«Qazaqstan dauiri» – ақпарат айдынында бағыт-бағдары қалыптасқан, айтары айқын, қалың оқырманнан қолдау тапқан басылым. Тегінде, баспасөздің салмағы халық үнін жеткізумен, көптің көкейіндегі сан сауалды көтерумен өлшенеді. Газеттің ғұмыры да, оған берілетін баға да осыған байланысты.
Ел тəуелсіздігін жариялаған алғашқы жылы «ZAMAN-Қазақстан» деген атаумен жарық көргені есте. Сол бір елең-алаң тұста көңілі күпті оқырманды өткір де өзекті мақалаларымен ə-дегеннен селт еткізді. Ойы еркін, айтары нық басылымды жұртшылық жылы қабылдады, іздеп оқыды. Артта қалған үш онжылдықтың бедерінде газеттің атауы өзгергенімен, ұстанымынан айныған жоқ. Ғасырларды тоғыстырған отыз жылда басылым оқырманмен берік байланыс орнатып, заманға сай келбет қалыптастырды. Мұны Сіз бастаған редакция ұжымының табандылығы мен тынымсыз ізденісінің жемісі деп білемін.
Сондай-ақ жас зиялыларға арналған «Мөлдір бұлақ» журналының жарық көргеніне де жиырма жыл толып отыр. Баланың тілін тауып, көңіл пернесін тап баса білу үшін қаламгерлік қабілетпен қатар, мейірім де қажет. «Мөлдір бұлақтан» сондай шуақ төгіліп, жылылық лебі еседі. Журналдың талай бұлақтың көзін ашып, танымын кеңейтіп, табысымен бөлісе беретіндігіне сеніміміз мол.
ҚҰРМЕТТІ СƏУЛЕ МЕШІТБАЙҚЫЗЫ!
Сізді ел ішінде «Ел анасы» деп сыйлайды, құрмет көрсетеді. Бұл Сіздің арқалаған жүгіңіз бен атқарған еңбегіңізге берілген баға болса керек.
Сізді жəне сіз басқаратын редакция ұжымын қатар келген қос басылымның мерейтойымен құттықтаймын! Шаңырақтарыңызға береке, дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге табыс тілеймін!