ДСМ деректеріне сәйкес, синтетикалық есірткіге тәуелді қазақстандықтар саны соңғы бес жылда 14 есеге өскен. Мамандар пікірінше, әсіресе синтетикалық психотроптық заттар өте қауіпті. Елімізде есірткіге әуес жасөспірімдерді анықтау үшін жаппай скринингтен өту міндеттелуі мүмкін.
«Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын» дейді хакім Абай. Кейде маңайға қарайсың да, ұлы ақын осы күнді суреттеген бе дейсің. Қазіргінің адамы азғындық атаулыға әуес. Тарықпаған соң, тартынып қайтсін?! Сөзіме сенбейсіз бе? Жыл басынан бері өңірде есірткі қылмысы 66 мәрте бой көрсетіпті. Өткен жылға қарағанда атаулы қылмыс бәсеңдеген. Дейтұрғанмен, тәркіленген «удың» мөлшері еріксіз сан соқтырады. 34,6 келі. Былтыр осындай мезгілге дейін 29,16 келі анықталған еді. Қылмыскерлер әрекетін азайтқанмен, тасымалдаған, таратқан, өндірген есірткі көлемі едәуір көп.
Ол – ол ма? Талайдың санасын улаған синтетикалық есірткіден салымыз суға кетіп отыр. Бар-жоғы алты айда құқық қорғаушылар 50 келіден аса синтетик тәркілеген. Өткен жылдың алғашқы алты айында 2-ақ келі «құрыққа ілініп» еді. Осы дәйекке қарап, көп замандастың «ермегі» синтетик екен деген болжам бой көрсетеді. Құқық қорғаушылардың сөзіне сенсек, есірткінің «ғылыми жетістігіне» 16 мен 30 жас аралығындағылар ерекше әуес. «Кристалл», «тұз», «меф», «мияу-мияу» деген сөзді жастар арасында жиі естіп жүрген шығарсыз? Бұл сол синтетиктердің түріне орай қойылған сленг-атаулар. Негізі құрамына қарай дәуір уы екіге бөлінеді: марихуана тектес синтетик JWH (джи-ви-аш) деп аталса, мефедрон тектестері тұз (соль) деген атқа ие.
«Заманың сенің құбылды, текеметтің түріндей» демей ме Шортанбай Қанайұлы. Қылмыс атаулы сандық технология тұрмысқа дендеп енгелі түрленіп-ақ келеді. Құқық қорғаушылардың қолын «қысқартып» отырған да осы жай. Мәселен, синтетикалық есірткі алғысы келген кісі әлеуметтік желіге, әсіресе, телеграм бағдарламасына кіреді де, бір реттік жарнамаларды іздейді. Уыттың көлемін белгілеп, электронды сауда жүргізеді. Арғы беттен саудагер есірткі орналасқан жердің фотосын жібереді. Бұдан кейін сатушымен байланыс үзіледі. Қайта хабарласу мүмкін емес. Әккі ізін суытады. Синтетикалық есірткі айналымының едәуір, едәуір дегеніміз кемшін болар, аса үлкен көлемге жетуіне бірден-бір себеп – сатушы мен сатып алушы, өндіруші мен тапсырыс берушінің арасындағы байланыс онлайн форматта жүзеге асады. Біреу-біреумен бетпе-бет қарым-қатынасқа түспейді. Бір мәрте онлайн байланыстан соң қылмыскерлер із суытады. Айтпақшы, синтетик өндірушілер мен сатушылар сіз бен біз түсінбейтін заманауи жарнамаларды да өз кәдесіне жаратып отыр. Кәдімгі көше бойында ашықтан-ашық есірткі барын жарнамалайды. Бірақ, оны синтетикке құмартқандар ғана түсінеді. Мұндай жарнамалар ғимарат қабырғасына салынған сурет болуы мүмкін. Бәлки, бәзбіреудің үйін саудаға шығарған жыртпа жарнаманың астындағы QR код болуы да бек мүмкін. Сіз бен біз мән бермейтін жарнама не белгі синтетик саудасын қыздырып отыр. Осындай «тышқан мен мысық» ойынын ұйымдастырған ғасыр уытын жасаушылар мен сатушыларды құқық қорғаушылардың құрықтауы аса қиын. Облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ведомствоаралық нашақорлықты үйлестіру және алдын алу тобының аға жедел уәкілі Меруерт Ысқақованың айтуынша, заманға қарай түрленген қылмыскерлерді құрықтауда тәртіп сақшылары бар күш-жігерін салуда.
