Жолдаманы Ұлытау облысының Қоғамдық даму басқармасының басшысы Дархан Мұхан «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық жеңімпаздарын марапаттау салтанатында табыс етті.
– Халқымыз үшін отбасы ұғымы қашан да қасиетті де қастерлі екені белгілі. «Отан отбасынан басталады» деген қағидат ешқашан өз мәнін жойған емес. Расында, кез келген мемлекеттің негізгі әлеуеті – оның халқы және адами капиталы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен мемлекет тарапынан отбасына жасалып отырған ерекше қамқорлық пен жүйелі қолдаулар әрбір қазақстандықтың өз болашағына деген сенімін күн өткен сайын нығайта түсуде. Бүгінгі «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде белсенділік танытып, қатысқан әр отбасыға шынайы алғысымды айтамын. Баршаңызды бүгінгі жеңістеріңізбен құттықтай отырып, әр шаңыраққа шаттық, бақ-береке тілеймін! – деді Дархан Қабылдашұлы өз сөзінде.
Орайы келгенде айта кетейік, байқаудың облыстық кезеңіне аудан-қалалардан 30-ға жуық отбасы іріктеліп шығып, соның ішінде 1 отбасы жүлделі орынға, 4-еуі ынталандыру сыйлығына ие болды. Атап айтқанда, байқаудың «Үлгілі отбасы» аталымына жезқазғандық Айтмұхановтар әулеті, «Берекелі шаңырақ» аталымына Сәтбаев қаласынан қатысқан Сыздықовтар отбасы, «Белсенді отбасы» аталымына Қаражал қаласынан қатысқан Наукеновтер отбасы, «Өнерлі отбасы» аталымына Айтжановтар отбасы лайық деп танылды.
Ал, байқаудың бас жүлдесін Қыдырпатшаевтар әулеті қанжығаларына байлады.
Әулеттің үлкені Ұлытау ауданы, Жетіқоңыр совхозында аға шопан болған. Сол жылдары Еділбай қойының басын өсіріп, өнімділігін арттыру жолында аянбай жұмыс істеп, көптің көзіне ілінді. Қой бағудағы жетістіктері үшін Еңбек қызыл Ту орденімен, Құрмет Белгісі орденімен марапатталған. Сондай-ақ 40 жыл бойы аға шопан болып еңбек атқарған кезде Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің 4 алтын медалін иеленді. Осы еңселі еңбегін еленіп, Еңбек қызыл Ту орденімен, Құрмет белгісі орденімен, Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінің алтын, күміс қола медальдерімен марапатталған. Қазіргі уақытта Ұлытау ауданының Құрметті азаматы. Қыдырпатшаевтар отбасында 9 бала, 47 немере, 35 шөбере тәрбиелеп отыр.
Конкурс жеңімпазы атанған Қыдырпатшаевтар әулеті «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаты» атағына ие болып, Астана қаласында өтетін Республикалық марапаттауға қатысатын болады.