Қордай ауданы алғаш рет 1928 жылы 17 қаңтарда Алматы округінің құрамында шаңырақ көтерген. Тарих үшін қас қағым сәт болып саналатын ғасырға таяу бұл уақыт айтуға оңай болғанымен, сөз жоқ бүтін бір өңір шежіресіндегі өр, ылдиы қабат өрілген уақыт кезеңдерінен тұрады. Құрылғанына биыл 95 жыл толып отырған іргелі ауданның облыста алатын орны ерекше. Егіншілік пен мал шаруашылығы қатар дамыған, өнеркәсіпте өзіндік орнын иеленген қордайлықтар табысының даңқы кешегі кеңестік кезеңнің өзінде алысқа кеткен болса, еліміз тәуелсіздігін алып, дербес мемлекетке айналған жылдардағы аяқ алысы да тағылымды үрдіспен алға басуда. Жасарған, жайнаған Қордай өңірі облыс қазынасын молайтуға сүбелі үлес қосудың жаңа биігіне көтеріліп келеді. Атаулы датаға орай биылғы жыл ішінде әртүрлі форматтағы 95 шара өткізу жоспарланып отыр. Өз кезегінде біз де ауданның былтырғы бағындырған белестері мен биылғы биіктерін бедерлеп көрдік.
Екі жылда барлық елді мекендер жүз пайыз газбен қамтылады
Аудандағы 41 елді мекеннің 34-і газбен қамтылып, негізгі көрсеткіш 83 пайызды құрап отыр. Ендігі басты мақсат – сол қалған 7 елді мекенді 2025 жылға дейін толыққанды көгілдір отынмен қамту.
– Талай жыл бойы көгілдір отынға зәру болғанымыз жасырын емес. Әлемде ғылым қарыштап дамып, дамыған елдер ғарышты зерттеп жатқанда үлкен ауданда тұрып газсыз күн кештік. Қақаған қыста көгілдір отынсыз оңайға соқпады. Осы талап-тілегімізді ескеріп, газ тартып берген әкімдікке рақмет. Былтыр үйімізге газ кіргенде сенер-сенбесімізді білмей қалдық. Қазір тура қала тұрғындары секілді отбасымызбен табиғи газдың рақатын көріп отырмыз. Бұл жай ғана көгілдір отын емес, біз үшін ол ауданымыздың келешегіне деген үміт оты, – дейді Қарасу ауылының тұрғыны Владимир Лопатев.
2022-2023 жылдарға 5 елді мекенді, атап айтқанда Еңбек, Қарасай, Ноғайбай, Сарыбастау, Шарбақты ауылдарын газдандыру мақсатында республикалық бюджеттен 888,8 миллион теңге қарастырылып отыр екен. Бүгінгі күнге мердігерлері анықталып, келісімшартқа отыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Керу ауылын газдандыру үшін республикалық бюджетке өтінім тапсырылса, Бәйтерек ауылына жобалау және зерделеу жұмыстары жүргізілуде.
Нәтижесінде 2025 жылға дейін ауданның барлық елді мекендері 100 пайыз табиғи газбен қамтылады деп жоспарлануда.
Жүзден астам балаға арнайы есепшот ашылған
Ауданда 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған «Мейірім» жобасы іске асырылуда. Аудандағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 107 балаға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында оларға мекемелер мен жауапты тұлғалар бекітіліп, «Отбасы банкінде» 107 баланың барлығына арнайы есепшоттар ашылған.
– Аз қамтылған, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 6443 оқушыға мектеп формасын, оқуға арналған құрал-жабдықтар алуға облыстық және республикалық бюджеттен 209 миллион 397 мың 500 теңге бөлініп, 1 балаға – 37389 теңгеден ата-аналарының дербес шоттарына аударылды. Осы бағыттағы жұмыстар биыл да нәтижелі жалғасатын болады, – дейді Қордай ауданы білім бөлімінің сектор меңгерушісі Анар Қожабергенова.
