлекетінің ескі жұрты. Астанасы Саты (Шаты) қаласы салынған мекен. Ол туралы қытайлық жазушы, ғалым Сұлтан Жанболатовтың «Елжау күнби» деген дилогиясы бар.
«Алпысқа келдіңіздер,
Бәрін де көрдіңіздер,
Бәріне көндіңіздер,
Бәріне сендіңіздер,
Бәрін де бердіңіздер,
Сіздер алпысқа келдіңіздер,
...Алпысқа келсек екен, енді біздер...» деген Мұқағалидың жырына алғаш кездескен де 20 жаста едім. Ол кезде алпыс дегенді өте алыс, өте ұзақ көретінбіз. Міне сол, Мұқаң аңсаған, Мұқаң армандаған алпысқа қалай тез жетіп қалғанымызды аңғармай отырмын...
Өмірге келгелі Қазақстанды біліп өстік десем артық болар. Біз ес біліп, етек жапқанда көнекөз қария, ауыл ақсақалдарынан әңгімелер еститін едік. Олардың арасынан Қазақстанда туған, әсіресе, Алматы облысында туған, жетісу жерінен «қилы заманда» Қытайға өткен кісілер көп кездесетін. 1930 жылдардың кезіндегі қуғын-сүргін, үркіншілік кезде Кеңестер одағынан қытайға асқан ата-әжелерім бастары құралғанда әңгіменің тиегін ағытып өткен күндер туралы сыр шертетін (менің «Несібелі апа» деген хикаятым сол әңгімелердің туындысы). Біз ең әуелі ата-бабамыздың мекенінің қайда екенін сол кісілер арқылы білдік. Балалық шақта Алматыдан таратылатын «Қазақ радиосы» мен «Шалқарды» көп тыңдадық. Радио арқылы әдебиетті, өлең-жырды, түрлі ақпараттарды жата-жастана еститінбіз. Әне сол екі жағдай бізді іштей тәрбиелеп, үздіксіз дайындап келген екен. Кейін 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін жариялағанда бөркімізді аспанға лақтырдық. Сол күннен бастап жол іздеп, отанға кету туралы іздене бастадық.
Сөйтіп жүргенде 1993 жылы қытайлық жазушылар Жақсылық Сәмитұлы, Әрмиябек Сағындықұлы, Ғалым Қалибекұлы, Тұрсынхан Зәкенұлы қатарлы төрт кісінің Қазақстанға отбасы, бала-шағасымен көшіп өтуі Қытай еліндегі зиялы жұрт арасында үлкен дүмпу тудырды. Сол қарсаңда әдебиетшілер Дукен Мәсімхан, Мырзабек Әкпарұлы, Әлімжан Әшімұлы, Серік Қапшықбайұлы, Алмас Ахметбекұлы, Ермұрат Зейіпханұлы... қатарлы азаматтардың бірінің артынан бірі атажұртқа атбасын бұруы үлкен жаңалық болды. Бізде тәуелсіздікті ала сала мұндағы туыс-туғандарымыз арқылы шақыру алдырудың қамында болдық. Шақыру қағазы қолымызға 1993 жылы тиді. Біз паспорт жасатудың машаққатты жолдарынан өтіп, Бежіңге барып виза аштырып болғанша 1994 жылға аяқ бастық. Сонымен ақын Құл-Керім Елеместің отбасы екі дос 1994 жылы 31-ші маусым күні Шекарадан өтіп, Алматыға келдік.
Сол жылдары Қазақстанға көшіп келгендердің дені ақын-жазушылар және өнер адамдары болатын. Бұл тұтас елдегі әр саланың азаматтарына үлкен ықпал етті. Осылайша 1962 жылы жабылған екі елдің шекарасы 30 жылдан кейін қайта ашылды. Қырғиқабақ соғыс аяқталып, шекараның екі жағында бөлініп қалған, атажұрттан алыстап қалған ағайын қайтадан қауышты. Біз әне сол тәуелсіз елімізге оралған «тұңғыштар» едік. Содан бері отыз жыл өте шықты, сондағы жетелеп өткен балаларымыз атпал азамат болды. Білім алып, есейіп ержетті, отбасын құрып тамырын жайды. «Елге ел қосылса, құт болады», «Көп ауған жаққа Қызыр ауады» деген бабаларымыздың айтқаны айдай келіп тәуелсіздіктен бері келгені бар, туып өскені бар қандастардың қатары бір милионнан асты.
