Сарысу ауданында барлығы 212 спорт нысаны ел игілігіне қызмет етуде. Оның ішінде 5 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Онда 20 спорт түрінен 2 779 жасөспірім тұрақты спорт үйірмелеріне қатысады. Есепті мерзімде аудан спортшылары халықаралық, республикалық, облыстық жарыстарда барлығы 130 медальға ие болды. Дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны — 15 868 адамды құрайды. Сонымен қатар, спорт алаңшаларын, тренажерлар мен балалар ойын алаңшаларын орнату үшін бюджеттен 133 млн теңге бөлініп, 19 жоба іске асуда.
Бұл туралы ӨКҚ баспасөз брифингінде Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиев әңгімеледі.
«Денсаулық – баға жетпейтін жалғыз асыл дүние. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына өткен жылғы Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарында халыққа неғұрлым қолжетімді алғашқы медициналық-санитариялық көмекті ұйымдастырудың тәсілдерін түбегейлі қайта қарауды тапсырды. Осы орайда, ауданда денсаулық сақтау саласында 26 медициналық ұйым бар. Ғимараттар жағдайы жақсы. Жөндеуді қажет етпейді. Салада 740 медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Сол сияқты, мәдениет те ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті, парасат пайымы. Биыл 1179 мәдени іс-шара жоспарланып, 4 айда 523 іс-шара өтті. Олардың басым бөлігі «Балалар жылына», даталы және мерекелік күндерге, ұйымдастырылған жобаларға арналған. Күні кеше ғана аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Д.Қонаевтың 110 жылдығы Республикалық деңгейде аталып өтті. Шара барысында орта мектепке Қонаев есімі беріліп, қонаевтанушылармен форум өтіп, театрландырылған көрініс, спорттық ойындар, концерттік бағдарламаға ұласты», — деді спикер.