Бүгінгі күні «Мейірім» жобасы аясында 104 баланың «Отбасы банкінде» ашылған шоттарына бекітілген мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындар 3 миллион 800 мың теңгеден астам қаражат аударды. Жиналған қаражатты бала кәмелет жасына толғаннан кейін өмірлік қажеттілігіне жұмсай алады.
Мектептердің құрылысы мерзімінде аяқталуда
Аудандық білім бөліміне қарасты 77 білім беру мекемесі бар, оның 47-сі мектеп, 19-ы балабақша, 9-ы мектептен тыс мекеме, 1-еуі арнайы оқыту орталығы және 1 сырттай оқыту мектебі.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдар аралығында Қордай ауылында 900 орындық, Қаракемер ауылында – 300, Қарасу ауылында 300 орындық жаңа мектеп құрылысы жоспарланған.
Білім саласы бойынша барлығы 22 жоба жүзеге асуда. Оның 5-еуі құрылыс және 16-сы күрделі жөндеу, 1-еуі қосымша құрылыс.
Былтыр 3 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген, олар Қордай ауылындағы 1290 орындық №1, Отар ауылындағы 1176 орындық №41, К.Әзірбаев атындағы Степной ауылындағы 624 орындық №24 орта мектептері. Оған қоса, Арал ауылында 1 жаңа мектепке құрылыс жұмысы жүргізілген.
– Жеті баламның үшеуі мектепке барады. Ал сапалы білім алу үшін балаларға ең алдымен жайлы орын қажет. Мектеп қабырғасындағы балаларым үшін жайлы мектепке мұқтаж болып, уайымдап жүрдік. Енді еш алаңдамаймыз, себебі қазір ауыл балалары жаңа мектепте білім алуда. Әрине, өскелең ұрпақ үшін жасалған әрбір игі істің қайтарымы мол болады. Сондықтан жаңа мектеп пайдалануға берілгенде балаларымызбен бірге қуандық, – дейді Күнбатыс-2 ауылының тұрғыны Ғабит Қарасаров.
Биыл 2 мектепке, атап айтқанда Қордай ауылындағы №2 және Қарасу ауылындағы №7 орта мектепке күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі деп жоспарлануда. Бүгінгі таңда Қарасу ауылындағы №7 орта мектептің жобалау-сметалық құжаттары әзірленген. Сонымен қатар Бәйтерек ауылында 1 жаңа мектеп бой көтермек. 2024 жылға Қарасай, Беріктас, Шарбақты ауылдарындағы 3 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланып отыр. 2025 жылы 8 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Атап айтқанда, алдағы екі жылда Сортөбе ауылындағы №16, №17, Сарыбұлақ ауылындағы №31, Ноғайбай ауылындағы №35, Үлкен Сұлутөр ауылындағы №39, Бел станциясындағы №49, Қызылсай ауылындағы №10, Қордай ауылындағы №5 орта мектептер жөндеуден өтіп, өскелең ұрпақтың даналық даңғылына айналмақ. Оған қоса Өтеген ауылындағы №8 және Ауқатты ауылындағы №9 орта мектептерге 200 орындық қосымша ғимараттың құрылыс жұмыстары жүргізіледі.
Үш спорт кешені бой көтереді
Соңғы үш жылда 9 спорттық кешен бой көтеріп, тұрғындардың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі 59,2 пайызға жеткен. Жалпы аудан бойынша 349 спорт нысаны жұмыс істейді. Атап айтқанда, 8 спорт кешені, 19 үлкен футбол алаңы, 245 шағын спорт алаңшасы, 68 спорт зал, 2 бассейн, 6 атқыштар тирі мен 1 стадион халықтың игілігіне қызмет етуде.
Аталған спорт нысандары кешкі мезгілде аудан тұрғындарына барлық спорт түрлерімен шұғылдануға қолжетімді. Қазіргі уақытта жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындардың саны 60 944 адамға немесе 38,5 пайызға жетіп отыр. 14-18 жастағы спортпен шұғылданатындардың саны – 4302. Халықтың 1 000 адамға арналған спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі 59,2 пайызды құрайды.
