Биыл Құрманғазы ауданында 170 мың тонна қысқы мал азығы дайындалады. Оның 2 800 тоннасын асылтұқымды мал өсіретін құрылымдар дайындайды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Ауданда 205 шаруа қожалығы мал азығын дайындау науқанына қатысып жатыр. Шөп шабу, жинау, дайындау үшін барлығы 55 машина, 33 түрлі маркадағы трактор, 241 тіркеме және 205 ауыл агрегаты мен 1 051 адам жұмылдырылған.
– Бүгінде мал азығының 51 мың тоннасы дайын. Жалпы дайындалуы тиіс 164 300 тонна пішеннің 8650-і өткен жылдан артылып қалған. Ал қалғаны науқандық жұмыстар аяқталғанша дайын болады. Шаруа қожалықтары тек ауданда ғана пішен шауып жатыр. Мал азығын өзге өңірден тасымалдауға қажеттілік жоқ. Қыр бойындағы Сүйіндік, Асан, Азғыр өңірлерінің шаруаларына мал азығының 15 пайызы тапсырылады, – деді Құрманғазы ауданының кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Саламат Қабдолов.
Асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына сәйкес, биыл 52 шаруа қожалыққа 50 млн 960 мың теңге субсидия төленді. Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 105 үміткер тізімге енді. Былтыр бұл бағдарлама бойынша 35 адам жеңілдетілген несие алды.