Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Азия даму банкі өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум жасасты. Құжатқа ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов пен Қазақстандағы АДБ өкілдігінің директоры Утсав Кумар қол қойды.
Меморандум су саласына инвестиция тарту бағытындағы екіжақты ынтымақтастықты көздейді. Атап айтқанда, инфрақұрылымды жаңғырту және салу бойынша жобаларды жүзеге асыру, АДБ қолдауымен іске асырылуы мүмкін басым жобалар тізімін жасау, кадрларды оқыту, тәжірибе алмасу және техникалық көмек көрсетуді қамтитын институционалдық әлеуетті арттыру, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыру және олардың орындалуын бақылау үшін үйлестіру орталықтарын құру қарастырылған.

Кездесуде Қазақстанның АДБ-ның «Мұздықтардан фермаларға» халықаралық бағдарламасына қатысу мәселесі де талқыланды. Бағдарлама мұздықтарды сақтау және олардың еруіне төзімділікті күшейту шараларын, соның ішінде ирригация жүйелерін жаңғыртуды көздейді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында министрлік Қазақстанның су саласын дамытуға инвестиция тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Бүгінде барлық ірі халықаралық қаржы институттарымен әріптестік орнатылған. Бүгін қол қойылған құжат АДБ-мен нәтижелі ынтымақтастығымыздың бастамасы болады деп сенемін. Сонымен қатар стратегиялық шешімдердің барлығы тек Қазақстанда қабылданатынын ерекше атап өткім келеді. Су ресурстары мен нысандарын шет мемлекеттердің басқаруына беру мәселесі ешқашан қарастырылған емес. Басты міндетіміз – азаматтардың мүддесін қорғау және елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.















