Бүгін Сауран ауданы, Шорнақ елді мекенінде «Тал егу – игі іс» акциясы өтті. Түркістан облыстық мәлихатының депутаты Баймахан Сүлейменовтің бастамасымен өткен игі шараға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әбішов, облыстық мәслихаттың депутаттары, «AMANAT» партиясының аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев, аудандық мәслихат депутаттары, зиялы қауым мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жастар қатысты.
Акция аясында «Шорнақ» мешітінің 3,5 гектар аумағына 1000 түп жеміс ағашы отырғызылды. Аудан тұрғындары алдағы уақытта бұл жерді үлкен саябаққа айналдыруды жоспарлап отыр. Ауданның дамуында көшелерде көгалдандыру және абаттандыру, тазалық жұмыстарын уақытылы орындау маңызды. Ауданда жыл сайын көктем мезгілінде жаңадан ағаш отырғызу жұмыстары басталады. Оны ауыл тұрғындары болып жалғастыру дәстүрге айналғандай. Осылайша, жергілікті тұрғындар да ауданының көркеюіне өз үлесін қосып келеді.