Мен 1975 жылы көктемде Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеп оралдым. Көп өтпей ағам Қанат үйленді. Тойлары Алматыда болып, мен үйге қарау үшін ауылда қалып, қатыса алмадым. Әке-шешемнен естуімше, тойлары өте жақсы өтіпті.
Тойдан кейін келінді ауылға алып келді. Сол кезде бірінші рет жеңгем Айжанды көрдім. Ол Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп жатыр екен. Ал Қанат физкультура институтының студенті болатын. Содан әке-шешем қай орыстың есігін сағалап жүресіңдер деп, Севанская деген көшеден шағын үй алып берді. Жеңгем облыстық «Жетісу» газетіне жұмысқа орналасты.
1976 жылы қалаға аға-жеңгемнің үйіне келдім. Оқуға түсемін деп ышқынып-ақ едім, жолым болмады. Бүкей әкем бір мекемеде басшылық қызметте еді, өз қол астына жүргізушілік жұмысқа алды. Күзге қарай Алматы Ауылшаруашылығы институтының дайындық бөліміне қабылдандым. Келер жылы бірінші курсқа түскен кезімде аға-жеңгемнің тұңғыштары Қарлығаш дүниеге келді.
Иә, сол күнгі қуанышымыз әлі есімде. Айрықша қуанған әкем Таубалы мен анам Несіпхан болды. Енді қалай масайрамасын, өмірге тұңғыш немере іңгәлап келіп жатса! Інілері Бүкей, Майкен әкелерім жеңгелерімді қастарына қосарлап жетті. Олардың ұл-қыздары әлі үйленіп, тұрмыс құра қоймаған кезі. Қарлығаш – Шаңгерей атамыздан тарайтын әулеттің тұңғыш немересі. Айтылмаған тәтті тілек пен жан жадыратар жақсы сөз қалмаған шығар-ау!
– Тауке, жеңеше, сіздер ата, әже болдыңыздар, – деді сөз арасында Бүкей әкем. – Атам қазақтың тұңғышты ең кенжесіндей көріп, өздеріне телитін әдемі дәстүрі бар емес пе? Сіздер де сол дәстүрді жалғастыратын шығарсыздар?
– Ол не дегенің, енді сол үрдісті әрмен қарай ұластырамыз деп Нарынқолдан құстай ұшып жеттік қой. Ұл – өзіміздікі, ал келініміз ондай ата дәстүрді өте жақсы білетін өз жағымыздан, – деп қазан-ошақ жақта жүрген Айжанға мойнын бұрып қарап еді, атасының сөзін естіген екен:
– Аталарым, ондай салтты аттап кете алмаймыз. Алла бергенінен жазбаса, одан кейінгілері Қанат екеуміздікі болады ғой, – деп еді, үш ата мен үш апасы әбден риза болды. Үйдің ішін көңілді күлкілері кернеді.
– Жарайсың, айналайын Айжан, әдепті, ақылды келіннің ойын аңдатып, лебізін білдірдің. Бақытты болыңдар, ұл-қыздарың көп болсын. Әулетімізді көбейтсеңдер, аруақты аталарың сендерді де қолдап, қорғайды, – деді Майкен әкем.
Қарлығашты қырқынан шығарғанда да әкелерім мен анам, жеңгелерім және келді. Не деген бақытты, шаттықты шақтары еді десейші! Сол уақытта ондай сәттердің өте сирек болатынын, сөйтіп қайталана бермейтінін өздері де, біз де біле қоймаппыз-ау деймін...
Қарлығашымыз кішкене қатайып, сәби күлкісін шығара бастағанда ауылдан әке-шешеміз келіп, енді өз қызымызды өзіміз бағамыз деп ауылға алып кетті. Айжан бірер аптадан соң газеттегі қызметіне кірісті.
Осылай бәрі ғажап, өмір қандай тамаша деп жүргенде аспаннан жай түскендей болды. Қанат ағам 1978 жылы, тура жиырма бес жасында кенеттен қайтыс болды. Ботадай боздап анам келді. Етегі жасқа толып жеңгем қалды. Сол уақытта екіншісіне аяғы ауыр болатын. Соған зияны тимесе екен дедік.
«Қой, сендерді бұл үйден көшірейік» деп, әке-шешем тұрып жатқан үйді сатып, бұрынғы Многоводная, қазіргі Орманов көшесіндегі үйді алып берді.
