19 Наурыз күні «Қазақтелеком» АҚ-ның Астана қаласында орналасқан Орталық аппаратында Наурыз мерекесіне орай, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған кабинетаралық байқау болып өтті. Ұлағатты істі ұйымдастыруға, «Қамқоршы» Алматы байланыс қызметкерлері кәсіподағы және «Қазақтелеком» АҚ Орталық аппараты жұмысшылары кәсіподағы комитеті (Төрайымы Нағия Смағұлова) мұрындық болды. Шараға қатысушылар ұлттық сипаттағы қолөнер бұйымдарын жасау, кабинетті ұлттық нақышта безендіру, ұлттық ас мәзірін дайындау, шығармашылық қабілетін көрсету сынды бірнеше бағыттар бойынша өзара бақ сынасты. Шараны ұйымдастырушылар бұл байқауға қазылық жасауға «Қазақтелеком» АҚ-ның ардагерлерін шақырған екен. Олардың арасында бір кездері алпауыт компанияның мемлекетік тіл бөлімін басқарған, «Қазақтелекомның» қазақша сөйлеуіне зор үлесін қосқан, ҚР Еңбек сіңірген қайрактері, ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Qazaqstan dauiri» ЖШС-ның Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы, сондай-ақ «Қазақтелеком» АҚ-ның ардагерлері Корнев Александр Анатолийұлы, Ермакина Светлана Иванқызы бар.
Әділқазылар барлық кабинеттерді аралап, қатысушыларыдң өнерлерін тамашалап соңында қортындысын шығарды. Өзара бақ сынаған кабинеттредің қызметкерлері бар өнерлерін салып дайындалған екен. Ұлттық сипаттағы қолөнер бұйымдарының арасында қазақи нақыштағы кілем-кілшелерден бөлек қоршаған ортаға зиянсыз заттарды пайдалана отырып қазақтың құмай тазысын, әшекейлі сандық сынды бұйымдардың модельдерін жасаған қызметкерлердің шеберлігі таңдай қақтырды. Ал, ұлттық үлгідегі кабинетті безендірушілер де аянып қалмапты. Алты қанат ақ орданың нұсқасын кабинеттеріне жарасымды үйлестірген екен. Музыкалық сүйемелдеу және шығармашылық өнер (аспапта ойнау, ән, би, өлең оқу, мақал-мәтел айту т.б.) бағытында дайындалған кабинеттеің қызмекеткерлері шараға қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ұлттық ас мәзірін дайындаған кабинетте буы бұрқыраған сүрі мен наурыз көжеден дәм татудың реті келді.
Конкурс қорытындысы бойынша Бірінші орынға Басқарушылық есеп және есептілік департаменті ие болды. Олар «Үздік қолөнер» номинациясы бойынша алға шықты. Екінші орынға ұлттық ас мәзірін дайындаған Ұйымдастыру-бақылау департаменті жайғасты. Үшінші орын- Музыкалық сүйемелдеу және шығармашылық өнер бойынша көзге түскен Қызметкерлер тәжірибесін басқару бөліміне берілді.
Бағалы сыйлықтарды марапат иелеріне табыстаған қазылар, жылы лебіздерін білдіріп, өздерінің маңдай тері тамған мекеменің болашағына табыс тіледі. Сәуле Мешітбайқызы «Қазақтелеком» АҚ-ның қалай «қазақыланғанын» еске ала отырып, қызықты естеліктерімен бөлісті.