Биылғы жылдың 22 мамырында Еңбекшіқазақ ауданының Шелек ауылында жаңғыртудан өткен ауылдық кітапхананың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Руханият пен білімнің алтын бесігі саналатын мәдениет ордасының жаңа келбетке енуі ауыл тұрғындары мен оқырман қауым үшін ерекше қуаныш пен тарихи маңызға ие оқиға болды.
Кітапхана – сөз өнері мен рухани құндылықтардың тоғысқан қасиетті мекені. Мұнда әрбір оқырман әдебиеттің мөлдір бұлағынан сусындап, кітап арқылы таным көкжиегін кеңейтеді. Әр кітап – тұтас бір әлем, әр парақ – терең ой мен тағылымға толы қазына.
Кітапхана ауласында ұйымдастырылған мерекелік шара «Алатау әуендері» МКҚК-ның «Құлансаз» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің орындауындағы «Көңіл толқыны» күйімен ашылып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Салтанатты жиында сөз алған азаматтар кітапхананың қоғам өміріндегі ерекше рөліне тоқталып, жаңарған руханият ордасы өскелең ұрпақтың білім мен парасат жолындағы шамшырағына айналатынын атап өтті.
Шара барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру» бастамасының маңызы ерекше екені айтылды. Мемлекет басшысы кітапхананың тек кітап сақтайтын орын ғана емес, ұлттың интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыратын маңызды рухани орталық екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Шынында да, кітапқа жақын қоғамның танымы терең, ой-өрісі кең, рухани әлемі бай болады.
Зерделі ұлт қалыптастыру жолында кітапханалардың орны айрықша. Өйткені кітап – адамзат ақыл-ойының асыл мұрасы болса, кітапхана – сол мұраны ұрпақ санасына жеткізетін алтын көпір. Жаңарған Шелек ауылдық кітапханасы да ендігі жерде жастардың ізденісін қолдап, білім мен мәдениетті ұштастыратын заманауи рухани орталыққа айналмақ.
Мерекелік шарада алғашқы құттықтау сөз Алматы облысының әкімі Сұлтанғазиев Марат Елеусізұлына берілді. Аймақ басшысы кітапхананың жаңаруы – келешек ұрпақтың білімін арттыруға, ғылым мен интеллектуалдық әлеуеттің дамуына бағытталған игі іс екенін атап өтіп, кітапхана қорына заманауи сұранысқа ие 100-ден астам кітапты тарту етті. Олардың қатарында Мұхтар Әуезовтің екі томдық «Абай жолы» романы, Мұхтар Мағауиннің 26 томдық шығармалар жинағы, Кемел Тоқаевтың «Түнде атылған оқ» романы және балалар әдебиетінің таңдаулы туындылары бар.
Сондай-ақ Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымының Бас хатшысы Раев Сұлтан Әкімұлы мен ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Нұрғалиева Ғазиза Құдайбергенқызы құттықтау сөз сөйлеп, кітапхананың ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен жас ұрпақтың рухани тәрбиесіндегі маңызын ерекше атап өтті.
Шара барысында кітапхананың жаңаруына қолдау көрсеткен азаматтарға алғыс білдіріліп, мәдениет ошағының лентасы салтанатты түрде қиылды. Қонақтар кітапхана ғимаратын аралап, жаңа бөлімдермен танысты. Кітапхана директоры Жанабилова Дариға Әділжанқызы арнайы экскурсия өткізіп, балалар бөлімі, оқу залы, абонемент бөлімі, коворкинг орталығы, конференция және интернет залдарының мүмкіндіктерін таныстырды.
Жаңартылған кітапханада балаларға арналған жайлы оқу аймағы, 40 орындық коворкинг орталығы, түрлі форматтағы мәдени-ағартушылық іс-шараларды өткізуге арналған конференция залы және заманауи цифрлық технологиялармен жабдықталған интернет бөлімі қарастырылған. Сонымен қатар кітап қорын цифрландыру және БАРЫС бағдарламасы арқылы әдебиеттерді жүйелеу жұмыстары қолға алынған.
Жаңарған Шелек ауылдық кітапханасы – кітап пен білімге құштар оқырмандардың басын қосатын, рухани құндылықтарды дәріптейтін және жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыратын маңызды мәдени орталық. Бұл игі бастама келешек ұрпақтың сапалы білім алып, ғылым мен зияткерлік дамуға ұмтылуына жол ашып, зерделі ұлт қалыптастыру ісіне өз үлесін қоса беретіні сөзсіз.
Ә. ФАЗЫЛОВА,
Алматы облысы















