Семейде 1200 орындық мектеп салынады. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев пен «KAZ Minerals Management» ЖШС басқарма төрағасы Эльдар Мамедов әлеуметтік жобаны іске асыру мәселелері бойынша өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойды.
Меморандумға сәйкес, Абай облысының әкімдігі мектеп салу үшін жер телімін береді. Құрылыс аяқталғаннан кейін KAZ Minerals компаниясы білім беру объектісін әкімдіктің коммуналдық меншігіне өткізеді. Құрылыс құны жобалық-сметалық құжаттаманы дайындағаннан кейін анықталатын болады.
«Біздің облыста мектеп салу мәселесі өте өзекті. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласына сапары барысында өңір мектептерінде орын тапшылығы мәселесін шешуді тапсырды. Бүгінгі таңда облыс бойынша орын тапшылығы шамамен 9 мыңды құрайды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 11 мектеп салу жоспарлануда. Жаңа облысымыз үшін осындай маңызды жобаларды қолдауға дайын әлеуметтік бағдарланған компаниялардың болуы маңызды», – деп атап өтті облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.
«Kaz Minerals тобы үшін білім беру мәселесі әлеуметтік инвестициялар және тұрақты даму саласындағы басымдықтардың бірі болып қала береді. Қазіргі уақытта біздің жоғары және орта арнаулы оқу орындарымен ынтымақтастығымыз бар. Мектеп түлектеріне гранттар бөлеміз, жас мамандарды заманауи кәсіпорындарымызға одан әрі жұмысқа орналастыру мүмкіндігімен тағылымдама бағдарламасын іске асырамыз. Біз үшін аймақ жастарының дамуы маңызды. Мектеп құрылысы біздің үздіксіз білім беру тәсілімізге сәйкес келеді. Облыс мәртебесін алу өңір үшін әр салада, оның ішінде білім саласында да жаңа перспективаларды ашады», - деп атап өтті «KAZ Minerals Management» басқарма төрағасы Эльдар Мамедов.
Анықтама үшін: 2015-2021 жылдар аралығында қазіргі Абай облысының аудандарындағы әлеуметтік саланы қолдау шеңберінде Kaz Minerals тобы Семей қаласының ЖМЖА үй-жайларын, Жезкент кентінің ауруханасы мен мәдениет үйін, Аягөз ауданының аудандық ауруханасы үшін үй-жайларды жөндеуді және медициналық жабдықтарды жеткізуді, Семей қаласындағы балаларға арналған оңалту орталығына арналған үй-жайларды реконструкциялауды, Аягөз қаласындағы су тасқынынан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарын қаржыландырған. Сонымен қатар, компания көмегімен Аягөз қаласының политехникалық колледжне арналған 104 орындық жатақхана, спорттық интернаттың 200 орындық жатын корпусының ғимараты және Семей қаласындағы №1 БЖСМ ғимаратына қосымша күрес залын және т.б. салынды.