Шаруаға серпін берген жоба

Шаруаға серпін берген жоба

Ауылдық жердегі кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар соңғы жылдары нақты нәтижесін бере бастады. Әсіресе «Ауыл аманаты» жобасы – ауыл тұрғындарының кәсібін жандандыруға тиімді құрал. 2023-2024 жылдары бағдарлама аясында 16,2 мыңнан астам несие беріліп, 17,8 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Елді мекенде 540-тан астам кооператив құрылып, аймақтың экономикалық белсенділігі артып келеді. Ал биыл жобаны жалғастыру үшін қосымша 50 млрд теңге бөлініп, ауыл кәсіпкерлігін жаңа деңгейге көтеруге маңызды қадам жасалды.

Осындай мүмкіндікті тиімді пайдаланғандардың бірі – Атырау облысы Индер ауданының тумасы Сабыржан Қабдолов. Сол кезде ауылдағы мәдениет үйінде жұмыс істейтін ол бағдарлама туралы алғаш рет жиындарда естіген екен. Кейін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Индер аудандық филиалы мамандарынан кеңес алып, құжаттарды жинақтай бастайды. Бағдарламаға тек жұмыссыздар емес, тұрақты жұмыста жүргендер де қатыса алатынын білген соң, өзінің кәсіпкерлік бағытын айқындап, түйе шаруашылығын қолға алуға шешім қабылдайды.

Сабыржан Сержанұлының айтуынша, бағдарламаға қатысу әнебір қиындық туғызбаған.

– Мамандардың көмегімен құжаттарымды дайындап, Атырауға бардым. Құжаттарым дұрыс ресімделіп, өтінішім қабылданды. Бағдарлама арқылы 8,6 млн теңге алып, оның бәріне түйе сатып алдым. Өз аталарым да, нағашы аталарым да мал ұстаған, солардың жолын жалғауды мақсат тұтып, осы істі қолға алдым. Түйе – даланың малы ғой. Басында сауып, сүтін сатсам деп ойлағанмын, бірақ қызметім қалаға ауысқан соң үнемі қасында бола алмаймын. Дегенмен малды бақташы қарап отыр. Етін өткізіп, сұраныс түскен жерге жеткізіп береміз, – дейді ол.

Сабыржан сатып алған тоғыз інген мен келебасы – бураны күтіп-бағудың қиындықтары да аз емес. Оның үстіне биыл қарақұрттың көбейіп, түйе аурулары талай шаруаны әбігерге салған. Абырой болғанда мал дәрігерлерінің көмегімен көпшілігін аман алып қалған.

Облыста шаруашылықты жүргізу үшін жайылымдық жер мәселесі де өзекті. Қазір көп жерлер жекеменшікте болса да әлі қоршалмай, бұл аумақтар кәсіпкерлерге тиімді болып тұр. Егер қоршау жүргізілсе, жер тапшылығы сезілуі әбден мүмкін. Бұл да кәсіпкерді алаңдатқан мәселенің бірі.

Кәсіп иелері үшін тағы бір маңызды мәселе – шөптің бағасы. Техникасы ескірген шаруалардың шығыны азаймай, қосалқы бөлшектің құны қымбаттап тұр.

– Олардың жұмысына да түсіністікпен қараймыз. Қалай десек те аймақта жем-шөптің болуы – үлкен қолдау. Қазір қай салада да қымбатшылық бар, сондықтан көп нәрсеге түсіністікпен қараймыз. Ең бастысы, мемлекет мүмкіндік беріп отыр. Жайылымдық жер табылса, басқа түлік түрін де өсіріп, олардың басын көбейткім келеді. Халықты етпен қамтамасыз етуді де ойлаймын, – дейді кәсіпкер.

Бағдарламаға қатысқысы келіп, кеңес сұрай келгендерді Сабыржан кәсіпкерлік палатасындағы мамандарға бағыттайды. Ауылда тұрып, ата кәсіпті жалғастырғысы келетіндерге ешқандай кедергі жоғын, тек құжатын сауатты ресімдеу мен кепілге қою мәселесінде кейбір тұрғындардың қиналатынын айтады. Өйткені ауылдағы үйлердің бағасы төмен, ескі үй кепілге өтпей қалып жатады. Дегенмен дұрыс бағыт алып, талапқа сай мүлік тапқан жағдайда әркім өз кәсібін бастай алады.

Бүгінде Сабыржан облыстық филармонияда ұйымдастырушы болып жұмыс істеп жүр. Соған қарамастан, ауылдағы шаруашылығын тоқтатпай, түйе санын көбейтуді көздейді. Түйенің еті мен сүтіне деген сұраныс тұрақты болғандықтан, бұл кәсіптің болашағына сенімді. Оның мысалы – «Ауыл аманаты» жобасының ауыл тұрғындарына қалай нақты мүмкіндік беретінінің айқын дәлелі.

Жалпы,  мемлекет  ұсынып    отырған  бұл бағдарлама  ауылдағы кәсіпкерлікті жандандырып қана қоймай, халықтың әл-ауқатын жақсартуға да зор ықпал етіп отыр. Дәстүрлі кәсіпті заманауи тәсілмен үйлестіріп, еңбекқор азаматтар үшін жол ашық. Сабыржан секілді еңбек етіп, тырысқан адамның еңсесін көтеретін жобаның елде кеңінен таралып, ауыл экономикасының алға жылжуына үлес қосары сөзсіз.

 

06.12.2025

Ұқсас жаңалықтар

«Ұлттық баспасөзге  деген сенім мен құрмет үзілмесін!» деген ел Президентінің пәрменін аяққа таптаған кім?
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері - 28.11.2025 347
Ымырт ерте үйірілетін өлке
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.11.2025 352
Әлеуеті артып  келе жатқан аймақ
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 27.11.2025 322

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 20651
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 20441
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 35538
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 34103
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 37972