Желтоқсан көтерілісінің ардагері Бақыт Байнияз сол бір қиын күндері басынан кешкен оқиғасын баяндап берген еді. Әңгімені батырдың өз аузынан естиік...
– Ызғарлы Желтоқсаннан кейін Алматыдан қуылып, ауылда жүрген кез. Республика астанасынан мың жарым шақырым қашықтықта жатқан ауыл болса да «үш әріп» тыныштық бермейтін. Бір жыл «үйқамақта», ауылдан шықпағаным аздай, айына екі-үш рет «военкоматқа» деп аудан орталығы Қазалыға шақырады. «Беседа» жасайды. Қойшы әйтеуір, бітпейтін қатаң бақылау. Бір жылдан соң ғана ауданда еркін жүретін, жұмысқа орналасу мүмкіндігін алдым.
Не болса да деп, 1986 жылы қыста Алматыға іздеп барған, Н.Сүйіннің «Декабристка» эссесінің кейіпкері Оразгүлді «алып қаштым». Ағайынның «қалай болады екеніне» де қарамадым. Бөпелі болдық. Өмір өтіп жатыр, 1989 жыл келді...
Жаздың бір күнінде поштаға хат келді. Хат болғанда Алматыдан «заказное письмо». Желтоқсанға қатысты комиссиядан екен. Әбден жүрек шайлығып қалған, хатты оқымай жыртып тастадым. Ешкімге көрсетпедім. Бірнеше айдан соң, тамызда Алматыдан тағы хат келді. Үлкен ағама (кезінде Алматыда КазГУ-ді бітірген) апарып көрсеттім. Аға ашып көріп, «Мемлекеттік комиссияның хаты. Сені ақтамақ. Не де болса Алматыға бар. Бірақ, тыныш жүр, үкіметтің құрығы ұзын» дегендей ақыл айтты.
Сонымен, жарым мен баламды алып, тәуекел деп Алматыға аттандық қой. Қалаға келгесін пәтер тауып орналасып, «Шаханов-Мырзалиев» комиссиясы қайдасың деп адреспен іздеп бардым. Тауып барсам, комиссиясының тең төрағасы Қадыр Мырзалиев қана бар екен. Комиссиядағылар менің оқудан сессия тапсырмай, бірінші курстан қуылғанымды білді. Ондайлар оқуға қайта емтихан тапсырып түседі екен. Елден сұрастырсам, «Алматыға қайта оралғаныңа рақмет айт» дегендей пікірде. Олай болмайды енді деп Қ.Мырзалиевтің кеңесімен Жоғарғы және орта білім министрлігіне бардым. Тура министрдің қабылдауына кірдім.
Министр Шайсұлтан Шаяхметов жүзі жылы кісі екен. Жағдайды баяндадым, отбасылы екенімді айттым. Біраз басу айтып сөйлесіп, қолына қағаз-қалам алды. АЗВИ-дің ректоры Сәбденовке хат жазып берді. Хаттың мәтіні «Студент Б.Байниязов оқуды еш емтихансыз, үзілген жерінен жалғастырсын. Жағдай жасалсын, стипендия тағайындалып, жатақхана берілсін» деген мағынада екен.
«Желтоқсаннан» кейін «Бір-біріңді ұстап бермеңдер» деп барынша болысқан ректор Сәбденов те мен барғанда қуанып кетті. «Восстонавлениеге» бұйрық шығарып, жатақхана бергізді. Стипендия тағайындалды. Алматыдағы өмір қайта басталды. Желтоқсаншы студентпін.
Солай, министрдің хатынан соң менің өмірім тоқсан градусқа өзгерді. Жалпы, қазақ зиялылары әсіресе институт басшылары, ұстаздар сол жылдары шарасыз болды. Мүмкіндігінше қолдау көрсетті де. Десе де қабылданған шешімдер басқаша болған. Әйтсе де «әліптің артын бағып» күн кештік.
«Тордағы арыстандай» жағдайдағы зиялы қауымның мүмкіндігі мен «тоңның жібуі» М.Шахановтың Мәскеудегі сөзінен кейін болды ғой. Соның мысалы, маған жасаған «Шаяхметовтың шапағаты» еді.
Жазып алған – Нұрлан СҮЙІН,
желтоқсаншы-журналист













