ШАҺАРДА АТҚАРЫЛҒАН ШАРУА КӨП

ШАҺАРДА  АТҚАРЫЛҒАН ШАРУА КӨП

Тараздың орталық көшелерінде жүргізіліп жатқан «М1» жылу жүйесінің жаңғырту жұмыстары бүгінде әулиеаталықтармен қатар халық қалаулыларының да жіті назарында. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков Тараз қаласына жұмыс сапарымен келіп, бірінші кезекте жылу магистралінің жөндеу жұмыстарымен танысты.

«М-1» жылу магистралі 1990 жылдан бастап 34 жыл бойы үздіксіз қызмет көрсетіп келеді. Жалпы ұзындығы 6 138 метрді құрайды. Жылу желілерінің қолдану мерзімі 25 жыл екенін ескерсек, магистральдің күрделі жөндеуді қаншалықты қажет ететіні айтпаса да белгілі. Осыған орай, шаһарда «Тараз қаласы Сыпатай батыр, Төле би, Қ.Тұрысов көшелерінің бойындағы «М-1» жылу магистралін қайта жаңғырту» жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған болатын.

– Жобаны іске асыру барысында «Сарыағаш-Аман» ЖШС мердігер болып танылып, 19 сәуірде жұмысты бастап кетті. Техникалық қадағалаушысы – «АДС Сапа» ЖШС және авторлық қадағалаушы «Институт «КазНИПИЭнергопром» АҚ-мен келісімшарттар жасалған. Қазіргі уақытта құрылыс басында 150-ге тарта жұмысшы, 15 шақты техника еңбек етіп жатыр. Жылу камераларын монтаждау, қазбадан шыққан қалдықтарды тасу кезінде олардың саны тағы да көбейеді. Бүгінгі таңда жүйелі жұмыстың нәтижесінде, 2 бөлікте құрылыс аяқталды. Ондағы судың қысымы да тексеріліп, қалыпта екені анықталды. Осының нәтижесінде, белгіленген уақыттан 15 күн алда келе жатырмыз, – деген қала әкімі Бақытжан Орынбеков мердігермен өзара келісім нәтижесінде құрылыс мерзімін қысқартып, 15 қыркүйекке дейін толық аяқтау көзделіп отыр екен.

Өз кезегінде Бекболат Серікбекұлы аталмыш жобаның 500 мыңға жуық халқы бар Тараз үшін маңызы өте зор екеніне тоқталды.

– Өткен жылғы қыстың қатты болуы салдарынан еліміздің бірқатар қаласында тозығы жеткен жылу желілері шыдамай, төтенше жағдай орнады. Тексеріс барысында жұртшылықты жылумен қамтитын құбырлардың 80-90 пайызы жарамсыз екені белгілі болды. Мұндай жағдай болуы ықтимал екені бұрыннан бері айтылып келе жатыр еді. Алайда нақты қолға алынбаған болатын.

Осындай оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында жер-жерде жылу желілеріне жаңғыру жүргізіліп жатыр. Соның қатарында Тараз қаласының да бары қуантып отыр. Алдағы уақытта облыс орталығындағы «М-3» жылу магистралін де жаңғыртудан өткізу үшін ел Үкіметіне өтінім берілген.

Айта кетер жайт, құрылыс аяқталған соң қазылған жерлер толықтай көміліп, нығыздалып, жол жабыны тегіс төселуі қажет. Осы ретте бұл жұмыстардың уақытылы әрі сапалы орындалуын мердігер өз мойнына алып, жергілікті әкімдік бақылауында ұстауы қажет, – деді Сенат депутаты.

Келесі кезекте Бекболат Орынбеков Төле би даңғылының бойында орналасқан 11 көпқабатты тұрғын үйді жөндеу жұмыстарын көрді.

Тараз қаласына бірыңғай сәулеттік келбет беруге бағытталған жоба аясында «Күмбез-Тас» ЖШС жобалық-сметалық құжаттама әзірлеген болатын. Жарияланған конкурс нәтижесінде, «Қаратау құрылыс 2030» ЖШС жеңімпаз болып танылған еді. Техникалық қадағалаушы ретінде «Аскос+» ЖШС анықталған.