– Жыл басынан бері есірткі таратқаны үшін 12 азамат құрықталды. Оның 2-еуі қыз, 4-еуі есірткі жасырушылар. Бұдан өзге Жетісу және Алматы облысы аумағынан 2 есірткіхана анықталып, жойылды. Оның бірі – Текелі қаласындағы Веселая поляна көшесінде орналасқан №44 үйден анықталды. Бұл мекенжайды Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны жалдапты. Қылмыскер «Telegram» қосымшасынан сілтеме тауып, ол бойынша хат жазысып жүрген, оның барысында белгісіз адамнан 1 келі дайын өнім үшін 1 000 АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйақы үшін «мефедрон» есірткі затын дайындау және сату жөнінде нұсқама алған. Бастапқыда «Marshall» атты «администратормен», ал кейіннен «Pilot» және «Ganzales» атты «кураторлармен» хат жазысқан. Есірткі өндіруге шикізатты геодеректер арқылы Ескелді ауданы, Балпық би кенті және Текелі қаласының шет жағынан алып отырған. Бұл жерге қылмысты онлайн ұйымдастырушылар жеткізіп берген. Қос тарап бір-бірін көрмеген, – дейді Меруерт Ысқақова.
Аға жедел уәкілдің сөзінше, синтетик өндірушілерді анықтауда қызметтік иттер едәуір көмегін тигізуде. Жетісу облыстық полиция департаменті кинологиялық қызмет орталығының «Олли» атты иті Алматы облысы Іле ауданына қарасты Дружба ауылында жеке тұрғын үйдің ауласынан тағы бір зертхана тапқан. Екі теңіз контейнерін жапсарластырып, ішіне заманауи қондырғылар орнатқан. Бұл зертханадан 45,7 келі синтетикалық есірткі, 28 мың АҚШ доллары табылған. Айтпақшы, ғасыр уытын даярлауға қажетті шикізат шетелден келеді екен. Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Мадияр Омаров айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сай атқарушы билік, күштік құрылымдар бірлесіп синтетикалық есірткінің жолын кесуге білек сыбанып отыр.
Синтетикалық есірткі өндіруші мен таратушыларды құрықтауға өңір тәртіп сақшылары мықтап кіріскен. Облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ведомствоаралық нашақорлықты үйлестіру және алдын алу тобының аға жедел уәкілі Меруерт Искакова жарнамалық провайдер «OLX Group» ЖШС-мен өзара әрекеттестік орнатылғанын, олардың көп көмегі тиіп отырғанын айтуда. Мәселен, жыл басынан курьерлік қызмет ұсыныстары деген желеумен есірткі «жасырушыларды» жұмысқа алу туралы 37 хабарландыру анықталған және жойылған. Telegram серверінің қазақстандық әкімшісімен де өңір полицейлерінің тығыз байланысы бар. Өткен алты айда есірткі сатумен айналысатын 56 чат анықталған.
Өңірдің құқық қорғаушылары тұрғындарды есірткімен бірлесіп күресуге шақырып отыр. Өйткені, синтетик өндіретіндер мен сататындар, тұтынатындар тым айлалы. Ал, ғасыр уытынан қоғамды арашалау үшін бірлік керек. Бірлік болғанда, Хакім Абайша айтқанда, ақылға бірлік. Сондықтан әрбір ата-ананы, бауырының, көршісінің, досы мен құрдасының амандығын ойлап, синтетик сенделтпеуін қалаған әрбір облыстың тұрғынын Жетісу облыстық полиция департаментінің дабылына құлақ түруге шақырамыз. Заман мен қоғам біздікі.
Есірткі тарататындарды ұстау, қылмысты ашу – ауқымды жұмыстың бір бөлігі ғана. Ең маңыздысы – алдын алу. Сондықтан бұл жерде «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген тәмсілге сай әрекет еткен жөн.