Семей қаласындағы Шәкәрім университетінің базасында қой шаруашылығының селекциялық орталығы ашылды. Ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Думан Оспанов, университет ректоры Думан Орынбеков, сондай-ақ сала ғалымдары мен мамандар қатысты.
Аграрлық саланы дамытуда ғылым мен өндірістің өзара байланысы ерекше маңызға ие. Ғылыми негізге сүйенбеген жұмыс ұзақ мерзімді нәтиже бермейтіні белгілі. Осы тұрғыда қой шаруашылығын селекциялық бағытта дамыту – өңір үшін өзекті міндеттердің бірі.
«Өздеріңіз білесіздер, кезінде Семей облысы қой шаруашылығы саласы бойынша ең алдыңғы қатардағы аймақ болатын. Кейін облыс мәртебесінен айырылғаннан кейін саланың тұралап қалғаны мәлім. Облыс әкімі Берік Уәлидің бастамасымен қой шаруашылығын дамытудың стратегиялық құжаты әзірленді. Бұл бастама дер кезінде қолға алынып отыр. Жоғары өнімділікке ғылымсыз қол жеткізу мүмкін емес. Қазір қой шаруашылығымен айналысатындар өз беттерінше жұмыс істеп жатыр. Гиссар және басқа да қой тұқымдарын әкеліп, жергілікті қоймен будандастырып, жаңа тұқым шығаруға талпынып жүр. Бірақ мұның ғылыми дәлелі жоқ. Өнімділігі жоғары, сапалы қой тұқымын қалыптастыру ұзақ жылдарды талап етеді. Осы ашылып отырған селекциялық орталық Абай облысының республикамыздың қой шаруашылығы бағытын дамытуға үлес қосатын орталығына айналады деп сенеміз», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Жаңа орталық заманауи технологиялармен жабдықталған. Мұнда тәжірибелі ғалымдармен қатар, селекциялық жұмыстарға бейім жас мамандар тартылған. Орталықта қой тұқымын асылдандыру, өнімділігін арттыру және жаңа селекциялық бағыттарды дамыту бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіледі.
Салтанатты шара барысында қонақтар орталықтың материалдық-техникалық базасымен танысып, ғылыми жобалардың жүзеге асырылу барысын көрді. Ардагер ғалымдар жас ұжымға ақ батасын беріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Жалпы, жаңа орталықтың іске қосылуы өңірде қой шаруашылығын ғылыми негізде дамытуға мүмкіндік беріп, саланың тиімділігін арттыруға серпін бермек.
Сәруар ҚАБДОЛЛА,
Абай облысы














