Қазақтың тағы бір дарынды ұлы бұл фәниден өтті. Ықылым замандары төрткүл дүниені дүр сілкіндіріп, тұлпарларының тұяқтарымен дүбірлеткен көк түріктердің рухты сарынын жырларымен тербеген Темірхан Медетбекті апта басында соңғы сапарға аттандырдық, қимай қоштастық. Қасиетті Түркістанда дүниеге келіп, ат жалын тартып мінгенде тағдырдың жазмышымен Маңғыстауда еңбек жолын бастаған жап-жас жалындаған Темірхан осы әулиелі өңірде қоныстанып, тамыр жайып, үйлі-баранды болып, ширек ғасырдан соң ару Алматыға дүр ақын болып оралатынын білді ме екен? Мұнайлы өлкеде ол оператор болды. Керзі етікті жас жұмысшының көкірек сарайы жырға, сырға толы еді. Оның жаны рухани дүниені аңсады. Қасаң жұмысшылар әлемін жырларымен шуаққа бөледі. Жарқыраған талант жерде қалмады. Ол облыстық газеттің төріне келіп жайғасты. Кейін бас газет – «Социалистік Қазақстанға» тілші болып орналасып, Маңғыстаудың тіршілік-тынысын қаламымен тербеді. Журналистикада балп-балп басқан Темірхан Медетбектің аты поэзия әлемінде де жұлдыз болып жарқырады. Бірақ төрт перзентін жетектеп астанаға келген өр мінезді Темірханды Алатау өгей ұлындай қарсы алды. Қайта Маңғыстауына оралды. Алайда Аллам ақ пейілді құлын далаға қалдырмады. Алматы қайта құшағына алды. Жыр әлеміне толықтай ден қойған Темірхан Медетбектің қалың оқырманды қаратқан тамаша рухты жырлары, кітаптары бірінен соң бірі шығып жатты. Алмас жырларымен, асқақ сөздерімен ақиқатты тіліп айтатын ақынды халқы құрмет тұтты, оған атақ та, даңқ та өзі іздеп келді. Алайда көк түрік бабалары шапағатына бөлеген Темірхан Медетбек те ажал әлеміне сапар шекті. Біздің қолдан келетіні тек тілек айту ғана. Жатқан жерің жайлы, иманың саламат, жаның жәннатта болсын, қазақтың өр ақыны!
«Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ»
журналының ұжымы