Атырау облысында елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтуға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Соның бірі – Қызылқоға ауданындағы «Тайсойған – Миялы» магистралды су құбыры. Жоба биыл қыркүйекте пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Ұзындығы 73 шақырым болатын су құбыры желісінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жоба аясында 12 су ұңғымасы қазылып, көлемі 2000 текше метр болатын төрт резервуар салынуда. Қазір резервуарлардың екеуіне бетон құю жұмыстары жүргізіліп, жалпы құрылыс жұмыстарының 50 пайызы аяқталған.
Қызылқоға аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Нұрбек Қияқбаевтың айтуынша, жоба іске қосылғаннан кейін Жангелдин, Жасқайрат, Миялы ауылдық округтері мен жол бойындағы елді мекендер орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылады. Жаңа желі тәулігіне 6500 текше метр су жеткізуге мүмкіндік береді.
– Нысанда 35 жұмысшы мен арнайы техника жұмылдырылған. Негізгі қиындықтар құмды аумақта құрылыс материалдарын тасымалдау және ауа райының қолайсыздығына байланысты туындауда. Соған қарамастан құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сай жүргізіліп жатыр, – деді ол.
Жоба толық автоматтандырылған жүйе арқылы жұмыс істейді. Алғашқы бес жылда нысанға мердігер мекеме қызмет көрсетсе, кейін ол жергілікті әкімдіктің теңгеріміне беріледі.















