Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың спорттың бұқаралығын арттыру, осы жолда спорт кешендерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Ұлытау облысында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Осы уақытқа дейін «Намыс» спорт клубы ретінде жұмыс істеп келген орталық ендігі жерде спорт академиясы болып жабдықталуда.
Осылайша, қалалық деңгейде ғана жұмыс істеп келген спорт кешенінің екінші тынысы ашылып, ауқымы кеңеюде. Бұрынғы спорт залдың жанынан 2000 шаршы метр болатын әмбебап ғимарат және спортшыларға арналған 200 орындық жатақхана салынып жатыр. Нәтижесінде осы жылы Ұлытау облысының орталығында заманауи спорт академиясы пайда болады.
Ұлытау облысы әкімі Берік Әбдіғалиұлының құрылыс жұмыстарын бақылауы барысында академияның 600 баланы оқытуға қауқарлы болатыны айтылды. Өңір басшысы өз кезегінде тәрбиеленушілерді өңірдің барлық қала-ауылдарынан іріктеу қажет екенін айтты. Бұл орайда жергілікті жерлердегі спорт жетекшілері облыстық спорт басқармасымен бірлесіп жұмыс істеуді тапсырды. Сондай-ақ нысан аумағын абаттандыру жұмыстарын қазірден бастап қолға алуды, қоршауын жаңартуды жауапты тұлғаларға жүктеді.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 55 пайызы аяқталған. Ішкі, сыртқы жұмыстары қатар атқарылуда. Спорт академиясының ішінде асхана, әкімшілік басқару кабинеттері, жанкүйерлерге арналған бақылау залы орналасады. Нысан қазан айында қолдануға беріледі деп күтіліп отыр.