Көктем шыға Қазақстан билігі әбігерге түседі. Олардың жадыраған көңіл күйін түсіретін – су тасқыны баяғы. Бәріне сол кінәлі! Көктем шыға ақырындап еріп, жерге сіңіп кетсе болады ғой. Жоқ, өйтпейді. Қас қылғандай жылда қар суы қызыл су боп көтеріліп, сел жүреді. Қар күрт еріген жылдары тіпті сойқан. Бой бермей кетеді. Арнасынан асқан өзендер бөгеттерді бұзып, көпірлерді қиратып, үйлерді құлатып таптап өтеді. Ауылды басқан сел-тасқыннан халық дүрліге көшеді. Төрт түлік тым-тырақай қашады. Бірін-бірі басады. Қырылады. Тірі қалғандары мойындары қылтиып ағыспен бірге ығып бара жатады көздері жәутеңдеп. Үйінің шатырына шығып алып жан сақтаған, болмаса суға толған үйінің ішінде қайықпен жүзіп жүрген қазақты көретінің осы көктем айында. Кино көргендей боласың. Артынан жабығасың, қамығасың! Неге жылда бұлай қайталана береді деген сауал миыңның ішін бұрғылайды. Тыным тапқызбай тұла бойыңды ұрғылайды.
Обалы нешік, қар суы алқымдап, су тасқыны қарқындап, қиналған жұрт көрген-білгенін әлеуметтік желілерге көптеп сала бастағанда, шошып кеткен Үкімет жедел бас қосады. Бұрын-соңды мұндайды көрмегендей қабақтары қатуланып, маңдайлары жиырылып, ашуға мінеді. Су тасқынының алдын алмаған әкім-қараларды тұрғызып қойып біраз сыбап, сөзбен «сабап», қатаң ескерту беріледі. Жанталаса төтенше жағдай жариялайды. Әйда, жанталас тірлік басталады. Бұған халықтың көзі үйренген ғой. Күле қарайды, былай шыға бере сыбайды. Ішінен тынып жүре береді. Кейбіреулері жырқ-жырқ етіп күле береді. Отыз жыл өтсе де бір жүйеге келе алмай жатқан, жемқорлыққа батқан саланың бірі осы жақта! Әйтпесе алдын ала қарекет жасауға не кедергі? Қара жердің үстінде отырып, тасқын суды құрықтай алмай жатқан біздің тірлігімізге, мұхиттың үстінде қалт-құлт етіп отырса да дамудың шыңына шыққан Жапония таңырқай қарайды. Цунамидің өзіне бой бермейтін, 7-8 балл жер сілкінісіне теңселмейтін зәулім үйлері бар олар «шалшық сумен алысқан» Қазақияның тірлігіне күлетіні анық. Сыпайы халық қой, бірақ білдірмейді.
31 наурыз, жексенбі күні Премьер-министр Олжас Бектенов су тасқынының салдарын жою жөніндегі республикалық штаб отырысын өткізді. Штаб 30 наурыз күнгі Президент Тоқаев өткізген шұғыл кеңестен кейін құрылды. Штаб жетекшісі болып Олжас Бектенов тағайындалды.
31 наурыз күнгі штаб отырысында төтенше жағдайдағы аумақтан 11 306 адам эвакуацияланғаны, 5 мыңнан астам адам уақытша пунктерде тұрып жатқаны айтылды. Ресми мәлімет бойынша, су 40 автожолды шайып кеткен, арасында бір көпір де бар. Биліктің хабарлауынша, төтенше аймақтағы халыққа көмек 24 сағат беріліп жатыр. Су тасқынының салдарын жоюмен 7 мыңнан астам адам айналысып жатыр, 2 мыңнан астам техника жұмылдырылған. Бұлар: су сорғыш техника, тікұшақ, кемелер.
Ресми ақпарат болғасын, айтылғандарға сенеміз. Алайда шалғай өңірдегі ағайын биліктен көмек күтпей-ақ, су тасқынынан өз күштерімен қорғанып жатқаны да жасырын емес. Қаншама үй қирап, қаншама жол бүлінгенін нақты ешкім айта алмайды. Қаншама бас малдың суға ағып кеткені де белгісіз әлі. Ең қуанарлығы, адам шығыны жоқ деген мәлімет әйтеуір көңілге демеу!
Әсіресе Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Түркістан, Ұлытау, Павлодар, Қарағанды, Солтүсттік Қазақстан, Ақмола және Абай облыстарындағы су қарқыны алапат. Соңғы деректер бойынша су тасқынынан зардап шеккен аймақтардан қазір шамамен 3,2 миллион текше метрден астам су сорылды. Табиғи апаттан БҚО, Ақтөбе және Қостанай облыстары айтарлықтай зардап шегіп отыр. Осы өңірлердің шағын-шағын ауыл жұрты төрт түлігін қырға айдап, үй-жайын су астына қалдырып кетуде. Оларға әлі күнге толық көмек жеткен жоқ. Тик-ток т.б. әлеуметтік желілерде бәрі тұр. Жүрегің ауырады. Кім кінәлі?
