Жүзімді Жуалыда да өсіруге болады. Жуалы жері табиғаты қолайлы ерекше аймақтардың бірі. Қысы қатал, жазы жылы әрі жайлы. Дәнді дақылдар мен жеміс-жидектің түр-түрін өсіруге болады. Ал жүзім жемісі Жуалы өңірінде өседі десе, сенер ме едіңіз?! Біз де сенбейтін едік. Бірақ, бүгінде ауласында жүзімнің түр-түрін өсіріп, одан тосап қайнатып, келген қонағына ұсынып отырған жандар көп екен. Сондай жандардың бірі өзбек ұлтының өкілі Шәкіржан Мамаджанов.
Ш.Мамаджанов ауданның гүлденіп, дамуына өзіндік үлес қосқан азаматтардың қатарынан. Ауданның Құрметті азаматы атағы да бар. Бүгінде талай жылдық бейнетінің зейнетін көруде. Сондай-ақ зейнет жасындамын деп құр қарап отырған жоқ. Жасы 73-тен асса да әлі тың. Ауласына жүзім өсіріп, бау-бақшасын гүлдендіріп отырған жайы бар.
«Бақша өнімдерін жесең пайда, отырсаң сая» дейтін бағбан көпшілікке үлгі. Ешқандай химиялық қоспасыз өсетін ауласындағы жүзімнің дәмі де ерекше. Жыл сайын жемісін алып, қызығын қызықтап отырған ол жүзім өсірудің қыр-сырымен бөлісті.
Жүзім дақылы күнді және таза ауаны аса қатты қажет етеді. Сондықтан күн көбірек түсетін жерге тұқымын еккен жөн. Сонымен қатар жүзім сәби секілді ерекше күтімді қажет етеді. Бірақ суды көп қажет етпейді. Айына бір-екі рет суғарса жеткілікті. Әсіресе жүзімнің тамырына қарай суға араластырып қиды жіберемін. Тамырға нәр барғаннан кейін жүзім өзінің өнімін көп береді және етті болады. Керек кезінде ауырып қалмас үшін, жүзімге арналған ұнтақ секілді дәріні шашып отырамын. Оны жапырағы шықпастан бұрын және бір ай өткеннен кейін жиі-жиі шашып отырған жөн. Одан бөлек, тамшылатып суғарып, шаң-тозаңнан тазалаймын. Аулама жазда және күзде өнімін беретін, элиталы жүзім тұқымын еккен болатынмын. Күздік тұқымды жүзімді Қарабұлақтан алып келдім. Ол күздік жүзім «Құсайын жүзімі» деп аталса, жаз айында пісетіні «Дамские пальчики» деп аталады. Дәмі өте ерекше. Әрі денсаулыққа да пайдасы көп.
Күздің күні жүзімнің сабақтарының өнім бермейтінін кесіп алып, толығымен қаппен орап, жерге жатқызып қоямын. Қыс бойы қардың астында жатады. Көктем шыға салысымен қайта ашып, қағылған темірге жүзімнің сабақтарын байлап тастау керек.
Жүзімнің көбеюінің ең тиімді жолы – шлам және көшет. Отырғызу үшін сіз қажетті көгалдандыру материалын сатып алып, көгалдандыру үшін қажетті жерге және уақытты таңдайсыз. Бұл көктемде немесе күзде жасалады. Тұрақты жерлерде жыл сайын сәуір-мамыр айларында көшет отырғызылады, ал мамыр айының ортасынан маусым айының соңына дейін жасыл ағаштар отырғызылады. Күзгі отырғызу жағдайында жүзім көшеттері мұқият жабылуы керек. Топырақтың қатып қалуына дейін көгалдандыру жұмыстарын жүргізу қажет, – дейді Шәкіржан аға.
Осылайша басты кейіпкеріміз қалың оқырманға жүзім өсірудегі барлық құпиясын жария етті. Күрделі жұмыс болып көрінгенімен, күтіп-баптау жұмысын бар ықтияттылықпен жасайтын Шәкіржан ата жүзім өсіруді көршілеріне де үйретіп жүр.