Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Ақтөбе облысы халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру бағдарламасы аясында «Ауыл аманаты» ішкі бағдарламасын жүзеге асыру бойынша дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиында жобаны жүзеге асырудың негізгі мәселелері талқыланды.
Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, бірқатар мемлекеттік органдардың, облыстық кәсіпкерлер палатасының, қаржы институттарының, сонымен қатар, «Ауыл аманаты» республикалық жоба кеңсесінің басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары мен ауылдық округтердің әкімдері қатысты.
Ауыл тұрғындарының табысын көтеру бойынша пилоттық жоба кейін «Ауыл аманаты» аталып, алғаш рет Жамбыл облысында сынақтан өтті. Ауыл тұрғындарына жеке қосалқы шаруашылықтары мен аграрлық бизнестерін дамытуға жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыздық жеңілдетілген заем берілді, кооператив құруда және лизингке техника рәсімдеуде қолдау көрсетілді. Жоба тиімділігін дәлелдеп, оң нәтиже берді – ауыл тұрғындарының табысы артып, жұмысқа орналасқан тұрғындар көбейді.
Е.Тоғжанов: «Халық табысы орташа алғанда екі есе артты. Ауыл тұрғындарының 38%-ы тұрақты жұмысқа орналасты. Атаулы әлеуметтік төлем алатындар саны 68% азайды. 11 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері айналымға енгізілді.
Мал басының 28%-ға артуы, ет пен сүт өңдеу кәсіпорындарының ашылуы, өсімдік шаруашылығы, оның ішінде көкөніс өнімдерінің 25%-ға артуы оң мультипликативті нәтиже болды. Бұл екі жыл ішінде қол жеткізген нақты нәтижелер. Сонымен бірге, қарызға берілген қаражатты қайтару деңгейі 98,9 %. Жалпы, жоба аясында қарызға берілген 9,2 млрд. теңгенің 37 пайызы қайтарылды. Бұл ақшалар жаңартпалы механизм болып басқа ауылдарды дамытуға жіберіледі»,- деп атап өтті.
Тамыз айының ортасында Ақтөбе облысында жобаның мақсат-міндеттерін түсіндіру жөнінде ақпараттық марафон басталды. «Ауыл аманаты» жобалық кеңсесінің басшысы Нұркен Шарбиев мобильді топтар Ақтөбе облысының 26 ауылында кездесу өткізгендерін жеткізді. Е.Тоғжановтың тапсырмасымен жергілікті атқарушы органдар түсіндіру жұмыстарын жалғастыратын болады.
Бұдан бөлек, облыс әкімі жобаға қатысатын пилоттық ауылдық округтерді анықтайтын скринигті қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды. Әр елді мекеннің географиялық ерекшеліктері, жер мәселесі, сумен қамтылуы, еңбек және қаржы ресурстары ескерілетін болады. Бүгінде облыстағы 62 елді мекеннің скринигі аяқталды.
Е.Тоғжанов: «Ауыл аманаты» жақсы әлеуметтік-экономикалық нәтиже көрсетті. Оны сапалы жүзеге асырса ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын көтеруге мүмкін болады, бұл Президенттің тікелей тапсырмасы. Жобаның Ақтөбе облысында барынша жедел әрі тиімді жүзеге асырылуы үшін бар күш-жігерді салу керек»,- деп сөзін түйіндеді.