Біздің елде жылда қайталанатын су тасқынының қауіп-қатерінің алдын алуға енжарлық басым. Көлшіктер тазартылмайды, дамбалар салынбайды. Бөгеттер аршылмайды. Өткелдер кеңейтілмейді. Мұздар жарылмайды. Көп қой айта берсек. Әкімдер жалтақ. Бәрі болмаса да көбі. Аудан әкіміне қарайлайды, аудандағы басшы облыстан тапсырма күтеді. Өміріміз осылай өтіп жатыр. Ақша да солай бөлінеді. Өзінде қаржы жоқ әкім – қолы байланған әкім. Түк те істей алмайды. Ақша бөлінсе де, жартысы жолда талан-таражға түседі.
Түсіне білгенге адам тағдыры ойыншық емес қой. Су тасқыны мемлекетке де қаншама шығын әкеледі. Кінәлілер неге жазасын алмайды осы?
Естеріңізге салайын, 27 наурыз күні Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында «Бір үйді су алса да үлкен қайғы, ал қазір жарты миллион адамның өмірі қыл үстінде тұр» деп шыр-шыр етті. Керек десеңіз, ол Үкімет пен әкімдіктерді көктемгі табиғи апатқа дайын емес деп сынады. Депутаттың жанайқайын құлағына қыстырған кім бар? Депутаттар халықтың сөзін айтады дейміз, алайда олардың сөзіне кім құлақ асып жатыр? Егер құлақ асқанда, төтенше жағдай бұдан да ертерек жарияланып, қаншама қауіп пен қатердің алдын алар едік. «Әттең, тонның келтесі-ай!» деген осы.
Ютуб каналында Қазақстанда су тасқынының болатынын агросарапшы Кирилл Павлов деген азамат ғарыш ақпаратына сүйеніп, бір ай бұрын хабарлады. Тіпті әр облыстың, әр ауданның картасын көрсетіп, датасына дейін айтып «мына тұстарда ерекше қарғын су болады, жергілікті әкімшілік қамсыз болмасын» деп нақты ескертіп отырды. Жай халық көрген бұл дүниені қырағы биліктің көрмей қалғаны сүйегіне таңба! Атына ұят. «Бізде мүмкіндіктің бәрі бар, мамандар да жеткілікті, тек істеп тастайтын ниет жоқ!!! Әр көктемде осылай суға кетеміз. Ал, жазда «су жоқ, су жетпей жатыр» деп жылаймыз. Судың қадірін білетін елдер, су жетпейтін елдер көктен түсетін ылғалдың бәрін қағып ап, сақтап, бөліп беріп отыр еліне. Суға жақын, қарғынға кетуі мүмкін елді мекендерді биік дуалмен қоршау, ағыс жолдарын зерттеп ауылға соқпайтындай қам жасау, сосын үлкен көлемдегі суды жинай алатын қоймалар жасау қиын да, қымбат та емес! Бір ғана Ертістің өзіне 23-25 миллиард текше метр суды ағызып жібереміз. Ал, осы сумен қаншама гектар ауылшаруашылық жерін суландыруға болар еді?! Біз «аш құлақтан тыныш құлақ» деп құтылғанға мәзбіз, ағызып жіберіп қарап отырамыз. Өйткені біз әлі судың қадірін ұқпаймыз! Бағасын білмейміз! Төтенше жағдай кезінде бір көзден сатып алуға мүмкіндік беріледі. Ал, бұл өңірлер үшін нағыз ақша жасап қалатын майшелпектің кезі, бұл – бір! Екіншіден, жыл сайын тасқыннан соң миллиардтаған теңге бөлініп, зардаптарды жоюға жұмсалады. Сол қаражатты мақсатына пайдаланып, қалтаға баспай, өзара бөлмей, келесі жылы болуы мүмкін тасқынға дайындалатын басшылар бізде жоқ!» – деді Кирилл мырза! Өтірік пе айтқаны? Шындық! Енді осыны болдырмаудың жолын ойлауы керек жаңа Үкімет басшысы Олжас Бектенов. Жаңа Қазақстанға сонда ғана халықтың сенімі күшейеді. Ілтипаты артады.