– Көріп тұрғаныңыздай, Төле би даңғылында орналасқан №38, 40, 44, 48, 50, 52, 54, 56, 57, 58, 59, жалпы саны 11 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбеттерін, шатырларына күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұл жұмыстар қаланың орталығындағы көпқабатты үйлердің келбетін бірдейлендіру, сәулеті мен сәнін арттыру мақсатында қолға алынып отыр.

Атап өтер мәселе, тұрғындармен өткізген кездесулер барысында үйлердің фасады мен шатырын мемлекет тарапынан жөндеуден өткізіп беруге, ал ішкі жөндеу мен инженерлік инфрақұрылымын ауыстыру жұмыстарын тұрғындардың өз есебінен жүргізуге келіскен едік. Бұл жұмыстар Тұрғын үйлерді модернизациялау бағдарламасы аясында жүргізіледі. Жалпы биыл Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бойынша 53 көппәтерлі тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу көзделуде, – деді шаһар басшысы.

Өз кезегінде сенатор аталған шешімнің оң болғанын айтып, орталықтағы ғимараттарды жаңғыртудан өткізу кезінде қаланың тарихи-сәулеттік келбетін сақтап қалу қажеттігін атап өтті.

Содан соң Бекболат Серікбекұлы Тараз қаласындағы «28 саяжай», «Құмшағал», «Шөлдала», «Казарма» тұрғын алқаптарын ауызсумен қамту жұмыстарының жайын көріп қайтты.

Аталған алқаптарда 25 мыңнан астам адам тұрады. Олардың таза ауызсуға қажеттілік барын айтып келе жатқанына біршама жылдың жүзі болған еді. Осы мақсатта ауқымды жұмыстар қолға алынып, алқаптарға су құбырлары тартылған. Сонымен қатар су жинағыш қоймасының да жұмысы жүйеленген. Аталған жұмыстарды мердігер «Мелиоратор» ЖШС жүргізген.

– «28 саяжай», «Құмшағал», «Шөлдала», «Казарма» тұрғын алқаптарында барлығы 7 мыңға жуық су тұтынушы абонент бар. Оларды ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында жоғарыда аталған жобалар жүзеге асырылып, су беру 20 маусымнан басталып кетті. Қазіргі уақытта 2 мыңнан аса абонент үйлеріне ауызсу кіргізіп, қызығын көріп отыр. Қалған 5 мыңға жетеғабыл абоненттің үйлеріне су кіргізу жұмыстары жуық арада аяқталады деген жоспар бар. Бұл үшін үй-үйді жұмыстар қолға алынған. Айта кетер жайт, тұрғындардың қалтасына салмақ салмау үшін су есептеу құрылғыларын орнату мердігердің есебінен жүргізіліп жатыр. Тұрғындар тек ауласына тартылатын құбырдың құнын төлесе болғаны, – деді қала әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил.

Жүргізілген жұмысқа жоғары бағасын берген халық қалаулысы бірлесе жүзеге асырылатын бірқатар жұмысты алға тартып, тұрғындардың талап-тілегін уақытылы орындаудың маңызы жоғары екенін тілге тиек етті.

Сапары барысында Бекболат Орынбеков Тараз қаласындағы «Барысхан» және «Бурыл А, Б, В» тұрғын алқабына асфальт салу жұмыстарымен танысты.

Қала әкімінің орынбасары Қ.Исмаилдың берген мәліметіне сәйкес, алқапта 24 көше бар. Олардың жалпы ұзындығы 16,2 шақырымды құрайды. Өткен жылы негізгі көше толықтай асфальтталып, жаяу жүргіншілер жолы салынған. Биыл 7 көшеде осындай жұмыстар жүргізу жоспарланып, бұл мақсатта 800 миллион теңге бөлінген. Қаражат түскен соң, аталған жұмыстар толықтай басталмақ.

Алқапта жүргізілмек жобалардың жоспарына оң көзқарас танытқан Сенат депутаты құрылыстың сапалы әрі мерзімінде жүргізілуі аса маңызды екенін жеткізді.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ,

Тараз қаласы

 

10.07.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 127
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 126
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 642
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 760
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 673
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 685

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8820
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8219
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11446
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9201
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10429