– Тәуелсіздіктен кейін Қытайдан елге оралған азаматтар тым көп емес еді. Қиындықты да, қызықты да, осындағы елмен бірге өткеріп келе жатырсыз. Мұнда келгеннен кейінгі қызмет жолыңыз қалай болды?
– Мен 1994 жылы 31-ші маусым кеште Алматыдағы әпке-жездемнің үйіне келіп түстім. Он күн шамалы құжаттарымызды рәсімдеп тіркеуден өттік. Онан соң ата-бабамның қонысы Нарынқол ауданына (Райымбек ауданына) тарттық. Ол жақтағы ел-жұртты аралап туыстармен шұрқыраса қауыштық. Қайта айналып Алматыға келіп табан тіреп, біражолата қалудың қамына кірістік. Алғашқы жұмысым Қарасай ауданы Жандосов ауылынан басталды. Әл-фараби атындағы ҚҰУ-да қызмет ететін досымыз Дукен Мәсімханұлының жол бастауымен әдебиетші ғалым Алма Қыраубаева әпкемізбен таныстық. Ол кісі Қазақстандағы ең алғашқы жеке меншік оқу орыны «Лицей» ашқан екен. Мен физика және математика мұғалімі болып жұмысқа тұрдым. Тамыз, қыркүйек, қазан айларында лицейде болып, жеке бір себептерге байланысты Алматыға қайтып келдім. Сол жылы қарашада «Жоғары кеңестің» газеті «Халық кеңесіне» жұмысқа тұрдым. Менің ол ортаға қосылуыма жазушы, сол кездегі «Ауыл» газетінің бас редакторы Ділдар Мамырбаева әпкеміз себеп болды. «Халық кеңесі» газетіндегі бас редактор Жұмабек Кенжалин, орынбасары Жанболат Аупбаев, жауапты хатшы Қыдырәлі Қойтаев ағалар қамқорлық жасап Секратарият бөліміне жұмысқа алды. Әне сол күннен баспасөздегі қиындығы да, қызығы да мол күндер басталды.
Одан кейінгі жылдарда мүфтияттан шығатын «Ислам және Өркениет» газетінде бөлім редакторы, Қазақстан Жазушылар одағынан шығатын «Әдебиет айдыны» газектінде редактордың орынбасары, халықаралық «DA Qazakhstan» журналында бас редактор болып қызмет еттім. Енді міне, балаларға арналған республикалық «Мөлдір бұлақ» журналында бас редактор болып істегеніме үш жыл болды.
Қытайда жүргенде он жыл білім саласында қызмет істедім. Қазақстандағы отыз жылдың көбін баспасөзде өткіздім. Аралықта 2000-жылдардың басында күн көрістің қамын жасап базарға бір кіріп шықтым. Олда жаман болған жоқ, баспаналы болдым. Кәсіпкерліктің, сауданың артынан кеткім келмеді. Базардан шығып баспасөзге қайтадан қосылдым. Өйткені мен Қазақстанға үш мақсатпен оралып едім. Бірінші, тәуелсіз қазақ елінің еркін азаматы болып өмір сүрейін дедім. Екінші, ұрпағым ата-бабасының мекенінде өмір сүрсін, білім алсын дедім. Үшінші, шығармашылығыма өріс ашайын, орта табайын деп келген едім. Сондықтан да, аш болсам да, тоқ болсам да, бар болсам да, жоқ болсам да газет-журналдан алыстағым келмеді. Өзім мақсат еткен жанқалауың соңынан көз жазып қалмай көкжиекті бетке алдық.
– Атажұрттан не аламын деп емес, не беремін деп келген азаматтардың бірі өзіңіз болдыңыз. Енді шығармашылығыңыз туралы тоқтала кетіңізші.
