«Қазпошта» ешкімге бағынбайтын мекеме ме?

«Қазпошта»   ешкімге   бағынбайтын   мекеме ме?

2026 жылдың екінші жартыжылдығына баспасөзге жазылу басталды. Бірақ ашығын айтайық: бүгінгі жағдайда бұл – халықты жүйелі түрде алдау. Басқаша айтқанда, баспасөзді тұншықтыру. 

Газет шығарылады. Бірақ сол газет оқырманға уақытында жетпейді. Неге? Өйткені «Қазпошта» өз міндетін дұрыс атқарып отырған жоқ. Сейсенбі күні шыққан газет оқырманға бейсенбіде жетеді. Жұма күнгі газет дүйсенбі күні жетеді.  Бұл енді проблема емес. Бұл – масқараның өзі.

 

«Қазпоштаның» республикалық басшылығына, нақты айтқанда, Бағлан Оразбайұлына тағы хабарластық. Тағы да сұрадық. Тағы да үміттендік. Ал жауап сол баяғы:

– Аптасына екі рет жеткіземіз! 

– Сонда сіздер халыққа «мерзімді басылым емес, «ескірген қағаз» жеткізіп отырғандарыңызды түсінесіздер ме? 

– Түсінеміз, бірақ басқа мүмкіндік жоқ…

– ???

«Қазпоштамен» арадағы әңгіме осымен аяқталды. 

«Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» – елдің ресми үндері. Бес рет шығатын осы басылымдар аптасына екі-ақ рет тарайды. 

Мүмкін кешіккен газеттерді халыққа таратпай тікелей архивке апарып тапсыру керек болар?.. 

Оқырман ақша төлейді – бірақ тауар жоқ.

Редакция еңбек етеді – бірақ еңбегі желге ұшады. Мемлекет ақпараттық саясат жүргізеді, бірақ оны халыққа жеткізе алмайды. Ең қауіптісі – бәрі бұған үйреніп кеткен.

Біз неге бұған көнуіміз керек? Неге сапасыз қызметті қалыпты деп қабылдауымыз керек? Неге оқырман құқығы аяққа тапталуы тиіс? Бұл жай ғана кешігу емес. Бұл – ақпаратты өлтіру. Баспасөзді тұншықтыру. 

Бұл жерде бір ғана шындық бар: Жауапсыз жүйе бар. Жауап беретін адам жоқ.

Енді СҰРАҚ емес, ТАЛАП:

НЕ «ҚАЗПОШТА» ЖҰМЫСЫН ДҰРЫСТАУ КЕРЕК, НЕ БҰЛ МӘСЕЛЕ АШЫҚ ТҮРДЕ САЯСИ ДЕҢГЕЙДЕ ҚАРАЛУЫ ТИІС!!! 

Алда үлкен саяси науқан, сайлау! Бұл орайда мерзімді басылымдарға артылатын жүктің жеңіл болмасы белгілі. Сондықтан баспасөздің бұл проблемасы енді тек бір редакцияның емес, бұл – бүкіл қоғамның мәселесі.

 

Шара ТҰРМАҒАНБЕТОВА

16.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24418
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24082
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41528
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37434
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41789