Елдің қарқынды дамуы үшін бір басшыны қолдау, оған сенім арту – басты мұрат. Ұлт болып қалыптасудың да басты шарты осы! Қазақ халқы ежелден көпшіл халық. Көптің пікірімен, ұсынысымен санасу, бір басшыға бағыну, оны қолдап үлкен реформалар жасауға талпыныс жасауға да әділ сайлау керектігін білген ұлт. Ол – бүгінгі тілмен айтқанда референдум. Дала заңында ол – елдің жапатармағай бір адамның маңына шоғырлануы. Оған сенім артып, жаңа бастамасына қолдау білдіруі.
Ал әлемдік қағидатта референдум – маңызды мемлекеттік мәселені шешу үшін өткізілетін бүкілхалықтық дауыс беру. Ол республиканың бүкіл аумағында өткізіледі. Референдумда Республика Конституциясын, конституциялық заңдарын, заңдарды қабылдау, оларға өзгертулер мен толықтыру енгізу, Республиканың мемлекеттік өмірінің өзге де неғұрлым маңызды мәселелерін шешу қойылуы мүмкін. Әдетте референдумда дауыс берушілерге сұрақ беріледі, оған «иә», «жоқ», «келісемін», «келіспеймін» немесе «қолдаймын», «қолдамаймын» деп жауап беруге болады. Референдум өткізу кезінде азаматтар өз қалауы бойынша қатысып, дауыс беруге құқылы. Сондай-ақ азаматтардың дауыс беруі жасырын түрде өтеді. Референдум республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында Конституцияға өзгерістер енгізу жөнінде референдум өткізуді ұсынды. Мемлекет басшысы референдум маңызды дипломатиялық институт екенін айтты. Алайда Қазақстанда референдум соңғы рет 1995 жылы, қолданыстағы Конституция бекітілгенде өткен. Бұл жиында Президент Конституцияның бүкілхалықтың дауыс беру арқылы өзгеруі халықтың еркін білдірудің айқын көрінісі деп атады.
Жаңа Қазақстанды құру – бір күндік процесс емес, ол кешенді жоспарды қамтитын ауқымды іс-шаралар. Қоғам бір күнде жаңарып, референдумнан кейін өзгеріп кетпейді. Азаматтардың белсенділік танытып, референдумға баруы – олардың Президентке деген сенімінің белгісі. Олар болашақтан үміт күтеді және сол өзгерістердің болуына мүдделі болғандықтан, өздерінің азаматтық позициясын білдірді. Жалпы, реформалардың басты мақсаты – жаңа саяси мәдениетті қалыптастырып, саяси белсенділігі жоғары азаматтық қоғам құру. Әділетті қоғамның негізгі принципі де сол. Әр азамат өзінің еркін білдіре алатынын, өзінің заңнамалық тұрғыдан қорғалғанын сезінетін қоғам орнату, міне Жаңа Қазақстанның алғышарты осылар.
Дәурен Пірімбетов, саясаткер:
– Бұл жолғы референдум символикалық мәнге ие. Өйткені билік халықтың қолдауына ие екенін көрсетпек болды. Бұл легитимділік жағынан өте маңызды процедура. Халықтың қатысуы, референдумға баруы, тіпті қарсы дауыс беруі де позиция, бұл позицияны сыйлап, ондай көзқарастың барына дағдылануымыз керек. Оны да сарапшылар зерттеуі қажет. Референдумның өткізілуінің өзі билікке сигнал, халық қолдады. Енді бұл референдумнан кейін қандай реформалар жүргізіледі? Бәрі де конституциялық реформаларды жүзеге асырудың сапасына байланысты. Сонымен қатар қазіргі таңда Президенттің өкілеттіктеріне ерекше мән беріліп отыр. Біз президенттік республика болып қала береміз, референдумнан кейін парламенттік республикаға айналмағанымызды нақты айтуымыз керек. Сондықтан акцент Парламентке қойылу керек. Бұл жерде заң шығарушы орган және жергілікті органдарға адамдардың сенімін арттыру механизмі жақсартылып жатыр. Неге? Өйткені бұрын партиялық тізім бойынша құрылған Парламент партияның ғана көзқарасын жеткізсе, енді мажоритарлық, яғни пропорционалды жүйемен аралас, жеке сайлау учаскелерінен, өңірлерден жеке адамдар шығады. Сондай-ақ ол депутатты қайтарып алу процесі енгізілмек. Мұның бәрінің механизмдерін, бағдарламаларын жасау керек. Содан кейін Парламенттің рөлін арттыруымыз қажет. Президенттік биліктің беделі жоғары болғандықтан, биліктің қалған тармақтарына халықтың сенімі бәсең еді. Ал референдумнан кейін Парламентті күшейту, оның беделін арттыру керек екенін көріп отырмыз. Сондықтан басымдық осыған жасалуға тиіс.
Сондай-ақ жергілікті жерлердегі мәслихаттардың мәртебесінің жоғарылауы, өңірлердің басшысын тағайындау үшін кемінде екі кандидатураның ұсынылуы және олардың өз жобаларын қорғауы бәсекенің көрінісі. Бұл халықтың саяси мәдениетінің өсуіне ықпал етеді.