Астанада Қазақстанның су секторын дамыту бойынша серіктестердің Үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Іс-шараны БҰҰ Даму Бағдарламасының (БҰҰДБ) қолдауымен Су ресурстары және ирригация министрлігі ұйымдастырды. Оған БҰҰ, халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының өкілдері, сондай-ақ шетелдік даму агенттіктерінің, дипломатиялық корпус пен бизнес өкілдері қатысты.
Отырысқа қатысушылар Қазақстанның су ресурстарын басқарудағы әріптестікті, сондай-ақ стратегиялық әріптестікті және еліміздің су секторындағы басым бағыттарды талқылады. Үйлестіру кеңесі өкілдерінің баяндамаларынан кейін ашық микрофон форматында талқылау өтті. Спикерлер қолданыстағы су бастамалары жайлы айтып, жоспарланған жобаларды талқылады және үйлестіру кеңесінің жұмысы бойынша өз ұсыныстарымен бөлісті.
Сондай-ақ, отырыста БҰҰДБ Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп дайындаған 2024-2030 жылдарға арналған Су серіктестігі бастамасы жобасының тұсаукесері өтті. Құжат бірнеше бағыт бойынша нақты іс-шараларды қарастырады. Бұл су ресурстары бойынша ақпараттық жүйе әзірлеу, климаттық сын-тегеуріндерді ескеретін су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту, заманауи ирригациялық жүйелерді енгізу және трансшекаралық су ынтымақтастығы. «Үйлестіру кеңесі Қазақстанның су секторындағы ынтымақтастықты дамытуға үлкен серпін беретініне сенімдімін. Кеңес халықаралық серіктестермен білім мен тәжірибе алмасуда шешуші рөл атқарады. Бірлескен зерттеу, технология мен инновациялар сумен жабдықтау деңгейін және климаттың өзгеруіне төзімділікті арттыра алады. Үйлестіру кеңесі мемлекеттік және жеке сектор арасында әріптестікті қалыптастырудың маңызды тұғырнамасы болады. Оны құру іске асыру үшін басым бағыттар мен ресурстарды неғұрлым нақты айқындауға мүмкіндік береді. Біз серіктестерімізді ротациялық негізде кеңесте бірлесіп төрағалық етуге шақырамыз. Биыл біз осы рөлді БҰҰ Даму бағдарламасына ұсынамыз», — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Бұған дейін СРИМ Қазақстанда су секторын дамыту бойынша серіктестердің Үйлестіру кеңесі құрылғаны туралы хабарлаған еді. Оған Су ресурстары және ирригация министрлігінің, БҰҰ Даму Бағдарламасының (БҰҰДБ) және басқа да халықаралық ұйымдардың, қаржы институттарының, донорлық қауымдастықтардың және басқа да бірқатар құрылымдардың өкілдері кіреді.