– Шынын айтқанда Қытайдан кеткен 1994-жылдары ол жақта жылымық саясат есіп, аузымыз аққа жетіп қалған кез еді. Өз басым оқу орынындағы тәп-тәуір қызметімді, алып отырған айлығымды, басымдағы үйімді тастап кеттім. Санатқа қосылып қалған мемлекеттік қызметкер едім, соның бәрін тәуелсіз отанның азаматтығына айырбастадым. Бұл жақта көп қиыншылық көрдім, жатақханада жүрдім, айлығым шайлығыма жетпей үпі-тәпі күн кештім... Сонда да ешбір өкінген емеспін. Аллаға шүкір, балалар жоғары оқу орындарын бітірді, үлкен қызымыз қыздар педагогикалық университетінде ұстаз, ұлым кәсіпкер, кіші қызым Өскемен қаласында тұрады. Жиендерім, немерелерім бар. Алды мектеп бітуге жақын. 1994 жылы Қазақстан Жазушылар одағына, 2006 жылы Журналистер одағына мүше болдым. Арғы бетте жүргенде аңсаған, армандаған Қазақстан Жазушылар одағында 7 жыл қызмет істедім. Аты мен атағын естіп, алыстан кітаптарын оқыған ақын-жазушыларды көрдік, көбімен сыр-сұқбатта болдық. Республикалық баспасөзде шығармаларымыз шықты, радиодан үніміз таралды, телевизордан бейнеміз көрінді. Осының бәрі Алланың арқасы, тәуелсіз отанның болғаны үшін жүзеге асты.
Қазақстандағы алғашқы сапарым- сол кезде «Ана-тілі» ұлт газетінде қызмет істейтін Ертай Айғали ағаның ықпалымен көршілес бес мемлекетке Авто-шерумен басталды. Қазақстанның 14 облысын, Моңғолияның Баянолгей аймағын, Ресейдің 9 губерниясын, Қарақалпақ автономиялы республикасын, Өзбекстан республикасын аралап шекарадағы қазақтардың хал-жағдайымен танысып шықтық. Әр сала мамандарынан құралған 13 адам 35 күнде жер бетімен көлік арқылы 21 мың шақырым жол бастық. Осы сапардан кейін көптеген мақала жазып, «Ана-тілі» газетіне, «Қазақ елі» газетіне, «Алтын бесік» журналына жариялаттым. Соңғы он бес жылда Қырғыз Республикасы, Өзбекстан Республикасы, Азербайжан, Түркия Республикасында бірнеше реттен болып, ел аралап, су кештік. Соның бәрінде байлығымның немесе мансабымының арқасында емес, Құдай берген қаламның арқасында араладым. 2022-2023 жылдар «Қазақстан дәуірі» ЖШС-ның Бас директоры, Қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызымен бірге «Ауыл аманаты – Ел аманаты» экспедициясымен он облысты аралап елмен, жермен таныстым.
2008 жылдан бері «Күнәсіз мекен», «Мәңгілік мекен», «Сенің арқаң», «Топыраққа сіңген нұр», «Ясин – нұр», «Ақыреттің егіні», «Хылует» қатарлы өлеңдер жинағым жарық көрді. «Өлместің суы бар ма?», «Төлеген оқыған хат», «Өткел» атты прозалық кітаптарым, «Ерлік ескірмейді» деген сын мақалалар жинағым, «Әділет шапқат кім де бар?» деген (сұқбаттар топтамасы) кітабым басылып шықты. Жазушылар одағы «Ан-Арыс» баспасында қызмет істеп жүргеннен бері неше ондаған әдеби кітаптардың редакторы болдым. Жалпы тіршілік пен жұмыс қалам мен қағаздың айналасында өтіп келеді. Бұл жұмыстардың бәрі бейнгеті мол, табысы тапшы, шаш ағартатын ақыл-ойдың жұмыстары. Сонда да науаға тұз төгіп қойғандай өлерменденіп, ашқарақтанып осы салада жүрміз.
Біз Қазақстанға алғаш өте қалған кезде көрнекті қоғам қайраткері, ұлт патриоты, жазушы Айтан Нүсіпхан ағамен таныстық, ол кісінің ұйымдастырып, басымызды құрауының арқасында алғашқы «Қоныс» газетінің жобасы жасалды. Бірнеше дербес номері жарық көрді. Кейін Ол газетті журналист Есенгүл Капқызы Түркістан газетінің қосымшасы ретінде «Қоныс» деген атпен шығарып отырды. 2007-2008 жылдары жазушы Жәди Шәкен мырзаның басымызды қосып «ҮН» журналының айналасына топталдық. Жәди Шәкен бірнеше жыл сол журналды шығарып тұрды, артынан ол жұмысты Қойшыбек Мұбарак жалғастырды. Мен бұл басылымдарда тікелей қызмет еткен жоқпын, қолдаушылық таныттық, шығармаларымыз басылып тұрды.
