Облыста Мемлекет басшысының тапсырмасына сай су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың баспана мәселесі жедел шешілуде. «Бірлік» жаңа шағынауданының құрылысына 1,5 мың адам жұмылдырылған. Осыдан екі апта бұрын 53 отбасы алғашқы жаңа үйлердің иесі атанған болатын. Енді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев, СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен «Қазақстан халқына» қоры төрағасының орынбасары Ляззат Чинкисбаеваның қатысуымен 47 үйдің кілтін тапсыру рәсімі өтті. Тапсырылатын баспаналар бірінші кезектегі қажетті жиһаздармен, тұрмыстық техникалармен қамтамасыз етілген. Демеушілердің қаржысына осы ауданда 600 үйдің құрылысы жалғасуда. Барлық үйлер құрылыс кестесіне сәйкес қолданысқа беріледі. Аталмыш рәсімнен кейін Қанат Бозымбаев жаңа үйлерді аралап, Ғалия Хамзина және Александр Ошмаровтың отбасыларын қоныс тоймен құттықтады. Бүгінге дейін «Бірлік» шағынауданынан жаңа үй алуға 500-ге жуық отбасы өтініш білдірді. Осы жерде «жайлы мектеп» құрылысы қызу қарқында жүргізілуде. Ол жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, екінші нарықтан зардап шеккендерге 400 пәтер сатып алынды. Салтанатты рәсімнен кейін Вице-премьер Петропавл және Қызылжар ауданында инфрақұрылымды қалыпқа келтіру және үйлерді жөндеу барысымен танысып, зардап шеккен тұрғындармен кездесті. Бүгінгі күні механикалық бригадалар қатарында барлығы 600 адам еңбек етуде.