Ұлытау облысы құрылғаннан бері өңірде мәдениет пен спортты дамыту бағытында да ілкімді істер қолға алынуда. Ал оған өңіріміздегі алпауыт компанияның өзі қолдау көрсетіп отыр. «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен Жезқазған қаласы, Момышұлы 16 мекенжайындағы аяқсыз қалған үш қабатты нысан сатып алынып, бастан-аяқ қайта жаңартылуы соның айғағы. Сала мамандарының айтуынша, бұл жерде заманауи шахмат академиясы ашылатын болады.
Қайта құрылып жатқан нысанның жалпы ауданы 900 шаршы метрді құрайды. Өзге өңірлердегі арнайы ғимараты бар шахмат академияларының аумағымен салыстырғанда бұл екі есе кең көлемді болмақ. Құрылыс жұмыстары биыл қазан айында аяқталуы тиіс. Ол жайында Ұлытау облысы әкімі Берік Әбдіғалиұлының жұмыс сапары барысында «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев айтты.
Шахмат академиясы болуы тиіс үш қабатты ғимараттың арнайы дизайн жобасы дайындалды. Техникалық тексеруден өткеннен кейін іргетасын берік қылу мақсатында күрделі жұмыстар жүргізілді. Қазіргі таңда қасбеті мен төбесі, нысанның іші жөнделуде және арнайы жиһаздармен толықтырылады.
Академияның дизайн жобасына сәйкес арнайы залдар, жаттықтырушыларға арналған кабинеттер, ата-аналарға арналған күту залы, әкімшілік, киім ауыстыру бөлмесі, демалуға арналған орын қарастырылған. Болашақ академия 700 баланы даярлауға қауқарлы болмақ.