Оралда 25 тамыз күні ҚР Конституциясы мерекесіне және Кеңес әскерлерінің Германиядан шығарылған күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Оған облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Ғалиев қатысты.
Алдымен сөз алған «Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава келісім шарты әскерінің тобы ардагерлері» РҚБ Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының төрағасы Ұзақбай Жақсылықов кеш қонақтары мен қарулас достарын биылғы Референдумда өзгерістер енгізілген Ата Заң мерекесімен құттықтады. Сонымен бірге қоғамдық бірлестіктің мақсат-міндеттеріне тоқталып өтті.
Ардагерлерді айтулы мерекелерімен құттықтаған БҚО ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Ғалиев қоғамдық бірлестіктің аз уақыт ішінде ауқымды жұмыстар атқарғанын жеткізді.
«Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава келісім шарты әскерінің тобы ардагерлері» Батыс Қазақстан облыстық қоғамының төрағасы Едіге Кенжеғалиев жиналғандарды мерекемен құттықтап, ардагерлердің жұмысына сәттілік тіледі.
Орал қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасы басшысының тәрбие, патриоттық жұмыстар жөніндегі орынбасары Қуат Ахметқалиев Германиядағы Кеңес әскерлері тобының қатарында әскери борыштарын өтеген жерлестеріміздің соғыстан кейінгі жылдары елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға өз үлестерін қосқанын атап өтті.
Салтанатты шара барысында бір топ ардагер облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының және қала әкімінің алғыс хаттарымен, сондай-ақ түрлі мерейтойлық төсбелгілермен марапатталды.
Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава келісім шарты әскерінің тобы ардагерлері қашан да мемлекеттің саясатын қолдайтындарын айтып, жастарды отансүйгіштікке, аталар жолын ардақтауға шақырды. Салтанатты іс-шараны жергілікті көркемөнерпаздар әсем әуендермен, патриоттық әндермен көркемдеді.