Семейде 40 мыңнан астам тұрғын ыстық сумен қамтылады

Семейде 40 мыңнан   астам тұрғын ыстық сумен қамтылады

Семей қаласында биыл алғаш рет жаз мезгілінде 40 мыңнан астам тұрғынды ыстық сумен қамту жоспарланып отыр. Бұл – облыс орталығында көп жылдан бері шешімін таппай келген мәселенің кезең-кезеңімен оң шешілуінің нәтижесі.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында өңірде жылу инфрақұрылымын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы жылыту маусымына дайындық кезінде 23 жылу көзі мен 22 шақырым жылу желісі жөнделді. Осы жұмыстардың нәтижесінде жаз мезгілінде ыстық су беру мүмкіндігі қалыптасты.

«Президент пен Үкіметтің қолдауының арқасында жылыту маусымына дайындық аясында республикалық бюджет пен Үкімет резервінен 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның ішінде облыс орталығына – 6 млрд теңге, Аягөз қаласына – 1 млрд теңге бағытталды. Семей қаласын жылумен үздіксіз қамту мақсатында 12 жылу көзіне ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді, оның ішінде қазандықтарды ауыстыру, жөндеу және тозған жабдықтарды жаңарту жүзеге асырылды. 13,6 шақырым тозған жылу желілері толық ауыстырылып, қайта жаңартылды. Осы жұмыстардың нәтижесінде биыл алғаш рет Семей қаласын жаз мезгілінде ыстық сумен қамтамасыз етуді қолға алып отырмыз. Мұндай жұмыс облыс орталығында бұрын-соңды қолға алынған жоқ. Жылу желілерін жаңғырту және ыстық сумен қамту деңгейін арттыру бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасады», – деді облыс әкімі Берік Уәли.

Бұл мәселе өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте де жан-жақты түсіндірілді. Семей қаласының әкімі Әділет Қожанбаев пен салалық басқарма өкілдері жазғы кезеңде ыстық су бірнеше жылу көздері арқылы кезең-кезеңімен берілетінін айтты.

Қазіргі таңда Семейде 1588 көпқабатты тұрғын үй бар, оның 1317-сі орталық жылу жүйесіне қосылған. Биыл жазда 600-ден астам көпқабатты үй, яғни 40 мыңнан астам абонент ыстық сумен қамтылады.

Сонымен қатар ішкі жылу желілерін жаңғырту жұмыстарына байланысты 96 тұрғын үйде ыстық су беру уақытша тоқтатылады. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін қызмет толық қалпына келтіріледі. Ал қаладағы 620 тұрғын үйде әлі ыстық су жүйесі жоқ, бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасады.

Жалпы, жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары өңірдегі жылу жүйесінің сенімділігін арттырып қана қоймай, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған.

Сәруар ҚАБДОЛЛА, Абай облысы
17.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24418
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24082
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41528
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37434
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41788