Төрт күнге созылатын мерекелік бағдарламада спорттық жарыстар, мәдени фестивальдер, балаларға арналған іс-шаралар мен қазақстандық жұлдыздардың қатысуымен өтетін концерттер бар.
Мереке 14 тамыз күні дзюдо бойынша ашық чемпионатпен басталады. Бұдан кейін қала тұрғындары мен қонақтары үшін «Ән-жырым – Қостанай» атты көшпелі концерттер ұйымдастырылады. Сонымен қатар, «StreetMusic» жастар концерті, ВИА «Караван» бағдарламасы және ретро-музыка фестивалі өтеді. Кешті DJ-фестиваль мен «Тобыл ойшылы» мүсінінің ашылу салтанаты қорытындылайды.
15 тамыз күні балалар шығармашылығына айрықша көңіл бөлінеді. «Даму бала» жобасына қатысушылардың көрмесі мен концерттері өтеді. Қала тұрғындары үшін тарихи экскурсиялар ұйымдастырылады. Кешкісін үрмелі оркестрдің концерті, танымал фотограф Я.Мармалидидің фотокөрмесі, джаз оркестрі мен А.Калугин студиясының түлектері қатысатын «Туған елге тағзым» концерті өтеді. Кешті DJ AKHMETOFF-тың өнер көрсетуі аяқтайды.
16 тамызда Алтынсарин көшесінде таңертеңнен бастап «ГастроУлица» мерекелік саудасы ашылады. «KOSTANAY URBAN FEST» аясында түрлі спорт түрлерінен (паркур, брейк-данс, роликтер, скейтбординг т.б.) жарыстар өтеді. Сонымен қатар, «Шебер ауылы» қолданбалы өнер алаңы мен балаларға арналған «Кітапханалық бульвар» интерактивті бағдарламасы болады.
Кешкісін облыс әкімдігінің алаңында «Алтын микрофон» халықаралық фестивалінің гала-концерті мен жұлдыздар қатысатын үлкен концерт өтеді. «Mezzo», «RINGO» топтары мен Sadraddin сахнада өнер көрсетіп, мерекені салтанатты отшашу түйіндейді.
17 тамызда Қала күнін қорытындылайтын басты шара – «Kostanay Half Marathon» жартылай марафоны. Салауатты өмір салтын ұстанатындар мен спорт сүйер қауым үшін бұл – дәстүрге айналған үлкен оқиға. Қостанай қаласы күнін тойлау аясында өтетін іс-шаралар әртүрлі жастағы тұрғындарға арналған. Балалардан бастап жастар мен үлкендерге дейін бәрі өздеріне қызықты әрі мазмұнды бағдарламалар таба алады. Қала тұрғындары мен қонақтарын 14–17 тамыз аралығында көтеріңкі көңіл күй мен мерекелік атмосфера күтеді.
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК