Қазақстанда екінің бірі Петербор форумындағы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін қызу талқылап жатыр. Ел ішінен бөлек, Қытайдың да жаңалықтар рейтингінде "Қазақстанның Луганскты мойындамайтыны" туралы ақпарат бірінші орынға шығып кеткен.
Ресейлік саясаткер, мемлекеттік думада бұрын депутат болған Евгений Ройзман Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің "сөз шарпысуына" өзінше баға беріпті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Петербор экономикалық форумында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның "ДХР" мен "ЛХР"-ды мойындамайтынын ашық айтқан. Одан бөлек Қазақстанға қарсы ақпараттық шабуыл жасайтын ресейлік жекелеген мәдениет және ақпарат саласының насихатшыларына ескерту жасаған. Өз кезегінде Ресей президенті Владимир Путин "ескі әніне" басып, Қазақстан президентінің есімін "Кемелжемелович" деп, қате айтты. Путин Тоқаевтың атын бұрын да дұрыс атамаған кездері бар.
Ресейдің "Живой Гвоздь" ютуб-арнасында таяуда ресейлік Евгений Ройзман атты саясаткері осы оқиғаны сараптап шыққан.
"Тарихшы ретінде сіз (жүргізушіге) Қазақстанның Ресей құрамына қалай кіргенін білесіз. Одан бір кісідей хабарыңыз бар. Мәңгілік көрші әрі ешқашан ешқайда кете қоймайтын қазақтардың наразылығын (Ресейге деген) білесіз. Ол – Солтүстік Қазақстандағы әдейі жүргізілген ашаршылық", - дейді Евгений Ройзман.
Осы кезде саясаткердің әріптесі ашаршылық "Қазақстанның солтүстігінде ғана емес, бүкіл Қазақстанда болғанын, отызыншы жылдары қазақтардың үштен бірі қырылып қалғанын" еске салды.
"Иә, қазақтар саны жағынан өз ұлтымен салыстырып есептегенде, бәрінен көп адам жоғалтқан халық. Ешкім де оны ешқашан ұмытқан емес. Бұл өте үлкен әңгіме. Мені не таңғалдырды? Сол жиында (Петербор экономикалық форумында – авт.) айтылған сөздердің түсініксіз болғаны соншалық, ол сөздер тіпті бір-біріне қарама-қайшы болып та жатты. Екіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев өзін қалай ұстамды, зиялы, ойлы ұстағанына мән беріңіздер. Салыстырып қарасаң, жер мен көктей (Ресей президентімен салыстырып отыр – авт.). Оған (Тоқаевқа – авт.) деген құрмет пайда болды. Оны сол жерде бәрі көрді", - деп жалғастырады сөзін Ройзман.
Ресейлік саясаткер Қасым-Жомарт Тоқаев ұзақ уақыт бойы Біріккен Ұлттар ұйымында еңбек еткенін, көп тіл білетінін, президенттікке дейін дипломат болғанын, форумда өзін бір елдің басшысы деңгейінде лайық ұстағанын айтады. Ол сонымен қатар, екі елдің басшысының айырмашылығын бәрі көргенін де атап өтеді.
"Иә, оның жағдайы күрделі. Дәл қазір өзін "тәртіпті" ұстауға мәжбүр. Бірақ жалпы бәріне тәртіпті болу керек, негізі. Оған қоса Тоқаевтың шығыс халықтарына тән тәрбиесін байқаймыз. Ол тәртіпті болу керектігін түсінеді. Көпшіліктің алдында оны қорласа да (бұл жерде Ройзман Путиннің Тоқаевтың атын қате айтқанын меңзеп тұр – авт.), ол өзін тәртіпті ұстап отыр. Бірақ меніңше адамның атын дұрыс атамау жағдайлары ешқашан ұмытылмайды. Бұрын шенеунік болған өз басым бір кісідей білемін: кез келген шенеуніктің атын басқа бір шенеунік атын атамай, басқа атпен атаса, "аппарат тілінде" бұл жағдай сенімен ол адамның санаспайтынын, сені көзге ілгісі келмейтінін білдіреді. Кез келген шенеунік үшін бұл өте салмақты сигнал. Бұл – сені құрметтемеудің белгісі", - дейді ол.
Евгений Ройзманның айтуына қарағанда, Путиннің Тоқаевтың атын көпшіліктің алдында қате айтуының осындай астары бар.
"Меніңше, Тоқаев өз позициясын нақты білдірді. Адамша айтты. Екіншіден, Тоқаев "ДХР" немесе "ЛХР" туралы айтылар болса, келесі тақырып Петропавлда да сондай әңгіме қозғалуы мүмкін екенін жақсы біледі. Кезінде бұл тақырыпты естеріңде болса Лимоновтардың көтергенін білесіздер ғой. Тоқаев ойлы адам – бәрі беске білетін әңгімені айтып отыр. Менің ойымша, "ДХР" мен "ЛХР" - Украинаның "денесіне" әдейі салынған жарақат іспеттес. Ол (Тоқаев – авт.) әр нәрсені өз атымен атап отыр", - деп түйеді саясаткер.