Жақында Түркістан қаласында «Қазыналы керуен – 2024» акциясы өтті. Облыстық мәдениет басқармасының бастамасымен «Фараб» кітапханасы ұйымдастырған іс-шараның кезекті көшін Төлеби, Сайрам және Түлкібас аудандары жалғамақ.
Кітапханашылар «Сақ патшайымы – Томирис», «Қазақ хандығы. Абылай Хан», «Алаш зиялылары», «Тұрар. Тарих. Тұлға» атты тақырыптарда әр дәуірдің тұлғалары жайында сахналық қойылым қойды. Одан кейін Түркістан облысынан шыққан ақын-жазушылардың туындыларынан әдеби композициялық көрініс көрсетілді. Оның ішінде Сайрам аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Туған жерім тұғырым», Төлеби аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Төлебидің ғажайып өрнектері», Түлкібас аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Шырайлы – Шұбарқызылым» атты тақырыптардағы әдеби композицияларды көрермен назарына ұсынды.
Іс-шараға Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Мәрсәлі Кеңес, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі, облыстық медиация кеңесінің төрағасы, «Бітімгер» медиаторлар қоғамдық бірлестігінің басшысы Бақытжан Бейсембаев, еңбек ардагері Хамза Пәйзіұлы, Түркістан қаласы әйелдер алқасының төрайымы, ҚР Мәдениет қайраткері Ұлжан Мұстафаева, әдістемелік-инновациялық қызмет бөлімінің меңгерушісі Дана Байдәулетова қатысып, акцияның оқырманға берері мол екенін ұғындырды.
Айта кетейік, акцияның мақсаты – өңір тарихын насихаттау. Кітапхана оқырмандарының таным көкжиегін кеңейтуге ықпал ету.