2022 жылы 8 елді мекенде, атап айтқанда, Шарбақты, Жаңатұрмыс, Қақпатас, Үлкен Сұлутөр, Алға, Кенен ауылдарында кіші футбол алаңшалары және Сарыбұлақ ауылында спорт кешенінің құрылыс жұмыстары аяқталып, қолданысқа берілді.
– Ауыл балаларының спортқа деген қызығушылығы өте жоғары. Былтыр спорт кешенінің бой көтеруі біз үшін көптен күткен жаңалық болды. Мұндай зәулім, заманауи спорт нысандарын үлкен қалалардан ғана көріп қызығатынбыз. Енді өз ауылымызда игілігін көріп отырмыз. Болашақта біздің ауылдан да ел абыройын асқақтататын спортшылар шығады деген үміттемін, – дейді Сарыбұлақ ауылының тұрғыны Марат Кеңес.
Ауданның даму жоспарына сәйкес, 2023 жылы Қарасай, Ауқатты, Қарасу ауылдарындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылыс жұмыстары аяқталып, қолданысқа берілетін болады. Үлкен Сұлутөр мен Алға ауылдарындағы кешендердің жобасы дайын. 2024 жылы Жамбыл, Қайнар ауылдарында ангар типті кешен құрылысын жүргізу, ал 2025 жылы – Масаншы, Сортөбе ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Бұлар батыр, Степное ауылдарында ангар типті кешені, Жамбыл ауылында ангар типті жапсарлас кешен құрылыстарын салу жоспарланып отыр.
253 қордайлық мемлекеттік грант алды
Жаңа бизнес идеяларды іске асыру бағытында мемлекеттік грант алуға Қордай ауданына 253 азаматқа жалпы соммасы 309 975,0 мың теңге қаражат бөлінген.
Бүгінгі күнге мемлекеттік грантты 253 азамат алып, жалпы 309975,6 мың теңге қаражат игерілді. Оның 56-сы – көпбалалы отбасылар, 182-сі – 29 жасқа дейінгі жастар, 10-ы мүмкіндігі шектеулі азамат, 3-еуі мүгедек бала асыраушы, 2-еуі – қамқоршысынан айырылған азамат. 253 азаматтың ішінен 69 азамат – технологиялық жабдықтарын және құралдарын алуға, 184 азамат – мал шаруашылығын дамытуға мемлекеттік грант алды.
– Кәсіп бастаймын деген азаматқа бірінші – ниет, екінші – қолдау қажет. Мұндағы ең басты талап, шығаратын өнім, көрсететін қызмет халықтың тарапынан сұраныста болуы. Осыны ойластыра келе, құрылыс саласына қажетті пластик терезе шығаруға бел будым. Басында істі бастауға жоспарымыз болса да, бойымызда қорқыныш болды. Бірақ бізге берілген мемлекеттік грант барлық үрейімізді сейілтіп, қайта мотивация берді. Мемлекетіміз бізге қамқорлық танытып тұрса, несіне бастамасқа деп кірісіп кеттік. Қазір жұмысымыздың нәтижесі жаман емес. Цехтың жұмысы қарқынды, халықтың сұранысын қанағаттандыруда. Биыл жұмыс ауқымын ұлғайтсақ деп отырмыз, – дейді Қордай ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Жеңісхан Ізтілеу.
Кененде келелі істер көп
Өңірде 2019 жылдан бастау алған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасы – үлкен әлеуметтік қолдауға ие болған, дер кезінде қабылданған жоба. Осы уақытқа дейін пилоттық жобаға енген елді мекендерде жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындардың өмір сүру деңгейінің сапасы артып, мал шаруашылығы дамып, экономикалық өсім байқалды. Ауқымды бағдарламаның бес бағыты бойынша жұмыс бүгін де жалғасын тауып, ауданға қарасты елді мекендерде жүзеге асырылуда.
Мәселен, Кенен ауылдық округінде аталмыш жобаны іске асыруға жалпы 500,7 миллион теңге бөлініп, 148 «кенендікті» 2,5 пайызбен несиелендіру жоспарлануда. Кенен ауылдық округі әкімдігінің берген мәліметіне сәйкес, жобаның бірінші бағыты бойынша, яғни, үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалануды 90 пайыз қамту жоспарлануда. Нақтырақ айтқанда, жобаның бірінші бағытына елді мекендегі 471 ауланың 425-і қатысады. Биыл үй іргесіндегі 62 гектар жерге көкөніс егіледі, оның ішінде 27 гектар картоп, 17 гектар қызанақ, 18 гектар қияр егу, жалпы 46 тонна өнім өндіру жоспарланған. Ал жобаның екінші бағыты – мал шаруашылығын дамыту үшін 342,7 миллион теңгеге 2192 мал басы сатып алынады. Оның ішінде 500 бас бұқа бордақыланып, ет ауыл, аудан және Алматы қаласында сатылады. Бүгінгі күнге 95 азаматтың құжаты қабылданып, 8 азамат несие алған. Жалпы 350 гектар жерге арпа егіліп, одан 525 тонна өнім жинау күтілуде. Бұдан бөлек, 10 000 түк шөп шабу көзделіп отыр.
Ауыл шаруашылығы кооперативтерін қажетті техникамен және жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 66 миллион теңгеге 10 дана әртүрлі техника, атап айтқанда 2 трактор, 8 тіркеме агрегаттары сатып алынды. Сондай-ақ бесінші бағыт бойынша 60 миллион теңге бөлінді, оған жалпы 10 жоба қаржыландырылып, жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.
Міне, осылайша кенендіктер биыл пилоттық жобаның шарапатын көрмек.
Асыраушы сала жаңаша жаңғыруда
Аудан ауыл шаруашылығы саласы бойынша әр кезде алдыңғы қатарлардан көрініп келеді. Бұл Қордай жері табиғатының қолайлығы мен суармалы жерлерді тиімді пайдалана отырып, жаңа технологияны енгізуімен тікелей байланысты. Ата кәсіпті арда тұтқан аудан тұрғындарының басым бөлігі ауыл шаруашылығында еңбектенеді.
Бүгінгі күнге ауыл шаруашылығы бағытында 87795,7 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, 10 ауылдық округте 10 жоба іске асырылып, 39 жұмыс орны құрылды.
Жыл өткен сайын өнім көлемі ұлғайып, инвестициялық жобалардың көлемі артуына аудандағы «Благовещенко», «Қақпатас-Қордай» ЖШС, «Бай-Нұр», «Алмас», «Медет» сынды шаруа қожалықтары және «KazMeatKordai» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің қосқан үлестері айрықша. Осындай ірі кәсіпорындардың қатарына бүгінде «ГринВилл», «Азия сад», «Қордай құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қосылып, ауыл шаруашылығы саласының жаңа бағытта жандануына өз септігін тигізуде.
Ауданда жаңа технологияны қолдану тиімді жүзеге асып, су үнемдеу технологиясын қолдану тәсілімен 13430 гектар алқап суғарылуда. 2022 жылға 600 гектар жоспарланып, 100 пайыз орындалған болса, «BIRLIK KORDAI 2021» АШӨК – 300, «Азиз» ШҚ – 100 гектар, «Айдана» ШҚ – 75, «Сұлутөр» ШҚ – 105 гектар жерге тамшылатып суару құрылысын және «Жеңіс» ШҚ – 20 гектар жерге жаңбырлатып суару қондырғыларын орнатты.
Көшелері толықтай асфальтталған ауыл
Талай ауылдың бағына ашылған «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының шапағаты Қордай ауданының Кенен ауылына да жетті. Былтыр аталмыш бағдарлама аясында бірден жеті көше ағымдағы жөндеуден өткен болатын. Байниязов, Белашов, Абай, Әзірбаев, Мажирин, Кәкетай және Сейітов көшелері тақтайдай тегіс асфальт жолға айналып шыға келді. «Аркантас» ЖШС қолға алған жұмыстар мерзімінде аяқталып, ауыл бір жырғап қалған. 2022 жылы сол бастама жалғасын тауып, қалған көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Конкурста жеңімпаз атанған «Ақ Жол Сервис» ЖШС Жылыбаев, Қашағанов, Еспаев, Қордай, Несіпбаев көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, бір кездері шаңы аспанға шығып жатқан жолдарды жөнге келтірді. Қазір Кенен ауылында асфальт төселмеген көше қалған жоқ деп айтуға болады. Ауыл – ауыл болғалы ешқашан асфальт болмаған Байниязов, Жамбыл, Еспаев көшелері тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Әсіресе ауыл шетінен мектепке қатынайтын балалар, таңмен кішкентайларын балабақшаға жетелейтін ата-аналар үшін бұл өте қолайлы болып отыр.
– Соңғы екі жылда ауылымызда көшелерді ретке келтіру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Кенен ауылына қолдау көрсетіп, мемлекеттік бағдарламалар бағдарынан тыс қалдырмаған аудан басшылығына, жұмыстар жүргізіліп жатқанда түсіністік танытқан ауыл тұрғындарына айтар алғысымыз көп. Ендігі кезекте көлік жүргізушілер тегіс жолмен жүргенде жылдамдықты асырмай, заң талаптарын сақтап жүрсе, қауіпсіздік деген мәселеге мән берсе деген ғана тілегіміз бар. Осының барлығы ауылымыздың игілігі үшін атқарылып жатқан шара деп білеміз, – дейді Кенен ауылдық округінің әкімі Нүркен Жаманкөзов.
Соңғы жылдары ауыз су жайы ретке келіп, жолдары жасалып, газдандыру жұмыстары қарқын алған ауылда жақсы жаңалықтар легі осымен тоқтамайды деген сенімдеміз.
7 ірі инвестициялық жоба жүзеге асуда
Қордай ауданында индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жалпы құны 857 миллиард 322,2 миллион теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба жүзеге асуда. Жобаларды іске асыру барысында құрылыс жұмыстары кезеңінде 760, ал іске қосылу кезеңінде 1366 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Олардың қатарында тау-кен металлургиялық комбинатының құрылысы және құрамында алтыны бар кенді игеру жұмыстарын бастаған «MONTERRА QASAQSTAN» ЖШС бар. Ноғайбай ауылы маңында орналасқан комбинат 2014-2026 жылдар аралығында құны 832 миллиард теңге болатын, қуаттылығы жылына 5100 килограмм алтын өндіруді көздеп отыр. Қазіргі таңда техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалық-сметалық құжаттамалар дайындау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар тағы бір үлкен жобаны «Шоқпар-Гагаринское» ЖШС қолға алған. Бетқайнар ауылдық округіне қарасты Соғанды ауылы жанынан орын тепкен комбинат жылына 1000 килограмм алтын өндіруді қолға алып отыр. Іске асыру мерзімі 2021-2024 жылдар аралығына жоспарланған. Сол аралықта 400 жұмыс орнын ашу көзделуде.
Тағы бір жобаны «Туран Металс» ЖШС қолға алған. «Қордай ауданында құрамында алтын бар кенді бастапқы қайта өңдеу бойынша өндірістік кешен салу» үшін жұмыстар Отар ауылдық округінде орын тепкен. Іске асыру мерзімі 2021-2027 жылдар, жоба құны 440 миллион теңге, 45 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
Сондай-ақ «АЛТАЙ ГОЛД» ЖШС «Флюорит өңдеу зауытын салу» жобасын қолға алған. Ол – Отар ауылдық округіндегі Бел ауылының төңірегінде орналасқан. Іске асыру мерзімі 2021-2025 жылдар аралығы, жоба құны – 3,5 миллиард теңге. 100 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Ал Қордай ауылы маңынан орын тепкен «Қордай Корм» АӨК «Өндірісті кеңейтуге, балықтарға арналған құрама жем өндіретін жаңа қондырғы енгізу» жобасын бастаған. Құны 40,7 миллион теңге, қуаттылығы жылына 100 тонна өнім өндіру, іске асыру мерзімі 2021-2022 жылдар. Қазіргі таңда қажетті қондырғылар жеткізіліп, техникалық реттеу жұмыстарын жүргізіп, өнімнің сынақ партиясын шығарып үлгерген.
Мал қыстату науқаны ойдағыдай өтуде
Ауданда мал қыстату бойынша жедел штаб құрылып, топ мүшелері екі топқа бөлініп, ауа райы күрт бұзылған жағдайда мал қыстақтарын аралап тұрады. Қажеттілікке байланысты малшыларға тиісінше көмек көрсету де осы штаб жұмысына жүктелген.
Жалпы аудан бойынша қыстау орындары мен малшылар үйлерінің саны – 510, оның ішінде 14 мал қорасы шалғайдағы мал қыстату орындарында орналасқан. Мысалы, «Аңырақай» – Отар ауылдық округінде, «Иірсу» – Кенен, «Ұзынсу» – Үлкен Сұлутөр, «Қопа» – Сұлутөр, «Соғанды» – Бетқайнар, «Қызылсай» – Ауқатты және «Керу» – Қаракемер ауылдық округтерінде орналасқан. Бұлар елді мекендерден ең алыс орын тепкен қыстаулар. Ал мал қыстайтын қораларға баратын жолдарын, қоралардың айналасын қалың қар түскенде мал иелерімен шаруа қожалық басшылары өздерінің қолда бар техникаларымен тазалайды. Мал қыстату барысында пайдаланатын техникадан 652 трактор тіркемелерімен және 198 автокөлік мал иелері мен шаруа қожалықтарында тіркелген. Барлық мал қоралары жаз-күз айларында шаруа қожалықтардың және мал иелерінің өз қаражаттарымен жөндеуден өткен, қыс айларына барлық қажеттімен қамтылған.
Биыл мал азығын дайындауға өте қолайлы жыл болғаны белгілі. Соның арқасында шаруалар өздеріне қажетті жем-шөбін жеткілікті көлемде дайындап үлгерген. Мәселен, аудан бойынша мал азығын дайындау үшін жалпы 50 145 гектар алқап ораққа түскен, оның ішінде көпжылдық шөп 22 600 гектар (3 орым), 17 800 гектар бір жылдық шөп, 9 225 гектар табиғи шабындық шөп және сүрлемдік жүгері 520 гектар. Сонымен қатар 267,8 мың тонна шөп, 15 мың тонна пішендеме, 74,4 мың тонна сабан және сүрлемдік жүгері 17 мың тонна дайындалыпты.
Әр мал қыстату қораларында кемінде 190-260 тоннадан шөп, 20-25 тоннадан құнарлы жеммен қамтамасыз етілген. Құнарлы жем – 60000 тонна дайындалды, оның ішінде бидайдан – 11000 тонна, арпадан – 29000 тонна және жүгеріден 20000 тонна. Қысқа түскен шартты бірлік мал басына есептегенде 17,5 центнер құнарлы азық дайындалған.
Аудан көлемінде мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылық субъектілері өздеріне тиесілі егістік жерлеріне арпа және көпжылдық шөптер еге отыра құнарлы азықпен қамту аса маңызды. «Қордай Корм» кооперативі осы жұмысты мықтап қолға алған. Аудандағы шаруа қожалықтардан жүгері, бидай, арпа сатып алып, құрама жем қоспасын дайындап, аудандағы мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтарға жылына 2000-2500 теңгеден сатып келеді.
Қыс мезгілінде ветеринарлық аурулардың алдын алу бойынша дезинфекция және дезинсекция, қауіпті зооантропонозды ауруларға қарсы емдеу-профилактикалық шаралар лайықты орындалуда.
Аудандағы малшы үйлеріне, қашарларына, баздарына қауіпті зооантропонозды ауруларға қарсы жоспар бойынша дезинфекция және дезинсекция жұмыстары толықтай жасалған. Аудан бойынша жұмыстар Қордай аумақтық ветеринария инспекциясы тарапынан қатаң қадағалауға алынған.