Әлем дүрлігіп тұр. Көршілеріміз Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс ұзаққа созылатын түрі бар. Қиыр Шығыста да соғыс өрті тұтанды. Америка мен Израильдің біріккен одағы Иранға соққы жасады. Осындай кезеңде қорғаныс саласы мығым болмаса, қауіп көп. 2 наурыз күні, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университетінде жауынгерлік дайындық жүйесін жетілдіру мәселелеріне арналған Қарулы Күштер басшылық құрамының қызметтік жиналысы өтті.
Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов, жеке құрамды оқытуда практикалық бағытты күшейтуді және барлық деңгейдегі командирлердің жауынгерлік дайындықтың сапасына жеке жауапкершілігін арттыру қажеттігін атап өтті. Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіровтің басшылығымен қолбасшылықтың жауынгерлік дайындық жүйесіндегі міндеттері, сондай-ақ басқару органдары мен әскери бөлімдерді жоғары жауынгерлік дайындық деңгейіне келтіре отырып, Десанттық-шабуылдау әскерлерін кенеттен тексеру нәтижелері талқыланды. Жылдық цикл бойынша жауынгерлік дайындық іс-шараларын жоспарлау мен ұйымдастыру мәселелері жөнінде Қорғаныс министрінің орынбасары – Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы генерал-майор Қайрат Садықов, Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев, Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы 1-ші дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеев, сондай-ақ Жауынгерлік дайындық департаментінің бастығы генерал-майор Анатолий Довганюк баяндама жасады.
Жиында бірыңғай оқ ату курсы, жауынгерлік дайындық, дене дайындығы пәндері бойынша нормативтер жинағын жаңарту, сондай-ақ оқу орталықтарының көпдеңгейлі жүйесін қалыптастыру, барлау бөлімшелерінің ұйымдастырушылық-штаттық құрылымдарын жетілдіру мәселелері талқыланды. Жиында жеке құрамның моральдық-психологиялық жағдайына да ерекше назар аударылды. Әскери қызметшілермен жұмыс істеудің заманауи тәсілдерімен «Пирамида», «Серіктес» және «Жауынгерлік дос» автоматтандырылған жүйелерінің жұмысы туралы Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы, әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев баяндады.
Жиналыс қорытындысы бойынша запастағы офицерлерді даярлау тәсілдерін жаңарту, резерв, барлау, тыл мен медициналық қызмет бөлімшелерінің командирлік және жауынгерлік даярлық бағдарламаларын жаңғырту жөнінде тапсырмалар берілді. Сондай-ақ жауынгерлік дайындық деңгейін объективті бағалау және бөлімшелердің мақсаты бойынша міндеттерді орындауға дайындық деңгейін арттырудың тиімді құралы ретінде олардың рейтингін қалыптастыруға бірыңғай тәсіл әзірлеу мәселелері де өзектендірілді.
Қорғаныс саясаты – бұл мемлекеттің қауіпсіздігін, аумақтық тұтастығы мен егемендігін сыртқы және ішкі қауіптерден қорғауға бағытталған басқару ережелері мен практикалық амалдардың жиынтығы. Ол қарулы күштерді дамытуды, кадр саясатын бекітуді және әскери доктринаны іске асыруды қамтиды.
Қазақстан көршілес елдермен берік достық қарым-қатынас орнатып, әлемнің жетекші державаларымен сенімді әріптестікті реттеді. Бұл ретте жауынгерлік қабілеті жоғары, қуатты армия ел қауіпсіздігінің маңызды кепілі әрі қорғаны екені анық. Қарулы Күштер заман талабына сай мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын, халқының ұлттық мүддесін қорғауға әрқашан дайын болуға тиіс. Мұның бәрін ел басшылығы келешекте армияны дамытуды жоспарлау кезінде ұдайы ескеріп отырады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев он ұлттық жобаны бекітті. Осы тізбеге «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы да кірді. Аталған жоба бағытының бірі – «Қарулы Күштерді жаңғырту».
Ұлттық жобаны іске асыру қару мен оқ-дәрілерді сақтау қауіпсіздігін, отандық қорғаныс өнеркәсібі кешені кәсіпорындарында қару-жарақтың тәжірибелік үлгілерін шығаруды, сондай-ақ әскери объектілерді жетілдіруді қамтамасыз етеді.
















