2024-2025 оқу жылының басына Қазақстан Республикасында жұмыс істеп тұрған жоғары оқу орындарының саны 113 ұйымды құрады. Жалпы саны 624,5 мың студент бар, ағымдағы оқу жылында қабылданған студенттер саны 183,6 мың адамды құрайды. Түскен студенттердің жалпы санынан 73,5% жалпы орта білім базасында, 18,8% техникалық және кәсіптік білім базасында және 7,7% жоғары білім базасына қабылданды. Студенттер – біздің болашағымыз. Білікті кадрлар мемлекет тағдырын шешеді. Білімділік, біліктілік оқу орнынан басталады. Біз бүгін болашақтың кадрлары, студенттердің хал-жағдайы жөнінде арнайы бет беріп отырмыз.
Саналы ұрпақ – сапалы білімнің жемісі. Алайда, бүгінгі күні жоғарғы оқу орындарына түсу оңай емес. Мемлекеттік грантты ұтып алсаң, әрине, бұл жақсы. Бірақ, грант бәріне бірдей бұйыра бермейді. Тіпті жоғарғы балл ала тұра грантқа түсе алмаған мектеп түлектерінің біршамасын осы жылы көрдік. Өкпе-назы қара қазандай жеткіншектер де жетерлік. Бұл тақырыпты қазбалай берсең, мәселелер шыға береді. Еліміздің көптеген жоғары оқу орындарындағы оқу ақысының жоғарылығы көп студенттер мен олардың ата-аналары үшін үлкен мәселеге айналуда. ЖОО ақысының тым жоғары болуы білім алуға қолжетімділікті шектеп, жастардың кәсіби білім алуына теріс әсерін тигізуде.
Әрбір ата-ана баласының білім алып, қатарластарынан қалмағанын қалайды. Бірақ, кез келген отбасының оқуға миллиондап төлеуге шамасы жетпейді. Орта есеппен 200 000-250 000 тг айлық алатын қарапайым халықтың ақшасы жалдамалы үйдің ақысы, азық-түлік, коммуналдық төлемдерден артылмайды. Оқу ақысынан бөлек баланың жүріп тұруы, жатақханасының ақысы, тамағы тағы қосылады. Бұның бәрі қарапайым халықтың қалтасына ауыр түсетіні сөзсіз. Кейбір мектеп түлектері грантқа түсе алмағандықтан, ата-анасына ауыртпалық салмас үшін оқудан бас тартып жатады. Кейде тіпті оқуға түсетінін түсіп алып, ақша табу мақсатында жұмысқа тұрып алады. Осылайша сабақ жайына қалып, ең төменгі баллға қанағат етіп жүреді. Оқу мен жұмысты бірдей алып жүретін студенттер жетерлік. Бірақ, барлығы балансты ұстай алмайды. Жаздық оқуға қалып, ақыр соңында университеттен шығып кеткен студенттер де бар. Мысалы өз тобымда 5-6 студент достарым осы себептен оқудан шығып кетті. Оқу ақысын төлей алмай, микрозаймға кіріп кеткен студенттер де жетерлік. Білім алудың емес, ақшаның артынан қуалап жүргендейміз.
• Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқу ақысы ең қымбат мамандықтың ақысы 1 млн 700 мың теңгені құрайды екен. Ал ең арзаны 1 млн 100 мың теңге.
• Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің оқу ақысының ең төменгі мөлшері 855 000 теңге, ең қымбаты 950 000 теңгені құрайды.
• Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетіндегі бакалавр медицина мамандықтарының оқу ақысы 890 мыңнан бастан-2 млн 100 мың теңгеге дейін.
• Тұран университетінің оқу ақысы 1 миллионнан бастап, 1 368 500 теңгеге дейін бекітілген.
• Назарбаев университетінің жылдық оқу ақысы 5 млн 808 мың теңгеден басталады екен.
Қарастырып отырған 5 жоғары оқу орындарының құны арзан емес. Кемінде жылына 1 млн теңге оқуға төлеу керек болады. Осынша қыруар ақша төлегеннен кейін сапалы білім беріледі ме деген сұрақ мазалайды. Біздің университеттер білім беру орталығы емес, құдды бір ақша табу орталығына айналып бара жатқандай.
Билік басындағылар «Мемлекеттің болашағы білімді жастардың қолында» деп жиі ұрандатып жатады. Сол білімді алуға неге қолайлы жағдай жасамасқа? «Жоғарғы оқу орындарын толығымен тегін етіңдер» деп ешкім жағадан алмайды, тек қолжетімді етуін халық сұрайды. 1 үйде кем дегенде 2 бала бар деп есептесек, екеуін де жоғарғы біліммен қамтамасыз ету қиындық туғызуы мүмкін. Аралары 5-6 жас болса, екеуін де оқытуға мүмкіндік табуға болады. Ал қатар өсіп келе жатқан балалар болса ше? Жылына 2 млн теңге тек оқуға кетеді. Ал көпбалалы ата-аналар не істейді? Жоғарғы оқу орындарында белгілі бір жеңілдіктер бар, бірақ ол тек 10-20 пайыздық мөлшермен шектеліп жатады. Қара нанды әзер тауып жүрген халық қыруар ақшаны қайдан табады?
Білімсіз елдің болашағы бұлыңғыр. Жастардың білім алуына қолайлы жағдай керек. «Оқу ақысын халықтың қалтасы көтеретіндей етіп қойса екен» деп сұрайды көпшілік. Қазіргі бағаларға қарасаң, көзің шарасынан шығып кетеді. Президентіміз «жастарға қолдау көрсету керек» дегенді жиі сөзіне қосып жатады. Білім алуға деген жастардың ынтасын өшірмейік.
Қарлығаш ШАҢҒАРАҚШЫ