Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында балық шаруашылығына айрықша көңіл бөлу қажеттігін айтқан болатын. Түркістан облысында балық шаруашылығымен айналысуға ниетті кәсіпкерлер саны артып келеді. Соның бірі – Сайрам ауданы, Ақсукент ауылының тұрғыны, кәсіпкер Қалдыкүл Ермекова. Ол балық шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, қажетті құрал-саймандар сатып алған. Кәсіпкер 2024 жылдың маусым айында өз бизнес жобасын ұсынып, комиссия шешімімен қайтарымсыз 1 476 800 теңге алған.
Қазіргі таңда Қалдыкүл Ермекова жеке кәсіпкерлігін ашып, өз жұмысын дөңгелетіп отыр. Бүгінде мұндағы көлемі 40, 120 текше метрлік бассейндерде фарель, сазан және бекіре балықтары бар.
– Қазір кәсіп бастаймын немесе кәсібімді ұлғайтамын дегендерге мемлекет тарапынан түрлі жағдайлар жасалынып жатыр. Қайтарымсыз мемлекеттік грант соның бір дәлелі. Бұл шағын іс бастауға қаражаты жоқтарға немесе қаражаты жетпеген белгілі бір санаттағы азаматтарға үлкен көмек. Мысалы, мен қолымнан келетін кәсібімді мемлекеттің осынау көмегі арқылы бастағаныма өте қуаныштымын. Бұл берекенің бастауы болса керек, – дейді грант иегері.