Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Абай облысының орталығы мәртебесі берілген Семей қаласында құрылыс нысандарындағы жұмыс барысы қарқынды жүріп жатыр. Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев осы тұрғыда осыдан бірер жыл бұрын бой көтерген «Қарағайлы» ықшамауданында болып, ондағы құрылыстың жайымен танысты. Облыс басшысы алдымен осы ауданда салынып жатқан блок-модульдік қазандықтың құрылысына ерекше назар аударды. Сонымен қатар биыл 44 тұрғын үйді, 1200 орындық мектепті және нефрологиялық орталықты пайдалануға беру жоспарланып отыр. Аудандағы тұрғын үй және әлеуметтік нысандарды нақты уақытылы пайдалануға беру мақсатында «ЭМ-Холдинг» ЖШС қаражаты есебінен қуаттылығы сағатына 21,5 Гкал болатын қазандық құрылысы басталды. Бұл нысанның құрылысын қараша айында аяқтау назарға алынған.
Аймақ басшысы материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жүргізіліп жатқан ІТ колледжінде де болды. Қазіргі таңда ғимараттың шатыры жөнделіп, жарықтандыру жұмыстары аяқталды. Жылу, су және кәріз желілері толықтай жаңартылған. Сыртқа жарық және ғимаратқа жаңа терезелер орнатылды. Қалған тиісті жұмыстарға осы айдың соңына дейін нүкте қойылмақ.
«Барлық жұмыс уақытында және сапалы аяқталуы керек. Жауапты тұлғаларға құрылыс жұмыстарын уақытында әрі барлық нормаларды сақтай отырып аяқтауды тапсырамын. Атқарылып жатқан шаруалар қала тұрғындарының жайлылығы мен әл-ауқатының ойдағыдай болуы үшін. Бізге атқарушы биліктің нақты халық үшін жұмыс істеп жатқанын, әрбір жобаның барынша тиімді жүзеге асырылғанын көруі маңызды. Барлығын бақылауда ұстаңыздар», – деді Нұрлан Ұранхаев.
Қала тұрғындары мен қонақтары үшін тағы бір қоғамдық кеңістік ашылмақ. Шәкәрім даңғылы мен Қабанбай батыр көшесінің қиылысында орналасқан кеңістік Семейдің ішкі көрінісінің сәнін келтірмек. Қазір мұнда абаттандыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Аймақ басшысы қала орталығындағы тарихи қиылыста атқарылып жатқан жұмыстарды да аралап көрді.
Сонымен қатар, өңір басшысы «Солтүстік» базар ауданына апаратын айналма жол құрылысының барысымен, ОЖП-15/1 магистральдық және аулаішілік жылу желілерінің ағымдағы жөндеуімен танысты.