Орал қаласында қайырымдылық айлығы аясындағы ізгілікті іс-шаралар жалғасуда. Қала іргесіндегі Круглоозерный кентінде орналасқан «Шұғыла» балалар аула клубының ұжымы да игілікті шараға өз үлестерін қосты.
Айналадағы адамдарға қуаныш сыйлауға ұмтылып, қоғамды адамгершілікке шақырған «шұғылалық» балдырғандар мен жетекшілері кент әкімдігінің қолдауымен қайырымдылық айлығы аясында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырды. Солардың бірі – «Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету» орталығында ұйымдастырылған «Мейірімді жүрек – мейірімді әлем» атты кеш. Мұнда «Шұғыла» аула клубының тәрбиеленушілері мен «Қазына» көпұлтты әжелер ансамблі өнер көрсетіп, көрерменнің қошеметіне бөленді. Шара соңында сөз алған орталық басшысы М.Кенесарин аула клубымыздың ұжымына арнайы алғыс хат табыстады.
Сонымен бірге «Қариялар күніне» орай «Қарттарым – қазынам» атты мерекелік кеш өтті. Кеш барысында аула клубымыздың меңгерушісі Әсел Нұрланқызы қарияларға ізгі тілегін арнаса, Анаргүл Серікқызы «Алтын қолдар» қолөнер үйірмесінің шәкірттері жасаған әртүрлі сәндік бұйымдарды ата-әжелерімізге табыс етті. Бұл кештің ең айшықты сәттерінің бірі – Фарзана Жұмағалиқызының «Қазына» көпұлтты әжелер ансамблінің музыкамен сүйемелдеушісі Темірболат Хамитұлына баян аспабын сыйлауы болды. Қазақ әуелден қарттарын қадірлеген ел емес пе?! Ұжымымыз бен кешке атсалысқан баршаның бұл ісі мен ықыласы көпке үлгі болары сөзсіз.
«Шұғылалықтардың» «Эверест» балаларды дамыту және шығармашылық орталығымен бірлесе ұйымдастырған қайырымдылық айының келесі шарасы ерекше күтімдегі балаларға арналды. «Ата-ана» мейрамханасында арнайы дастархан жайылып, балдырғандар өз өнерлерін ортаға салды, түрлі ойындар ойнады. Дәл осындай іс-шара кент әкімдігі аппаратының ұйымдастыруымен «Айгүл» кафесінде өтті. Аула клубымыздың балғын өнерпаздары мен «Қазына» көпұлтты әжелер ансамблі ұжымы қарияларға дастархан жайылып, ерекше құрмет көрсетілген бұл кештің сәнін кіргізді.
Жақсылық – адамшылықтың белгісі. Әркім өзінің қал-қадері жеткенше, жақсылық жасайды. Ең бастысы, оның шын ниеттен, таза пейілмен жасалғаны. Бүлдіршіндеріміздің бақытты балалық шағының болуы, қарияларымыздың қарттықтың қызығын көруі – біз үшін үлкен қуаныш. Көңілі мен пейілі дархан даладай кең адамдар барлығына бірдей нұрын шашқысы кеп тұрады. Біз, «шұғылалықтар» да, дәл солай айналаға өз шұғыламызды тараттық.