Міне, сол үйде Айжан ай-күні жетпей, жеті айлығында перзентханаға түсті. Жолдасынан мезгілсіз айырылған қасіреті жай кетпепті. Әйтеуір аман-есен аяқ-қолын бауырына алды. Бәріміз ұл болса екен деп тілеп жүрген нәрестеміз қыз болды. Әруағыңнан айналайын ағамның көзі ғой деп қуандым. Сол үйде тұрып, оқуымды жалғастыра бердім. Бір күндері жап-жас, әдемі, басы бос екенін білген азаматтар сөз сала бастағанын байқадым. Енді өстіп жүре бермесі айдан анық. Егер кете қалса, екі қызды да ала кетемін дері күмәнсіз. Құдай ондайдың бетін аулақ қылсын! Бірақ үлкендер «жаман айтпай, жақсы жоқ» деген ғой. Егер тура әлгіндей болса, әке-шешем қандай күй кешеді? Әбден бауыр басып қалған Қарлығашты тірідей бермейтінін білемін. Басқа адам оған өз әкесіндей қарай ма?
Енді әзілім де, әңгімем де жарасып жүрген туған жеңгем емес пе? Бір күні кешкі шәйімізді ішіп отырып, талайдан бері түрткілеп қоймаған ойымды, өзімді қинап отырып әзер дегенде сыртқа шығардым. Бетіме жалт қарады. Бәрін арыдан ойлайтын ақыл иесі екен:
– Баукен (әу бастан солай дейтін-ді), сен жассың ғой. Бірақ біздің тағдырымыз тыншытпай жүргенін өзім де іштей сезуші едім. Ақыры көкейіңдегіні айтып тындың ғой. Мен қарсы болмай-ақ қояйын, бірақ бұған үлкендер не дейді? Сол кісілерді де ойлайықшы, – деді бәсең үнмен.
– Әбден ойладым. Ол кісілерден жақын кісі бар ма? Сені де ұстап тұра алмайтындарын біледі. Жап-жассың. Мені де өз теңін тауып, той жасатса екен дейді. Бірақ, әңгіменің тоқетері, мына екі періштені ешкімге жаутаңдатқым келмейді, – дедім бар айтарымды кесіп-пішіп.
Ол үнсіз отырып қалды. Себебі аяулы да ардақты әке-шешемнің ойымызды ұната қоймайтынын білген екен. Ойпырмай десейші, ол екеуін осыншама өкпешіл болады деп ойламаппын, содан жылдар бойы жүздері бір жылымай-ақ қойды. Ленамыз келді өмірге, қуанған түрлерін көрсетпеді. Жұлдызымыз келді жарқырап, тағы да әлгіндей жағдай. Азаматымыз өмірдің есігін ашты. Бұл 1987 жыл. Біздің отбасымыз үшін ең жақсы жыл болды. Ұлды болдық. Айжан көп жыл қызмет еткен «Жетісу» газетінде кезегі келіп, үй алды. Үй болғанда қандай үй! Қаланың қақ ортасы дерлік жерде, Есентай өзенінің бойында. Төрт бөлмелі кірпіш үй.
Айналайын Айжан-ай, сонда ақылы асқан жан екеніңді тағы да көрсеттің-ау!..
– Баукен, ана кісілердің жасы келді. От жағып, су таситын үйде қинамайық. Мына алып отырғанымыз жылы да жайлы үй ғой, сол кісілер келіп тұрсын. Біз жаспыз. Ана үйге бала-шағамызбен біз барайық, – деді. Мен не дейін? Өз әке-шешем емес пе, маған да сол кісілердің жадырап жүргені, риясыз күлгені керек. Алдарына балаларымызбен бір қауым болып барып, әлгіндей ұсыныс айтқанымыз көп жылдан бергі қатулы қабақтарындағы тоңды жібітіп жіберді. Мен де әп-сәтте еркінсіп, елпілдеп қалдым.
– Біраз уақыт тұрдық. Журналистердің үйі. Қарсы беттегі пәтерде өзіңіз үзбей оқитын «Спорт» газетінің бөлім меңгерушісі, атыраулық Жүсіп Қисымов тұрады. Екі қабат төменде «Жетісу» газетінде жауапты хатшы болып істейтін Жұмаш аға Арғынбаевтың пәтері болса, үстіміздегі қабаттағы «Ана тілі» газетінің редакторы Жарылқап Бейсенбаевты «Лениншіл жаста» жұмыс істеген кезінен жақсы білесіз. Жазғандарын жібермей оқушы едіңіз ғой, – дегенімде, бір кездері аудан басшыларының бірі болған кісі емес пе:
– Ендеше кілең жазушылардың ортасына барады екенмін, мен де жазушы болып кетпейін, – деп күліп жіберді. Анам кітапханашы болып істеген, көзі ашық, көкірегі ояу жан:
– Онсыз да жаза алатын адамсың, ең болмағанда қатарластарың секілді өмірбаяндық кітабыңды жазарсың, – деді құптай қосылып.
