Әлеуметтік желіде бір имамды түтіп жеп жатқан қыздардың видеосы жүр. (Блогерлері де, басқасы да жетеді). Астындағы комментарийлер айызы қанған адамдардың «алғысы». «Жарайсыңдар! Қатырдыңдар!» деп жел беріп желпіндіріп жатыр.
Мен жай ғана өз пікірімді айтпақпын. Мен де үш қыз өсіріп отырған әкемін.
Жалпы ер-азаматты әйел затының беттен алуы – өте ұят нәрсе. Соны мақтаныш тұтып, әлеуметтік желіге жариялау – қазақы тәрбиеге жат дүние. Ол молда бола ма, басқа бола ма, мәселе онда емес, мәселе ер-азаматқа деген пейілде, ниетте болып тұр.
Қазақ аналары, әжелері ер кісіні тілдемек түгілі, оның алдын кесіп өтпеген. Талай әжелерді көзіміз көрді, ойнап жүрген ұл балалардың жолын кеспей, өтіп кетсін деп күтіп тұратын. Былай қарасаң, жай ғана нәрсе, бірақ түсінгенге астары қалың тәрбие! Ер-азаматтар кейде артық, кейде кем айтар. Себебі ол – еркек! (Ұятсыз, көргенсіз еркек мүлде бөлек). Аталарымыз әйелін, қызын, қарындасын қатты қызғанған. Сол үшін жандарын пида етіп те жіберген.
«Қазақ қызы дұрыс жолда жүрсе екен» деп, қаттырақ айтып жатқан еркекті жерден алып, көрге салу – нағыз сорақылық. Анау қыздардың ісін «ерлікке» балап жатқан ағайын, сондай келінге тап болып қалып жүрмеңіздер! Барлық нәрсе ниетке беріледі. Ниеттеріңізді түзеңіздер! Күні ертең «Алла Тағала, мен саған не жаздым?» деп жүрмеңіздер!
Қазақ қыздарының бұл істері – ұлтты құрдымға кетірер жаман әдет! Ер-азаматқа қарсы келу, аузына не келсе соны айтып, дінге тиісу – қазақ естімеген сорақылық! Олардың да үйлерінде әкелері, ағалары, күйеулері, ұлдары бар. Егер солардан қысылса, мысалы әкесі мен ағасынан, ұлынан ұялса, күйеуінен қаймықса, бұлай істемес еді. Демек, отбасы мүшелері де соған лайық болып тұр-ау...
Ащы болса да айтайын, «Еркек – басшы, әйелі бағынышты үйден ержүрек ұлдар мен ибалы қыздар шығады. Әйелі би, ерi жасық үйден ынжық ұлдар мен көкбет қыздар шығады». Атамыз қазақ еріне бағынбайтын үйден қыз алмаған ешқашан...
Ащы да болса айту керек, мұның бәрі елімізге сыналап кіріп жатқан гендерлік саясаттың жемісі. Дін айтылса, салт-дәстүрмен жүрейік дейміз. Онда бабалар жолын ұстануға кім қарсы болып отыр?
Қазақ танымында «алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық»!
«Байтал шауып бәйге алмас» деген де бабалар сөзі. Түсінгенге ер мен әйелдің өз жолы бар. Физикалық, биологиялық тұрғыдан да.
Әйел көктен түскен жоқ,
Ол – еркектің баласы.
Еркек жерден шыққан жоқ,
Әйел – оның анасы!
...Дәл қазақтай анасы мен қызын, әйелі мен қарындасын құрметтеп өткен халық аз. Қазақ әрдайым ардақты аналар мен әжелерді төрге шығарады. Ер-азаматтармен тең отырғызады. Қандай құрмет! Қызын аяқ жаққа отырғызбайды. Біреудің үйіне қондырмайды. Тәрбиенің көкесі емес пе!
Бүгіндері қазақтың кейбір қыздары әлеуметтік желінің «Королевасы» атанғанға мәз. Ұяттан жұрдай! Шаңқ-шаңқ етеді.
«Қызға қырық үйден тыйым» дейді дана қазақ. Қазақтың салт-дәстүрінде қыз балаға қатысты тәрбиелік ұғымдар мен ұстанымдар мыналар:
1.Жарыса сөйлеуге
2.Жалғыз қыдыруға
3.Жыртақтап күліп, сыпсыңдап сөйлеуге
4.Орынсыз ұрынуға
5.Басқаларға қол тигізуге
6.Өтірік, өсекке
7.Суық жүріс, сумаң қылыққа
8.Кісіге қарай керіліп есінеуге
9.Талтайып отыруға
10.Шалқайып жатуға
11.Тамақты обырлана асауға
12.Ұрлық-қарлыққа
13.Ұятты мүшелерін ашып жүруге
14.Бұраңдап қылымсуға
15.Қызыл іңірде жатуға
16.Түске дейін ұйықтауға
17.Кісі алдында киім ауыстыруға
18.Салт-дәстүрден аттауға
19.Елді ғайбаттауға
20.Үлкендердің жолын кесіп, атын атауға
21.Ішімдік ішу мен шылым шегуге
22.Ұрыс-керіске
23.Беттен алып, бет жыртысуға
24.Қараулыққа, ысырапқа
25.Рахымсыздық пен қатыгездікке
26.Түнде суға жалғыз баруға
27.Жат жыныстылармен араласып жатуға
28.Күйеуге қашып тиюге
29.Әдепсіз сөзге
30.Тарс-тұрс етіп жүруге
31.Адам мен жануарларды тебуге
32.Кісіні қорлап жәбірлеуге
33.Тәкаппарлық пен сайқымазақ жасауға
34.Айқай-сүреңге
35.Шектен тыс сыланып жасануға
36.Қызғаншақтық пен күншілдікке
37.Менмендік пен өзімшілдікке
38.Алдап-арбауға
39.Көрсеқызарлыққа
40. Нәпсіқұмарлыққа тыйым.
Қыз тәрбиесіне жалпы қатал болуымыз керек. Өйткені болашақ ана атағына ие қыздар тәрбиесі нәзіктікпен қоса қаталдықты талап ететін өзекті мәселе. Ата-бабамыз қыз тәрбиесіне ерекше мән беріп, олардың дұрыс жағдайда тәрбие алып, болашақта ата-анасының бетіне салық түсірмеуін қадағалаған.
Сөз соңында айтарым, әйел затының бойындағы нәзіктігі мен ибалығының жоғала бастағаны – қазақ ұлты үшін қасірет! Ер-азаматтар, қыздарымызға, қарындастарымызға, әйелдерімізге көңіл бөлейік! Еркек болайық!
Редакциядан:
Иә, қыздарымыз – болашақ аналар. Яғни ұлттың болашағы аналарымыздың қолында. Сондықтан, автор айтқандай, қыздарымызды көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Қызға қырық тыйым сөзді авторымыз айтыпты. Біздіңше, қыздарымызды қорғауға арнаулы заң керек. Түркі мемлекеттері қыздарын шетел азаматы алғысы келсе, пәлен мың доллар төлеуі тиіс екен. Бізге де осы әрекет керек. Кім көрінгенге қыз бермеуіміз тиіс. Заңға барлық тыйымдар керек. Қызымызды тәрбие тезіне салғанда ғана ел боламыз.
НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК