Сарыағаш ауданына қарасты Дербісек ауылдық округі мен Атамекен елді мекенінің тұрғын үйлері көгілдір отынға қосылды. Аталған шараға аудан басшысы Арман Абдуллаев арнайы барып, аудан тұрғындарымен кездесті. Жүздесу барысында ауыл тұрғындары аудан басшысына өз ризашылықтарын білдіріп, ақсақалдар баталарын берді.
Бұл елді мекендегі тұрғын үйлерге газ құбыры мен орамішілік газ тарту мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізіліп,«ҚазТрансГазАймақ» АҚ мекемесіне атқарушы техникалық құжаттары толық жинақталған. Бүгінде мердігер мекеме «Аша-А» ЖШС-і тарапынан 2 тұрғын үй көгілдір отынмен қамтылды. Алдағы уақытта, елді мекеннің қалған тұрғын үйлерін табиғи газға қосу жұмыстары жалғасатын болады.
Айта кетсек, ауданға қарасты елді мекендерді ауыз сумен, табиғи газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Ауданға қарасты 63 елді мекеннің ішінде 49 елді мекен көгілдір отынмен қамтылған. Қазіргі таңда 4 елді мекенді: Жылға, Шеңгелді, 51 разъезд, Ердәуітті газбен қамту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 5 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, республикалық бюджетке ұсынылып, тағы 5 елді мекенді табиғи газбен қамту мақсатында Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
Сондай-ақ биылғы жылы ауданға қарасты 4 елді мекен атап айтқанда: Шайхана, Дербісек, Береке, Құрамада ауыз су құбырларына құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Бүгінде Жылға,Жонарық, Құркелес елді мекендерінің ауыз су құрылысына республикалық және облыстық бюджеттен қаржы қаралып, құрылысы 2024 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар облыстық және республикалық бюджеттерден 8 елді мекенге олар: Ж Достық е/м, Құркелес а/о Алғабас, Ақниет елді мекендері және Жібек жолы а/о Жібек жолы, Қарабау, Сарқырама, Зортөбе, Жаңақұрылысты таза ауыз сумен қамту жұмыстарына қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.