Сарыарқа даласын дүбірге бөлеген V Көшпенділер ойынында Астанаға ағылған шетелдік қонақтар қазақ халқының ат жарыс, жамбы ату, көкпар сынды ұлттық ойындарын тамашалаумен қатар, қолөнерімен де танысты. Көрмеде ұлтымыздың құндылықтарын паш етуге атсалысып, рекорд жаңартқан «Аламан құрақ» жобасы болды. Еліміздің түкпір-түкірінен келген 450 ісмер жалпы көлемі 11 200 шаршы метрді құраған көздің жауын алатын көрпешелерді бір мезгілде құрап, жиналғандарды таңғалдырды. Бұл рекорд «КИНЭС» Қазақстан рекордтар кітабына енді.
Айта кетейік, көрпешелер ені бойынша 16 қатар 40 метр, ұзындығы бойынша 28 қатар 252 метр болды. Бір көрпе өлшемі 250/90 сантиметр. Осынау ісмер құрақшыларға арналған тың жобаға қатысуға өңірімізден Ақбілек Байтемірқызы шақырту алған болатын. Он саусағынан өнері тамған шебер дүбірлі додада өзінің қолөнерін көрсетіп, көпшілікке «Гауһартас», «Аламан», «Сынық мүйіз» құрақтары мен төрткұлақ қошқар мүйіз, өсімдік оюларын ұсынды. Ақбілек Байтемірқызы Созақ ауданы Ш. Уәлиханов атындағы жалпы орта мектепте оқушыларға «Көркем еңбек» пәнінен дәріс береді.