Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов Қызылорда қаласындағы №290 орта мектебінде су үнемдеу тақырыбында ашық сабақ өткізді. Іс-шара «Суды үнемде – болашақты сақта!» жобасы аясында өтті. Жоба Су ресурстары және ирригация министрлігімен және Германияның Халықаралық ынтымақтастық қоғамының (GIZ) «Климатқа негізделген су ресурстарын басқару» аймақтық бағдарламасымен бірлесіп ұйымдастырылды. Бағдарлама Германияның Экономикалық ынтымақтастық және даму федералдық министрлігі мен Швейцарияның Даму және ынтымақтастық агенттігі тарапынан қаржыландырылады. Сондай-ақ іс-шараға «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ және Қызылорда облысының әкімдігі қатысты.
Ашық сабаққа қаладағы 15 мектептің жоғары сыныптарының 140 оқушы офлайн форматта, сондай-ақ облыстың жеті ауданындағы ауыл мектептерінің 900-ге жуық оқушылары онлайн форматта қатысты.
Аслан Абдраимов оқушыларға су ресурстарын тиімді пайдалану маңыздылығы мен әдістері туралы айтып беріп, олардың сұрақтарына жауап берді. Оқушылар вице-министрге суды тиімді пайдалану мен дамыту бағытындағы өз жобалары мен идеяларын ұсынды.
Вице-министр №290 орта мектептің басшылығына Су ресурстары және ирригация министрлігі мен GIZ-дің «Климатқа негізделген су ресурстарын басқару» аймақтық бағдарламасы атынан мектеп ауласын көгалдандыру мақсатында тамшылатып суару жүйесін орнатуға арналған ақшалай сертификатты табыс етті.

Осы күні Қызылорда қаласындағы Облыстық оқушылар сарайында 1 қазан мен 7 қараша аралығында өткен «Суды үнемде – болашақты сақта!» жобасының қорытындысы шығарылды. Балалар «Эко-Әлем» ойыны мен су үнемдеу тақырыбындағы викторинаға қатысып, суды тұрмыста және қоғамда үнемді тұтынудың жаңа тәсілдері мен идеяларын ұсынды. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар атынан дипломдар мен сыйлықтар табысталды.
Салтанатты іс-шара барысында Аслан Абдраимов су үнемдеу тақырыбындағы сурет байқауының жеңімпаздарын да марапаттады. Байқауға 5 пен 10 жас аралығындағы 800-ден астам бала қатысты. Ең үздік 20 жұмыстың авторлары жеңімпаз дипломдары мен сурет салуға арналған сыйлық жиынтықтарын алды.
Айта кетейік, «Суды үнемде – болашақты сақта!» жобасы аясында Қызылорда қаласында балалар мен ата-аналардың су ресурстарына ұқыпты қарауына назар аудартуға бағытталған бірқатар іс-шара өтті. Алғашқысы - трансшекаралық Сырдария өзенінің жағасында өткен «Сырдария - Орталық Азияның болашағы» атты экожүгіріс. Жүгіруге қатысқандар өзен жағалауын пластик пен тұрмыстық қалдықтардан тазартып, 120 кг қоқыс жинады. Экожүгіріс жеңімпаздарына да дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.
«Өскелең ұрпаққа су ресурстарының маңызын және оларды үнемдеу тәсілдерін түсінікті әрі қызықты түрде жеткізу өте маңызды. Жоба барысында қызылордалық оқушылар көптеген жаңа әрі пайдалы ақпарат алды, сондай-ақ өңірдегі су айдындарын ластанудан қорғауға өз үлесін қосты. Бұған дейін министрліктің мамандары еліміздің барлық өңірінде су үнемдеу тақырыбында ашық сабақтар өткізген болатын, оған шамамен 2 миллион бала қатысты. Ал Қызылордада шетелдік серіктестеріміздің қолдауымен өткен акция – Қазақстанда су үнемдеу мәдениетін кеңінен қалыптастыру жолындағы тағы бір қадам», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов.