Әлеуметтік желіде Айбар Олжаев атты азамат мысқыл аралас жазба қалдырды. «Қазақстан биылғы су тасқынының алдын алуға 2023 жылдың ортасынан бастап кемінде 45 миллиард теңге жұмсаған. Жүзден астам жиналыстар өткен. Нәтижесі жаман емес: 40 автожол мен көпірді, оннан астам ауылды толық су шайып кетіп, 11 мың адам өз үйін тастап шығып, эвакуацияланды. Тоғыз облыс су астында қалды. Басты мақсат апаттың алдын алуға кеткен шығыннан сол апат салдарын жоюға кететін қаржының анағұрлым көп болуын қамтамасыз ету және оны алақанды ысқылап тұрып «игеру» деп түсінсек, ол мақсат биыл да артығымен орындалмақ», – депті. Ащы да болса шындық осы! Қаншама қырғын ақша бюджеттен түрлі жолмен шығып алып, сыбайлас-жемқорлықтың қанжығасында кетіп жатыр. Мұны халықтың бәрі біліп отыр. Бұл күн де өтер. Тек су тасқынының зардабын тартқан ел қалар. Олардың табиғи апаттан болған, басшылардың енжарлығынан орын алған шығындарын, мысалы дүние-мүліктері мен үй-жайларын кім өтейді? Әрине, мемлекет.
Назарларыңызға:
31 наурызда «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев пен су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың төрағасы Олжас Бектеновтің кездесуі өтті. Бұл туралы ақпарат қордың Instagram-дағы парақшасына жарияланды. «Тұжырымдамаға сәйкес, қор мақсаттарының бірі – төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен халыққа көмек көрсету. Осыған орай, қор жалпы сомасы 5 млрд теңгеге Қазақстанның бірқатар өңірінде су тасқыны салдарынан зардап шеккен үйлердің құрылысына қолдау көрсетеді. Қайырымдылық көмек жергілікті атқарушы органдардың объективті тексеруі және ауылдық жердегі тұрғын үйді тиісті сараптама ұйымдары жарамсыз деп таныған жағдайда көрсетіледі. Растайтын құжаттар алынғаннан кейін қордың ішінде шешімді бекітудің тиісті рәсімдері жүргізілетін болады», – делінген хабарламада. Сонымен қатар, 2022 жылдың сәуір айында Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданына жасалған қайырымдылық көмек көрсету тәжірибесіне сүйене отырып, қор су тасқынынан зардап шеккен ауылдық елді мекендерде 200 үй салуға болады деп есептейді. «Қазақстан халқына» қоры Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ел Үкіметінің су тасқыны жағдайын тұрақтандыруға бағытталған барлық іс-шараларын қолдайтынын жеткізді.
Соңғы ақпараттарға көз жүгіртсек, су тасқынынан келген зардап шығынын жергілікті атқару органдары заңда белгіленген тәртіппен өтейді деп айтылуда. Меніңше, бүгінгі жемқорлық жайлаған қоғамда қыруар ақшаны жергілікті атқарушы органдарға сеніп бере салуға болмайды. Ертең ел арасында дау-жанжал, ұрыс-керіс кең етек жаярына күмәнім жоқ. Оны болдырмаудың бір жолы адал жандардан құрылған комиссия әр ауылда жата-жастанып, барлық шығынды асықпай хаттап, әділдіктің салтанат құруына жол ашуы тиіс. Қажет ақша кейін Ұлттық қордан болмаса бюджеттен жеке шоттарға аударылса, нұр үстіне нұр.
Коррупция тыйылмаса, су басу тоқтамайды. Мысалы, былтыр қардан тазалау және тасқынға қарсы шараларға бірнеше миллиардтар бөлінген. Ол ақша қайда жұмсалды, істерінің нәтижесі қайда?..
Су қоймалары ауылдық әкімшіліктің, тіпті, жекеменшіктің қолында. Олар 30 жылдан бері есепке алынбаған, тексеріп, бақылауға алынбаған. Бұл салғырттықтың зардабы үлкен. Тіпті жекеменшік кәсіпкер мен ауыл әкімшілігі қам жасар еді десек те, оларда техника жоқ, күштері жетпейді. Нәтижесінде елді су басып, халық қиналуда. Сәуір айының бірінші жартысы жауые-шашынды болады. Әлемде табиғи апаттар болып жатыр. Әлі де су басу апаты қинайтын түрі бар.
Сөз соңында айтарым, ел күйзеліп жатыр. Шалғай елді мекендердегі еркек кіндіктілер үйлерін тастап, далада мал күзетіп жүр. Үй-жайлары, қора-қопсылары құлауда. Әйел заты аудан, ауылда көшіп-қонып жүр. Бүрсең қаққан балалар қаншама. Табиғат апаты ешкімді аяйтын емес. Түн салқын. Күн ызғарлы. Оған судың салқын желін қосыңыз!
Еланасы ретінде су тасқынынан зардап шеккен халыққа сабырлылық тілеймін! Бұл да бір сынақ болар. Қай кезде де қиындықтың артында бір жеңілдік, қайғының артында бір қуаныш тұрады емес пе! Бұл күн де өтер. Ел басшылары бұдан сабақ алар.Табалаушыдан емеспін, жазықтылар жазаланар. Әйтеуір еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Бүліктен аулақ болайық! Күдіктен алыс қонайық! Мұндай сынақ енді басқа келмесін, үміт сәулесі сөнбесін!
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ,
ҚР Еңбегі сіңген қайраткер