Семей қаласын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасуда

Семей қаласын дамыту  бағытындағы  жұмыстар жалғасуда

Абай облысы әкімінің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында Семей қаласының даму жоспары қаралды. Жиында қала әкімі Әділет Қожанбаев өңір орталығын жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.

Мемлекет басшысы айқындаған өңірлерді теңгерімді дамыту саясаты аясында Семейде инфрақұрылымды жаңғырту, инвестиция тарту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылуда.

Инвестиция тарту бойынша биыл жалпы құны 68,9 млрд теңгені құрайтын 14 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл бастамалар нәтижесінде 2 300-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, 2030 жылға дейін жалпы құны 112,8 млрд теңгені құрайтын 17 ірі инвестициялық жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Қаладағы құрылыс саласында да ілгерілеу бар. Қарағайлы шағын ауданында жаңа тұрғын үйлер салынып, инженерлік инфрақұрылым тартылуда. Көпқабатты үйлердің қасбеттерін жаңарту жұмыстары жалғасып, «Жарқын келешек» бастамасы аясында тұрғын кварталдарды реновациялау және қоғамдық кеңістіктерді дамыту көзделген.

Көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында нақты шаралар қолға алынған. Семейде жалпы ұзындығы 756 шақырым болатын 1 179 көше бар. Былтыр асфальтталған жолдардың үлесі 50 пайызға жетті. Биыл 100 көшеде орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ, аула аумақтарын абаттандыру жұмыстары жалғасып, өткен жылы 35 аула ретке келтірілсе, биыл 100 ауланы абаттандыру және асфальттау көзделген.

Қоғамдық көлік паркі кезең-кезеңімен жаңартылып, жыл соңына дейін жаңа автобустар сатып алу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Ертіс өзені арқылы өтетін көпірді жаңғырту, жол айрықтарын салу және жаңа өткелдер салу бағытындағы жобалар қарастырылған.

Қаланы көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары да назардан тыс қалмайды. Биыл 8 мың ағаш отырғызу жоспарланып, саябақтар мен жағалауларды жаңғырту жалғасуда. Жақын уақытта орталық алаңды толық жаңғырту жұмыстары басталады.

Коммуналдық қызметтердің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, арнайы техника сатып алынуда. Сонымен қатар, жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынып, спорт инфрақұрылымы дамып келеді.

Жиын барысында облыс әкімі қала дамуының басым бағыттарына тоқталып, бірқатар нақты тапсырмалар берді.

«Семей – тұңғыштар мекені, Алаштың астанасы, қойнауы құтты, тарихы тағылымды өлке. Кезінде Алаш арыстарының алтын бесігі, тарихы терең талайлы тағдырды бастан кешкен киелі шаһардың қазіргі таңда инфрақұрылымының ескіріп, тозып тұрғаны жасырын емес. Бүгін біз осы қасиетті мекеннің бет-бейнесін өзгертіп, заман талабына сай дамыту мәселесін пысықтадық. Семей облыс орталығы болғаннан кейін үнемі назарымызда болады. Биыл қаланы дамытуға айрықша мән беріп отырмыз. Тазалық жұмыстарын әлі де жандандыру қажет», – деді Берік Уәли.

Аймақ басшысы қала әкіміне мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасау, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау және экологиялық мәселелерді назарда ұстау қажеттігін тапсырды.

 

Сәруар ҚАБДОЛЛА
29.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25301
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24799
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42230
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38084
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42571