Қоғамдық көлік: Қолайлы қатынас па, әлде қиямет-қайым ба?

Қоғамдық көлік:  Қолайлы қатынас па, әлде қиямет-қайым ба?

Жолаушылар жайлылығы  қай деңгейде?

 

Астана –  Қазақстанның саяси орталығы ғана емес, сонымен қатар қарқынды дамып келе жатқан мегаполис. Қала халқының саны өсіп, жаңа тұрғын үйлер, бизнес орталықтар және мәдени нысандар салынған сайын қоғамдық көлік жүйесіне деген сұраныс та артып келеді. Бұл өз кезегінде автобустардың қозғалысына қатысты бірқатар проблемаларды туындатуда. Астана қаласы үшін қоғамдық көлік мәселесі – тек күнделікті өмірдің маңызды бөлігі ғана емес, қала тұрғындарының көңіл күйіне тікелей әсер ететін, заман талаптарына сай шешілуі тиіс өзекті сұрақтардың бірі. Дегенмен, қала тұрғындарының пікіріне сүйенсек, бұл салада шешімін күткен мәселелер аз емес көрінеді.

 

Автобустардың жиілігі мен бағыты

 

Астана қаласының тұрғындары, Алмагүл Тастан мен Жұлдыз Амантайдың айтуынша, көп автобустарды ұзақ күтуге тура келеді.  Бұл әсіресе қыста және жаздың аптап ыстығында қиындық тудырады. Сол сияқты, қала шетіне қатынайтын автобустардың тапшылығы да тұрғындарды алаңдатады.

Алмагүл Тастан: 

– Қоғамдық көліктерге жалпы көңілім толады не толмайды деп кесіп айта алмаймын. Өйткені бір жыртығын жамасаң, екінші бірі шыға келеді. Мәселен, №30 автобусты алайық. Біреуінен қалып қойсаң, келесісін сарыла күтуге тура келеді. Әсіресе, қақаған қыс пен шіліңгір шілдеде халықтың мазасы қашады. Жиілік үрдісі бәрінде бірдей жақсы десек, оған да шағым көп. Мәселен, мен жиі қатынайтын №21 автобустың жиілік үрдісі әртүрлі. Оның нақты уақыты бекітілмеген. Көлік тапшылығы әсіресе қала сыртынан қатынайтындарға байқалады дегеніміз жөн болар. Кешкі мезгілде автобустағы иін тірескен адамдар соған дәлел болмақ.

Жұлдыз Амантай: 

– Автобустардың жиілігі қазіргі уақыттағы ең өзекті мәселердің бірі. Белгіленген орынға уақытылы жете алмай жатамыз. Сондай-ақ көрсетілген арнайы графиктер бойынша уақытылы келмей жатады. Бұл бізге қолайсыздық тудырады. Автобустың бағыттарын қарап, қадағалап отыратын қосымшалардың жұмысын жақсарту қажет. Автобус жүретін жолдарды реттеп, қатаң ережелерді бекіткен жөн деп ойлаймын.

 

Санитарлық жағдай және жүргізушілер мәдениеті

 

Көлік тазалығы – жолаушылар үшін маңызды факторлардың бірі. Алмагүл Тастанның айтуынша, кейбір автобустардың ішкі тазалығы көңіл көншітпейді. Сонымен қатар, жүргізушілердің дөрекілігі мен эмоционалдық тұрақсыздығы жолаушыларға ыңғайсыздық туғызатыны сөз болды, қалай дегенмен бұл мәселе бір жағынан халықтың мәдениетсіздігін көрсетеді. 

Алмагүл Тастан:  

– Тағы бір үлкен мәселе –  ішкі санитарлық талаптың сақталмауы. Көпке топырақ шашпаймын, бірақ  тиісті тазалықты сақтамайтындары баршылық. Содан соң жүргізуші мырзалардың дөрекілігі. Мәдениетсіздікке себеп болатын адамдарды да жоққа шығара алмайсың. Әйтсе де эмоционалдық тұрақтылықты сақтап, өзгелердің өміріне қауіп төндіретіндей ахуал туғызбау керек. Салондағы температура да бір проблема. 

Тағы бір проблема күннің белгілі уақытында, әсіресе таңертеңгі және кешкі уақытта автобустардың жүктемесі арта түседі. Ұзақ күткен жолаушылар автобусқа кіргесін бос орын түгілі еркін тұратын орын таппай қиналады. Бұл, өз кезегінде, жол қозғалысын бәсеңдетіп, қаладағы көлік кептелісін ұлғайтады. Мәселені шешу үшін қосымша автобустар мен жаңа көліктерді іске қосу, сондай-ақ көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру шараларын қабылдау қажет. Қоғамдық көліктің сапалы әрі тұрақты қызмет көрсетуі үшін қажетті ресурстар мен шешімдер талап етілуі қажет.

 

Жолақы тарифтері мен жеңілдіктер

 

Қазіргі уақытта Астанадағы автобус жолақысы тұрақты болғанымен, кейбір топтар үшін бұл баға ауырлық етеді. Жұлдыз Амантай студенттер үшін арнайы жеңілдіктер қарастырылса деген ұсынысын білдірді: 

– Студенттер үшін қолайсыз деп санаймын. Олар үшін арнайы тариф қойылып, бағасы сәл арзанырақ болса жақсы болар еді. Сол жағынан арнайы жеңілдіктер қарастырылса деп ойлаймын.

 

Аялдамалардың жайы

 

Аялдамалардың арақашықтығы қала орталығында қолайлы болғанымен, қала шетінде тұратын тұрғындар үшін бас қатыратын мәселенің бірі есептеледі. Алмагүл Тастанның пікірінше, үлкен кісілер мен балалар үшін аялдамалардың алыстығы қиындық туғызады:

– Орталық аймақтарда аялдамалардың арақашықтығы жақсы орналастырылған. Ал қаланың шеткі жақтарындағы аралық шынымен алыстау. Бұл балалар мен қарттар үшін қиындық тудырады деп есептеймін. Сонымен қатар, қалаға әлі де жылы аялдамалар мен қоқыс жәшіктері жетіспейді. Осыны қала әкімдігі назарға алса екен. 

Тұрғындар автобустардың жиілігін реттеу, маршруттардың тиімділігін арттыру және жүргізушілер мәдениетін көтеру қажеттігін алға тартады. Сонымен қатар, жолаушылардың қозғалысын бақылап, бағыттарды оңтайландыратын қосымшалардың сапасын жақсарту, студенттер мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жеңілдіктер енгізу мәселесі өзекті.

Астана қаласының қоғамдық көлігі тұрғындардың негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз еткенімен, жүйені жетілдіру қажеттілігі айқын. Автобустардың уақытылы жүруі, тазалығы мен жүргізушілердің мәдениеті, аялдамалардың орналасуы мен тариф саясаты – бұл саладағы басты назар аударылуы тиіс мәселелер. Қала билігі жолаушылардың пікіріне құлақ асып, олардың сұраныстарына сәйкес өзгерістер енгізсе, қоғамдық көлік жүйесі әлдеқайда ыңғайлы болары сөзсіз.

Саяжан ҚАЙДАР

07.02.2025

Ұқсас жаңалықтар

СУ ТАСҚЫНЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі - 14.03.2025 137
ТҮРКІСТАН: САЙРАМ АУДАНЫНДА ЖОЛ БЕЛГІЛЕРІ ОРНАТЫЛУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 14.03.2025 40
Қазақстанның МХҚКО-ларында қосымша сервис енгізілді
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорацияcы - 14.03.2025 114

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 2162
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 2394
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 17285
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 16008
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 19381