Өткен аптада «Qazaqstan dauiri» ЖШС Бас директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы Маңғыстау өңіріне іссапармен барды. Мемлекет басшысының отандық экономика үшін стратегиялық маңызы зор өндірісті өлкені басқару жөніндегі таңдауы Нұрдәулет Қилыбай есімді азаматқа түскені мәлім. Қазыналы түбекті басқару тізгінін қолға алған жаңа әкіммен «Ел анасы» атанған Сәуле Мешітбайқызы жүздесіп, жаңа басшыға артылатын сенім зор, жүктелетін жауапкершілік жүгі ауыр екенін жасырмады.
Өңір экономикасының жетекші салаларымен жете таныс, мемлекеттік басқару ісінде де толымды тәжірибе жинаған жаңа әкімге аналық ақыл-кеңесін де айтып отырды. Халықпен қоянқолтық, тонның ішкі бауындай бітісіп, қайнасып қызмет қылған басшының қашан да қадірлі болары белгілі. Сәуле Мешітбайқызы Маңғыстаудың төл тумасы, туған өлкенің ой-шұқырын жатқа білетін жайдарлы азаматтың қойнауы «қара алтынға» толы түбек экономикасын өркендетуде, ел Президентінің тапсырмаларын жергілікті жерде табысты іске асыруда тәжірибесінің жеткіліктілігіне сенім білдірді. Сондай-ақ Сәуле Мешітбайқызы өңір басшысымен қоғамдағы өзекті мәселелер жөнінде өзара әңгіме өрбітті. Ұлттық құндылық, жастар тәрбиесі, салихалы ұрпақ мәселесі де көтерілді. Адамгершілікті, ізгілікті, қазақы болмысты бағдаршамдай алға ұстай білу, ұлттық өсиетөнегені тәрбие тініне, өскелең өрендердің өмірлік ұстанымына айналдыру турасында көшелі ойлар айтылды. Сөз соңында қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы облыс басшысына халықтың алғысы мен сөзі дуалы қариялардың ақ батасын алған абыройлы басшы атануға тілектестігін білдірді.