2022-2023 жылдардың қыс айларына мал басын шөппен қамтамасыз ету үшін Шалқар ауданына облыстық ауылшаруашылығы басқармасынан екі айлық 293600 тонна шөп дайындау міндеті қойылған болатын. Бүгінге дейін 105030 тонна мал азығы дайындалды, яғни жоспар бойынша жұмыс 35,8 пайызға орындалды. Осы дайындалған шөптің 47675 тоннасы тасып алынды, оның ішінде қыстаққа – 39875 тонна, жұртшылық ауласына 7000 тонна тасылды. Бұл жұмыстар күз айларына дейін жалғасын тауып, мал азығымен толығымен қамтылуға жұмыстар жүргізіле беретін болады.
– Жеке тұлғаларға мал азығын дайындауға ауылдық әкімшілік жерлері мен босалқы жерлерден жер ұсынылып, шөп шабуға мүмкіндік беріліп отыр. Сонымен бірге шаруашылықтар өздерінің шабындық жерлерінен және әр округте құрылған шөп дайындайтын бригадалар да шөп шауып жатыр. Шалқар қаласы мен барлық ауылдық округтерге мал санына қарай мал азығын дайындау көлемі белгіленді.
Бүгінгі таңда аудан бойынша екпінді екі айлық мал азығын дайындау науқаны қызу жүргізіліп жатыр. Шөптің түсімі де өткен жылмен салыстырғанда жақсы. Бұл қыстағы қардың қалың болуымен және сәуір-мамыр айларындағы нөсер жаңбырдың әсерінен болып тұр. Аудан бойынша мал азығын дайындау жұмыстарына 56 шөп бригадасы, 93 трактор, 123 шалғы, 69 тырма, 50 шөп буғыш, 45 шөп көтергіш, 76 тіркеме қатыстырылды, – дейді Шалқар аудандық ауылшаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Марғұлан Досжанов.
Оның айтуынша, Шалқар қаласы мен барлық ауылдық округтер арасынан Есет Көтібарұлы, Жаңа қоныс, Мөңке би, Шетырғыз, Ақтоғай, Шалқар ауылдық округтерінде шөп шабу жоспары, шөпті тасып алу жұмыстары жақсы ұйымдастырылып отыр.
– Ауданымызда ауылшаруашылық құрылымдарынан Есет Көтібарұлы ауылдық округінен «Жомарт», «Бағдат», «Дастан» шаруа қожалықтарында, Жаңақоныс ауылдық округінен «Дәурен», «Дархан», «Ержан», Мөңке би ауылдық округінен «Тұрсын», «Санжар», «Тасқора», «Досжан», «Азамат», Шетырғыз ауылдық округінен «Елеукен» шаруа қожалығында, «МТС Қаратоғай» өндірістік кооперативінде, Шалқар ауылдық округінен «Әнуар», «Ақжол», «Меңдеш», «Қайрат Жомарт», «Ебес» шаруа қожалықтарында, Ақтоғай ауылдық округінен «Қызылсаз», «Береке» шаруа қожалықтарында мал азығын дайындау жұмыстары жақсы жолға қойылған. Аталған шаруашылықтар ауылдық округ тұрғындарын да қысқы мал азығымен қамтамасыз етіп отыр, – дейді Марғұлан Досжанов.
Биыл Есет Көтібарұлы ауылдық округіне қарасты «Жомарт», «Бағдат», «Дастан» шаруа қожалықтары жылдағыдай малдың қысқы азығын әзірлеуге ерте кіріскен. Шөп дайындау, әрине, оңай шаруа емес. Ауа райының ашық күндерінде шөпті шауып, оның нәрі түгелдей жойылып кетпей тұрғанда жинап алу қажет. Әдетте мал азығын дайындау маусым-шілде айларында жүреді. «Осы уақыт аралығында үлгермей қалсаң, әрі қарай шөп қурап, бойындағы нәрі де азаяды», – дейді шаруашылық басшылары. Сол себепті қазір шаруашылық шөпті құнарлы кезінде шауып, Байқадам, Бегімбет, Есет, Бозой елдімекендері тұрғындары мен шаруа қожалықтарына шөп тасып жатыр.
Шалқар ауданы басшысы Жанболат Жидеханов бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне бірлесіп жұмыстар жүргізіп, алдағы қысқа мал басын аман алып шығу үшін барлық шаралар қарастырып, жұмыстар жүргізу қажеттігін тапсырды.