– Сіздің шығармашылығыңызда әдеби аударма саласын айырықша атауға болады. Қазірге дейін жасаған аудармаларыңыз туралы айта кетсеңіз.
– Аударма дегенде ауыз толтырып айтатын ештеңе жоқ. Өйткені мен Орыс және ағылшын тілдерін білмеймін. Отыз жылда орысшадан жөн сұрайтын тұрмыстық тілдің деңгейінде қалдық. Үлкен аударма жасауға қабілет жетпейді. Қазақ еліне келдік, мемлекеттік тілді білеміз, орысшаның не керегі бар деген, тоқмейлілсуде себеп болды. Енді бала кезімде қытай, ұйғыр, моңғол, қырғыз ұлттарының арасында өскендігім үшін алғашында көшеден, үйренуден, кейін кітап оқудан қалыптасқан ұйғырша, қырғызша тілдерді ана тілім секілді білемін. Осы жағы маған пайдаға жарады. Ұйғыр тілінен екі роман, бір өлеңдер жинағы, екі әңгімелер жинағы, жалпы 5 кітап, қырғыз тілінен 2 өлең кітап, Азербайжан, түрік тілдерінен тіл мамандарының көмегімен 3 өлең кітап, тағы бір ұйғыр, қырғыз, өзбек жазушыларының әңгімелерінен бір құрама жинақ аудардым. Осының бәрі оқырманға жол тартып айналымға шықты. Көркем әдебиетте аударған түбі бір түркі туыстарымыздың шығармалары «Жұлдыз», «Таң-Шолпан», «Үркер» журналдарында жарияланып келеді. Көрпеге қарай көсіліп, шамаға қарай көтеріп жүрміз.
Менің басты жанрым өлең. Қазақ қоғамына келгенде жасым отызда болды. Негізі ол жаста әдеби өмірде қалыптасып болу керек еді. Ал, біз болсақ тыңнан жаңадан бастадық. Өткеннің бәрі, жасаған еңбек, төккен тер арғы бетте қалды. Аумалы-төкпелі кезеңмен жағаласа жүріп жансебіл тірлік кештік. Шығармашылыққа көңіл бөлуден гөрі, жанбағыстың қамы басты орынға шықты. Отбасымыз бар, балалардың оқуы, тұрмыстық қажеттілік дегендей... Сөйтіп жүргенде 1994-2008 жылға дейін 14 жылда бір кітап та шығара алмадым. Соңғы 16 жылда 20 ға жуық кітап шығардым. Соның ішінде біреуі ғана 2008-жылы мемлекеттік тапсырыспен «Мәңгілік мекен» жарық көрді. Ол кітапты одақ жағынан қолдаған ақын Ғалым Жайлыбай, министрлік жағынан дем берген жазушы Тұрлыбек Мәмесейіт ағалар еді. Одан өзге еш еңбегім қанша мәрте ұсынғаныма қарамастан, Мәдениет министрлігінен өткен жоқ. Биыл да бір кітабым кезек күтіп жатыр... Жасым 60 қа келгенде жақсы жаңалық болып қалар ма екен деген үмітім бар. Дегенмен, оқырманымыз бар болса, қолдаушы, демеушілеріміз аман болса, жазғаным тасада қалмайтынына көзім жетті.
Енді бір қызық, 1990 жылдардан осы күнге дейін 35 жыл бойы күнделік жазып келемін. Соның бәрін реттеп, сұрыптап «Өмірдің өзі» деген атпен ISBN алып бес том етіп шығырып, архивіме салып қойдым. Қазір таратудың реті жоқ, уақыт өте келе құнды дүние болатыны анық. Онда қытайдағы бес жыл, қазақстандағы отыз жыл жазылған. Жеке өмірім, қоғамдық үрдістер, жас мемлекеттің қалыптасуы, дүниетаным көзқарастарым хатқа түскен. Соңғы үш жыл бойы «Қазақстан дәуірі» газетімен тізе қоса қимылдап, Сәуле Мешітбайқызының басшылығымен балалар журналы «Мөлдір бұлақты» шығарып жатырмыз.
– Сұқбатыңызға рақмет!