«Бірде, – дейді ауданның Құрметтіазаматы, байырғы ұстаз, Нұрдостың әкесі Әнуарбек Тұрманбетов, – біздің мектепке Әзекең келе қалды. Қазақы дәстүрмен мектеп басшысы болған соң үйден дәм татуға шақырдым. Сол күні біздің шаңырағымызға Ләйлі келініміз ұл әкеліп, қағанағымыз қарық болып қуанып жатқанбыз. Әлгіндей аты алты Алашқа мәлім жазушы төрімізде отырған соң баламыздың атын Әзілхан деп қойып, абыз жазушының батасын алу еді ниетіміз. Сол тілегімізді бірінші Құдай, екінші Әзағаң өзі берді. Бес қыздың ішіндегі жалғыз ұлымызға қаламгер ақ батасын беріп, ақ жол тіледі». Нұрдостың анасы Зәурештің қуанышында да шек болған жоқ. Отағасы екеуі сол кезде үш ұл мен екі қыз өсіріп отырған. Қазір сол балалардың бәрі (Олжастан басқасы) оқу бітіріп, тұрмыс құрды. Зәуреш пен Әнуарбек бүгінде келіні мен баласының ақылшы кәриесі. Қысырақтың қымызын қалай баптап, қалай салуды Ләйлі мен Нұрдосқа үйретіп отырған да солар. Қорада тұрған сегіз биенің сүті Құлан, Көгершін, Көкдөнен, тіпті Таразға дейін кетіп жатыр. Нұрдос тор бие мен боз биенің қымызына қызыққан елдің батасын алып отыр. Өйткені, ерлі-зайыптылардың қымызы шынында да бал татиды.
Суретте: байырғы педагог, «Облысқа еңбегі сіңген» зейнеткер Әнуарбек Тұрманбетовтың шаңырағында – ұлы Нұрдос және зайыбы Зәурешпен бірге дастархан басында; Нұрдос Мұхамбетовтың бие сауу мезгілі келді; Нұрдос анасы Зәуреш екеуі сауылған саумалды сүзіп алуда. Суретті түсірген автор