Кейін анамның сол айтқаны айнымай келді. Әкеміз жетпіс жылдығы кезінде өткеніне ой жүгіртіп, ғұмырнамалық кітабын шығарды. Ал біздің басымызға бас қосылып, кенже қызымыз Қуанышымыз келді өмірге.
Уақыттан өткен жүйрік жоқ екен. Әйтпесе осының бәрі күні кеше ғана болғандай көрінеді. Сырт көз – сыншы. Өзім жөнінде айта алмаспын. Жүрегім бұрынғымдай. Балаларымызды алайыншы: Қарлығашымыз жоғары білімді дәрігер, бүгінде шетелдік фирмада қызмет етеді. Жолдасы Айдын өзім секілді инженер-механик. Айша, Амели деген қыздарының өзі бойжетті. Динамыз ағылшын, испан тілдерінің маманы еді, қызы Нұрсұлумен Испанияда тұрады. Лена кішкентайынан өнерге құштарланып өскен. А.Жұбанов атындағы мектептің түлегі, скрипкашы. Т.Жүргенов атындағы академияны бітірді. Астанада өнерге бейім ұл-қыздарды оқытатын өзінің жеке студиясы бар. Жолдасы Максимнің қызметі «Қазатомпромда». Жұлдызымыз сурет салуды ұнататын. Т.Жүргенов академиясын бітірді, дизайн маманы. Жары Азамат та осы оқу орнын бітірген, режиссер. Мәдина, Айару, Айрис есімді жиен қыздарымыз желкілдеп өсіп келеді. «Арпа ішінде бір бидай» демекші, Азаматымыздың мамандығы заңгерлік, қазір кәсіпкерлікпен айналысады. Сүйікті келініміз Әнел екеуінен көрген Айлин, Әлембатыр, Амели және Иманәли деген айдай әдемі, күндей көркем немерелерімізді көрмесек тұра алмаушы едік...
Айжан қиналып, аурудың азабын тартып жатқанда қасымызда Қуанышымыз болды. Ол да жоғары білімді экономист. Жолдасы Мәулен екеуі егіз – Мұстафа мен Мариямның ата-анасы. Айжан екі сәбиді өз қолымен қырқынан шығарды. Содан кейінгі күндерде әдемі қылықтарына қызыға қарап жатушы еді...
«Еді» деуімде гәп бар. Қырық алты жыл бір шаңырақ астында ищай десіспей тірлік кешкен айдай Айжаным осыдан бір жыл бұрын бәрімізді жылатып, мәңгілік мекеніне кетті де қалды. Бірақ бұл біз күткен қайғы еді. Тура бес жылдай ауырып, адам төзгісіз азабын шекті. Айтып келген ғасыр тажалына қарсы тұра алмадық. Күллі бала-шағамыз, соның ішінде Азаматымыз аянып қалмады. Ел ішіндегі емші-домшыларды да қоймады, атақты онколог ғалым-дәрігерлерге де көрсетті. Тіпті Кореяға да апарды. Өзім ілесе барып, жанында болдым. Түріктердің медициналық орталықтарын да көрдік. Ананы айт та мынаны айт, айналып келгенде тіктеп келген ажалы екен, қазан айының отызы күні үйде, бәріміздің көз алдымызда о дүниеге аттанды.
Бұрын бар ауыртпалығына төзген едік, мына қабырғамызды қайыстырған қасірет еріксіз басымызды игізді. Көз жасымызды көлдете жүріп, Бесағаштағы атасы, қайынсіңлісі Алманың немересі жатқан зиратқа арулап қойдық. Бейіті төбеге қарай көтеріліп бара жатқан жолдың оң жақ жиегінде, кідіре қалып тағзым етуге өте оңтайлы жерде. Ел секілді басын қарайттық. «Суретімді салмай-ақ, Айжан Бейсенқызы Сәркеева деп аты-жөнім мен өмірге келіп, кеткен уақытымды жазсаңдар жетеді» деуші еді. Айтқанынан асырмай жасадық. Өмір бойы ығымда өткен, «Баукенім, Баукенім» деп кеткен Айжанымның сөзі – сөз! Айтқанын асырмай жасадық. Ең бақытты жылдарымды бірге өткізіп едім, оған қалай разы болмайын?..
Иә, Айжан, бәрі-бәріміз сені сағындық!
Бауыржан ШАНГЕРЕЙ,
Алматы қаласы